- Негізгі бет
- Тұлға
- Асанәлі Әшімов -...
Асанәлі Әшімов - тірісінде аңызға айналған тұғырлы тұлға
Асанәлі Әшімов - КСРО, ҚазКСР, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
1937жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында дүниеге келген.
1961 жылы Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітіріп шығып, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.
1963жылдан бері М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамында әрі режиссерлік қызметте.
Театр сахнасында М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарас бай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер болды. Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен бейнесі бір тума актердің күрделі әрі соңғы жұмыстарының бірі. Бұл қойылымның 100-ден аса көрсетілімі аншлангпен өткен болатын.
Қара шаңырақ сахнасында Асанәлі Әшімов «Амангелді» (Ғ.Мүсірепов), «Мен ішпеген у бар ма?» (И.Оразбаев), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Ревизор» (Гоголь), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет) спектаклдерін қойып, режиссерлік қызмет атқарды.
1958 жылы С. Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен түсірілген фильмде бой көрсетті. Бұл актердің кинодағы алғашқы рөлі болатын. Содан кейін қазақ киносының дамуына өз үлесін қосты. «Ән қанатында», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек поезы», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмдерінде ойнаған. Сондай-ақ, кино саласында режиссерлік қызмет атқарды. «Аждаһа жылы» (1981), «Шоқан Уәлиханов» (1985), «Жусан» (1986), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (1992) және «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді.
1981 жылы түсірілген З. Самадидің ΧІΧ ғасырда Шыңжаңда болған ұйғыр халқының көтерілісі туралы романының желісімен түсірілген «Аждаһа жылы» фильмі оның алғашқы режиссерлік еңбегі болып табылады.
1986 жылы Асанәлі Әшімовке «Шоқан Уәлиханов» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Асанәлі Әшімовтың 1995 жылы қазақ тілінде «Майраның әні», 2007 жылы «Арнау» бес томдық шығармалар жинағын, 2008 жылы «С любовью Ваш Асанали Ашимов» кітаптары жарыққа шықты.
Марапаттары:
1973 жыл - «Атаманның ақыры» фильміндегі ролі үшін К. Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
1974 жылы - Театрдағы жұмыстары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
1978 жылы - Қазақ КСР халық әртісі
1980 жылы - КСРО халық әртісі
2000 жылы - Кино өнеріндегі еңбегі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы
2001 жылы - Отан» ордені
2002 жылы - Жамбыл облысының құрметті азаматы
2003 жылы - «Қазақы оқиға» фильміндегі ролі үшін 1 «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі лауреаты
2007 жылы - «Құрмет» ордені
2007 жылы - Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық Академиясының «Алтын қыран» ордені
Фотосуреттер kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынған
Ғ. Ұзақ