Музыканттар арасында айтыла беретін күлкілі бір әңгіме бар. Бірде Бетховеннің "Героикалық" симфониясының орындауына орай берілген қонақасы үстінен Чикаго қаласының мэрі авторға көпшік қоя сөйлегісі келіп, "қалада мұндай дүние тудыра аларлық әрі кетсе бес-он адам ғана табылуы мүмкін" депті жиналғандарға қарап. Тыңдап отырғандардың біразы көздерімен жер шұқиды. Ондай-ондай "сыншылар" бола беретіні белгілі, бірақ ұлы композиторлар дүниеге жиі келе бермейтіні және ақиқат еді.
Бетховеннің дәл туған күнін ешкім білмейді. Ол кезде төменгі тап өкілдері сәбилерінің туған күні дәлме-дәл қағазға түсе бермейтін. Оның есесіне Бонндағы сарай музыканты ван Бетховеннің атасының есімі қойылған бұл бала осы үйдегі екінші Людовик еді: оның екі жас үлкен ағасы сәби кезінде шетінеп кеткен болатын.
Оркестранттар мен әншілер әулетінде музыкаға қабілетті балалар бола беретіні заңды ғой, бірақ мына балдырған Людовиктің дарыны жұрт назарын бірден аударған.
Әйгілі Моцарттың да осындай кезінде даңқы шыққанын білетін әкесі, өкінішке орай, кішкентай Людовикке тыным таптырмай, тіпті түн ортасына дейін жаттығуды талап ететін. Басқа біреу ғой әбден зәрезап болып, музыкадан ат-тонын ала қашар еді. Ал Людовик болса тек әкесін жек көрумен ғана шектелді. Кім білсін, әртүрлі аспаптан шығатын құдіретті әуен оның жігеріне жігер қосып, талантын шыңдай түскен де болар. Өйткені ол көбейту кестесін жаттап жарытпады. Грамматиканы ұнатпағаны сондай, бірде-бір тыныс белгісін дұрыс қоя білмейтін, тіпті арнайы орта білім де ала алған жоқ. Оның үстіне ішімдікке салынған әкесі отбасын асырай алмайтын халге жеткен.
Бірақ жасөспірім Людовик Бетховен он жасында контрапункт өнерін еркін меңгеріп, он екі жасында сазгерлікке ден қойды, ал он төрт жасынан бастап Курфюрат сарайының органшысы ретінде қызметке қабылданды.
Әйтсе де, оның сарайдағы тәрбиешісі композитор Нефе данышпан шәкіртінің көңіліне қарамай-ақ оған әзірге тәртіп пен қарапайым мәдениеттің өзі жетпей жатқанын құлағына құюмен болды. Соның әсері болар, жас жігіт композиция заңдылығын терең түсініп қана қоймай, өз бетімен оқып, латын, француз, италия тілдерін үйреніп шығады.
Оған шынында да салқын сабыр, ұстамдылық, кісі көңіліне қарау жағы жетіңкіремейтін, ал тәуелсіздікті қалайтын тік мінез тәкаппарлығы салдарынан өз жауларының қатарын көбейте түсіп отырды. Өз дегенінен басқаға көнбейтін, ымыраға келу дегенді білмейтін. Кішкентай бала кезінің өзінде Нидерландыға гастрольге барудан үзілді-кесілді бас тартып, әкесін бір таңырқатқаны бар еді. Оның ойынша, голландықтар барып тұрған надан да сараң болып есептеледі екен.
Гайднмен өткізілген сабақтары да ел күткендегідей жемісті бола қоймады, ұстаз бен шәкірт арасындағы салқындық көзге ұрып-ақ тұратын. Тіпті әріптестерінің операсын тыңдау үстінде Бетховен оны "қолдағандай" болып: "Спектаклің маған өте ұнады, мен тегі музыкасын жазатын шығармын", – деп салады. Ал тағы бір ашу үстінде елге әйгілі қалталы меценатқа: "Князь! Сені кісі еткен кездейсоқтық пен ата тегің, ал мені ел қатарына қосқан талантым мен еңбегім. Князь деген көп, әлі де туа береді, ал Бетховен біреу ғана", – дегені бар.
Тас керең болып қалғанға дейін оның есту қабілеті соншалық нәзік еді. Бұл дерттің себебін ешкім білмейді, біреулері безгектен болды дейді, біреулері ми шайқалуының зардабы дегенді айтады, үшінші біреулері есту жүйесінің склерозға айналуы деп те жүрген. Отыз жасында ол ауруын жасырып-ақ бағады. Бірақ күрт асқынып кеткен кереңдік, ел көзіне байқалмай қала алмады... Ешбір дәрі-дәрмектің пайдасы болмады, ал сәтсіз қолданылған вибротерапиясы ақыры тас керең етіп шығарды. Бастапқы кезде достарымен арнаулы түтік арқылы сөйлесіп жүрді, кейіннен кереңдерге арналған дәптерді пайдаланды. Бірақ не десек те, сол сұмдық дертті өзі данышпан шабытына бөгет бола алған жоқ. Күннен күнге шығармашылығы үдей түсіп отырды.
Жеке өмірі де сәтті бола қоймады. Елдің бәрі алақанына сала қадірлеген, кез келген сән мен салтанат сарайының қадірлі қонағы ретінде ол әлденеше рет жап-жас ақсүйек қыздарға қырындап көреді, бірақ бірде-біреуіне қолы жете қоймай, тек қайғы мен мұңға кезікті. Әйгілі "Ай" сонатасын арнаған графиния Гвиччарда өзін-өзі композитор санаған дарынсыз бір сылқым жігітті қалағаны былай тұрсын, тіпті соған көңіл білдіріп қана қоймай, оны елде жоқ музыкант ретінде де танығаны Бетховеннің жанына күйік болып жабысып, қабырғасына қатты батты. Әрдайым оның атақ-даңқын пайдаланудан басқаны ойламайтын бауырларымен де тіл таба алмады, араларында ешбір жақындық болмаған күйі өтті. Ең жақсы көретін жиені Карл ағасының ақшасын картаға ұтқызып, қарызданып, оның өмірінің ақырғы жылдарында ұдайы жүйкесін жұқартумен болды. Бірақ ең сұмдығы – түк естімес тас кереңге айналуы еді. Өзінің Тоғызыншы симфониясының премьерасында дирижер пультінде тұрғанымен оркестірді басқарған оның сол жағын ала екі адым жерде тұрған басқа капельмейстер болатын. Автор өз музыкасын да, зал ішін жаңғыртқан ұзақ қол шапалақтауды да естіген жоқ.
Ол содан кейін екі жыл өмір сүріп, наурыз айында бұрын Венада болып көрмеген дауыл кезінде қайтыс болды. Өлер алдында: "Мен ғайыптан еститін болам әлі", – деп сыбырлап жатыпты.
Секен Талапкер