М.Әуезов театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айдос Бектемір "Құнанбай" фильміндегі Барақ ролі үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Қазақстан Республикасы әдебиет пен өнер саласында елбасы жарлығымен екі жылда бір берілетін сыйлыққа ие болған актер: "Кинематография саласындағы еңбегім еленіп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып жатсам, бұл – елдің, халықтың өнерге деген құрметі мен сүйіспеншілігі деп білемін. Қазіргі сәтте өте қуаныштымын және әріптестеріме де осындай жетістік тілеймін",– деді.
Фильмде Айдос Бектемір Құнанбаймен текетірес, бірақ қиын-қыстау кезеңде оны Итжеккеннің айдауынан аман алып қалатын Керей сұлтаны Барақтың ролін ойнайды. "Қазақ "енесі тепкен құлынның еті ауырмайды", – дейді – "ел ішінде екі алып бір-бірімен жаға жыртысса да, жатқа, жамандыққа бауырын қимайтын халықпыз. Бұл – тектілігіміздің белгісі, сондықтан көрермен қауымға, әсіресе, жастарға берері мол, тәрбиелік мәні зор кино-картина көпшіліктің көңіл төрінен орын алатынына сенемін",– деді актер.
Айдос Бектемірді театр ұжымының атынан "Мемлекеттік сыйлықтың иегері" атануымен шын жүректен құттықтай отырып, алда одан да мәртебелі марапаттарға ие болады деген үміттеміз!
М.Әуезов театрының
Баспасөз қызметі