Бүгін – белгілі жазушы, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлы туған күн. Осы орайда жазушының өмірлік жары Зейнеп Ахметованың "Әзіліңді сағындық" атты кітабынан жылы естеліктер ұсынуды жөн көрдік.
Алғашында бұл кітап "Бәкеңнің бірқақпайлары" деп аталмақ болған екен. Ондағы уытты әрі ащы әзілдерді Зейнеп апамыз Бақытжан ағаның көзі тірі кезінен бастап-ақ қағазға түсіре бастапты.
****
Кіші немереміз Мадияр: "Әже, әже!" - деп мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр.
– Бұл үйде мені Мадияр ғана осылай жақсы көреді, - дедім жүрегім елжіреп.
– Әжесі-ау, ол әлі кішкентай ғой, - дегені атасы маған қарап.
****
– Неге екенін білмеймін, түсіме кілең әйелдер жиі кіретін болды, - деді Баха.
– Ондай кезде "бисмилла, бисмилла" деп оянып кет. Шайтандар ғой түсіңе кіріп мазалап жүрген, - дедім әдейі өзінің сөзіне орай.
Сол күні түскі асқа шақырайын деп бөлмесіне кірсем, ұйықтап қалған екен.
– Баха! Баха! – деп ақырын ғана иығынан сипалап оята бастап едім, көзін кең ашып қарады да:
– Бисмилла, бисмилла! – деп мен жаққа қарап, қолын сермеп-сермеп жіберді.
****
Төлеген мен Қыз Жібектің – Құман мен Меруерттің шаңырағында қонақтықта отырмыз. Сөз кезегін Бақытжанға бергенде, қасында отырған Шерхан аға – Шерхан Мұртаза:
– Тікірейген шашыңнан айналайын! – деп інісінің басынан сипады. Сонда Бәкең сөзін тост сөйлеуден емес, басқа бір әңгімеден бастады:
– Аға, жақында мен жан-тән туралы жазылған бір кітап оқыдым. Сонда айтады, адам өмірге келгенде, яғни туыла салып, екі періште қасына келеді екен де, баланың бүкіл алдағы өмір тіршілігін, тағдырын кезек-кезек айтып береді екен. Бірақ қырқынан шығарған соң, бала оның бәрін ұмытады екен. Ал мен ұмытпадым. Періштелер "Әкең – Бауыржан, әйелің – Зейнеп болады" дегенде, төбе шашым тік тұрды да, сол күйі жатпай қалды, – деді.
****
– Фонограммамен ән айтатын әншілерге сахнаға гүл алып шығып, оны иіскетіп, бірақ бермей қайтып әкету керек, - дейтін Бәкең.
****
Ауылда тұратын бір руласымыздың Алматыда оқитын қызы үйімізге келіп-кетіп жүретін. Бір күні сол қыз тұрмысқа шықты. Арада жарты жылдай уақыт өткенде қызымыз:
– Сүйіп қосылып едік, енді қарасам дұрыс жұмысы да жоқ екен, тапқаны тамағымыздан артылмайды. Әбден тарығып, жүдеп кеттім... - деп шағынды. Оған Бәкең:
– Айналайын-ай, мұқтаждық есігіңнен қарағанда, махаббат терезеден секіріп кеткен екен ғой, - деді.
****
Телефон сылдырлағанда, Бәкең барып алды да, амандық-саулық сұрасып жатты.
– Асқардың жағдайы қалай, сабағы жақсы ма? – дегенде, звондап тұрған адам осы үйге етене жақын адам болып кеткен Айгүл Болатханқызы екенін ұқтым. Асқар – оның ұлы.
Ар жақтан менің халімді сұрады білем, Бәкең:
– Қазір тойға шақырулар көп, апаң сайрандап жүр, тамақ жасауды қойды. Бір күн тойға барамыз, ертесінде тойдан әкелген сарқытты жейміз, - деді.
****
Бақытжан өте балажан, кез келген сәбиге жүрегі елжіреп еркелететін мейірбан жан еді. Балаға қол көтеру, зекіп, көңілін қалдыруды күнә санайтын. Ол баламен бала болып ойнап, бала болып сөйлесіп тілін табатын.
Машинкасын тықылдатып жұмысын істеп отырған әкесінің қасына Ержан кіріп келіп:
– Папа, адамның сегіз қолы болса, не істейді? – деді. Әлі мектепке бармаған кішкене кезі болатын.
– Адамның сегіз қолы болса, сабын жетпес еді.
– Ал екі басы болса ше? – деп Ержан қояр емес.
– Онда, әкесі жұмыс істегенде бөгет болмай, екі бас бір-бірімен әңгімелесіп отырар еді, - деп жауап берді әкесі.