- Негізгі бет
- Тұлға
- Айнұр Ысқақованың жүрекпен...
Айнұр Ысқақованың жүрекпен салған суреттері
Бейнелеу өнерінің көркемдігін екінің бірі бағалай алмайды. Ол үшін терең шығармашылық білім мен тұнық ой қажет. Ар ма, ағайын! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жастайынан қолынан қылқаламын тастамайтын ерекше дарын иесі Айнұр Ысқақова. Айнұр қара шаңырақ Ұлттық университетіміздің 3 курс білімгері. Мамандығы шетел тілдерін меңгеру болса да, менің қалауым сызу мен бояу дейді. Ал олай болса, жас қаламгермен болған сұқбатты тыңдап көрелік.
Массагет: Сіздің ғажайып өнеріңіз Алматыны таңқалдырып отыр. Осындай дарынның иесі екеніңізді қай кезден бастап ұғына бастадыңыз?
Айнұр: Ес білгелі қолымнан қаламның түспегенін әкемнің айтып отыратыны бар. Сурет салсам, айналама деген ықыласымды, өз сезімімді ешбір сөзсіз, дыбыссыз білдіргендей боламын. Әсіресе, көшірмесіз өз қиялымнан салғанды бала кезімнен ұнатамын.
Массагет: Пикассо айтады ғой: "Барлық адамдар балалық шағында суретші болады. Дегенмен біршамасы ғана өскенде сол бағытынан айнымайды". Бала кезіңізде суретші боламын деп ойладыңыз ба?
Айнұр: Иә, бала күнімнен суретші болуды армандайтынмын. Сол кездегі қаламның ұшымен түрткендерімді анашым үйде сақтап жүр. Алғашқы сызбаларымды қараған сайын жігерленемін, өнерге деген қызығушылығым арта түседі.
Массагет: Арнайы оқу үйірмесіне қатыстыңыз ба?
Айнұр: Мен өзім туып өскен Жамбыл облысы, Меркі ауданында орын тепкен "Үміт" деп аталатын дарынды балаларға арналған мәдениет үйіндегі бейнелеу өнері үйірмесіне 3 жыл бойы қатыстым. Алғашқы ұстаздарым Дина Айтжанқызы мен Бекзат Байтөреқызы бізді тек сурет салуға емес, сонымен қатар, тігін тігуге, мүсін жасауға, дизайн мен қолөнерге үйретті.
Массагет: Ал өз жанұяңызда немесе тегіңізде қолынан өнердің балы тамған тұлғалар болды ма?
Айнұр: Менің Ысқақ атам түрлі өнердің басын қосқан дейді. Ол сурет салумен қатар өлең жазып, ән айтқан, тіпті тәп-тәуір театрдың актері болған екен. Туыстарым атама тартып сурет салып жүргенімді жиі айтады.
Массагет: Бүгінгі күнге дейін жеке көрмеңізді халық алдына көрсетіп көрдіңіз бе? Әлде ортақ көрмелерде бой көтердіңіз бе?
Айнұр: Мектеп қабырғасында көптеп көрмелерге қатысып, жеке шығармашылық көрмемді де ұйымдастырғанмын. Атап өтсек, Орта Азия және ЮНЕСКО көлемінде "Балалар әлемді бейнелейді" және халықаралық "Жасыл әлем балалар көзімен" атты байқаулардың лауреаты атандым. Осыдан екі жыл бұрын өз факультетімізде жоспарлы көрмеге қатысып, Астанада өтетін Суретшілер Одағының басшылығымен ұйымдастырылғалы жатқан жобаға жолдама алғанмын. Тағы да Ұлттық арнамыздың "Таңшолпан" бағдарламасы өткізетін дәстүрлі "Шеберхана" байқауында 2 орынды қанағат тұттым.
Массагет: Суреттеріңізді көріп тамсанып отырмын. Еңбектеріңізге қызығушылық танытып, сатып алғысы келгендер болды ма? Болса, қанша сома ұсынды, егер құпия болмаса?
Айнұр: Оныңызға рақмет. Менің суреттерімнің өзге адамдардың көңілінен шыққаны маған үлкен демеу болады. Суреттерімді достарыма және туысқандарыма сыйға тартқанды ұнатамын. Арнайы тапсырыстар да болып тұрады.
Массагет: Еңбектің өрелі нәтижесі осы десеңізші. Суреттердің сәтті боялуы көңіл-күйіңізге байланысты бола ма әлде құлқыңызға ма?
Айнұр: Көңіл-күйге байланысты деп ойлаймын.
Массагет: Көбіне қандай тақырыптарда қалам тербеткенді жөн көресіз?
Айнұр: Көбіне тыныштық серпіміндегі табиғаттың сұлбасын салуға құмармын. Ашық түстерге жан бітіріп, Күнді сары домалақ бейнеге емес, сары домалақты Күнге айналдыруға тырысамын.
Массагет: Алдағы өміріңізді көркем бейнелеу өнерімен жалғайсыз ба, әлде бұл жәй ғана хобби болып қала ма?
Айнұр: Алдағы өмірде бейнелеу өнерін жалғыз қалдырмаспын, Мамандығым екі шет тілі болғанымен, бұл менің сүйікті айналысатын ісімнің бірі болып қала бермек.
Массагет: Ең сүйікті картинаңыз жайлы айтып берсеңіз.
Айнұр: Менің ең сүйікті картинам "Күн батқанда" деп аталады. Мұнда әрбір қанық түс өзіндік орнын тапқандай, ғажайып табиғаттың үдерісін көрсетеді. Батуға таяу қалған Күннің сары көлеңкесі көлдің қою бейнесін нұрландырып, кездесуге ынтық қыз бен жігіттің силуетін әсерлеп жеткізуге тырысады.
Массагет: Белгілі бір стиль түрінде саласыз ба? Мысалы, барокко, кубизм, модернизм ... немесе өзіндік жеке стиль қалыптастырып үлгердіңіз бе?
Айнұр: Шындығында, Рембрант, Ван Гог немесе Пикассо секілді жеке стильдің негізін қалаған жоқпын. Дегенмен, Ұлы Абай айтады ғой: "Болмасаң да, ұқсап бақ", - деп, кез-келген суретшінің индивидуалды ерекшеліктері мен көзқарастары болады. Сол ретте менің де өз көзқарасым бар. Қазірде, реализм мен фэнтезидің бағытына бөгеліп жүрмін.
Массагет: Дәл қазір ең негізгілері деп білетін қаншаға жуық сурет жинағыңыз бар?
Айнұр: Осы уақытқа дейін біршама сурет салдым. Шынымды айтсам, олардың саны есімде жоқ.
Массагет: Ал, Айнұр, бізге арнайы уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге алғысымыз шексіз. Келесі кездескенше дейміз!
Айнұр: Келесі кездескенше!
Сұқбаттасқан: Жолдас Өрісбаев
сурет: Айнұр Ысқақованың жеке мұрағатынан
Ж. Өрісбай