- Негізгі бет
- Тұлға
- Айдос Сарым: Кітапты...
Айдос Сарым: Кітапты пайда үшін, ұту, жеңу үшін оқудың қажеті жоқ
Қоғамдық пікір тудырушылар арасында Айдос Сарымның сүйкімі бар. «Ол мəселе туралы Айдос Сарым айтыпты ғой» дегенді жиі естиміз. Көп жағдайда «айтыпты ғой» дегеннің өзі «соның пікірін қолдаймын» дегенді білдіріп тұратын сияқты. Қоғам оның пікіріне неге құлақ асады? Өйткені, оның пікірінің салмағы бар. Салмақты пікір қандай ауыздан шығады? Жан-жақты ойлай алатын, білімді жаннан шығады емес пе?!
Біз білетін Айдос Сарым – кітапқұмар. Бірақ, оқығанын жамбастап жатпайды, кітапты оқитын адамға сыйға тартып жібереді. Өткен жылы Алматының іргесінен жаңа мектеп ашылғанда, Айдос Сарым жеке кітапханасынан балаларға лайықты біршама кітапты беріп жіберді. «Өзін-өзі қалай дамытуға, қалай көшбасшы болуға болады?» деген сияқты сұрақтарға жауап беретін кітаптарды бала түгілі, өзіміз оқығымыз келіп кетті. «Балалар бізден білімді болсын» деген пейіліне сүйсіндік. Сөйтіп, кітап оқу төңірегінде Айдос ағамызбен əңгімелесіп көрдік…
– Айдос аға, сізді кітапты көп оқитындардың қатарынан деп естиміз. Кейде жиналыстарда да байқап қаламыз, қолыңызда кітап жүреді. Арасында шұқшиып кітапқа үңіліп кетесіз. Кітаппен қай сыныптан бастап дос болдыңыз?
– Шамамен 5-6 жасымнан бастап кітап оқуды қолға алдым.
– Бала кезде ең қызығып оқыған кітабыңыз қандай кітап еді?
– Дəл мына кітап деп айта алмаймын, негізінен ертегілер еді. Əр оқыған кітабымның ішіне басыммен, жаныммен кіріп кететінмін.
– Осы уақытқа дейін шамамен қанша кітап оқыдыңыз?
– Білмейді екенмін, мың жарымдай болар кемі.
– Сізді кітапты жылдам оқиды дейді. Бір кітапты оқып бітіру үшін қанша уақыт жұмсайсыз?
– Əдеби кітап болса, бір немесе бір жарым күнде оқып тастаймын. Ғылыми немесе қосымша талдауды, ізденуді, интернетті қарауды талап ететін кітап болса, қыруар жұмыс, жолсапар болмаған күндерде 3-4 күн жұмсаймын.
– Оқыған кітабыңызды сыйға үлестіріп жүреді екенсіз. Қанша жерден қымбат, кез келгеннің қолына түсе бермейтін кітап болса да, оңай «қияды» екенсіз. Осы уақытқа дейін кімдерге кітап сыйладыңыз?
– Негізінен достарым мен əріптестеріме, туған күн иелеріне кітап сыйлаймын. Үйдегі кітап сөрелері аз болғандықтан біраз кітапты əлсін-əлсін университетімнің саясаттану бөліміне сыйлаймын. Көркем əдебиетті мектепке не кітапханаға апарып тапсырып тұрамын.
– Балаларға кітапты жылдам оқу үшін қандай кеңес берер едіңіз? Кітап оқығанда ең бастысы нені ескеру керек?
– Ең бастысы, кітапты оқуды жақсы көру керек. Екіншіден, оқып жатқан кітапты шынайы жақсы көр. Кітапты пайда үшін, ұту, жеңу үшін оқудың қажеті жоқ. Кітап – жан азығы. Тамақты шетінен жеуге болады екен деп жей бермейміз ғой, ұнатсаң, қарның ашса жейсің. Кітап та сол сияқты, саған рухани азық.
Жадыра Нармаханова
«Ұлан», №37