Әлі сиясы кебе қоймаса да, талайдың ыстық ықыласына бөленген Ахат Сатаевтың «Жаужүрек Мың бала» фильмінің басты кейіпкері Сартай батырдың рөлін сомдаған жас актер Асылхан Төлепов «Бауыржан Момышұлы» атындағы төсбелгімен марапатталды.
Халық қаһарманы атымен аталған төсбелгіні көпшіліктің көзайымына айналған актерге Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл ІІМ Ішкі әскерлері Алматы құрамасына қарасты әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесуі кезінде табыстаған болатын. Кездесу Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» кітабы бойынша түсірілген деректі фильмді тамашалаумен басталды. Фильм қатардағы сарбаздардың рухын көтеріп, ардагердің басынан өткен қиын-қыстау кезеңдері мен ерлігі үлгі-өнеге болсын ниетпен көрсетілген-ді. Содан кейін ардагер депутат еліміздегі әлеуметтік-экономикалық даму туралы сөз қозғап, әскер қызметкерлері мен ардагерлерді әлеуметтік кепілдемелермен қамтамасыз ету, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Қарулы Күштердің және Ішкі әскерлердің ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың маңызы жайлы баяндады.
Қатардағы жас жауынгерлермен бірге басқосуда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2 курс студенті, жас актер Асылхан Төлепов те болды. Асылханның кино әлеміндегі тырнақалды рөлін ескеріп, батыр образын шынайы сомдағаны үшін оған Ауған соғысы ардагерлері ұйымы мен «Сауап» қоғамдық ұйымы «Бауыржан Момышұлы» атындағы төсбелгіні тағайындады.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Жаз мезгіліндегі демалысты маңызды іс-шаралармен өткізу басты мақсаттардың бірі. Жас жауынгерлермен жүздесіп, олардың рухын көтеріп, жігерлендіру керек. Ал Асылхандай жас өнерпазға әскери бөлімшеде құрмет көрсету тектен тек емес. Бұл жас та болса жауға қарсы шыққан ата-бабамыздың ерлігін жауынгерлерге үлгі етуден туған ниет. Ал үлгі-өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беру – біздің парызымыз»
Фильмдегі рөлінің арқасында батыр тұлға Бауыржан Момышұлының есімімен аталған төсбелгімен марапатталу актер үшін үлкен мәртебе. «Өмірімдегі бақытты сәттердің бірі. Фильмдегі еңбек ескеріліп, құрметін көрсетіліп, орденмен марапаттап жатыр. Көп-көп рахмет» - деді Асылхан ағынан жарылып. Салтанатты марапаттаудан кейін ол сарбаздарға фильмдегі Сартай батырдың монологін оқып берді.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер Асылхан Төлеповтың жеке мұрағатынан алынған