Ағайынды Аңқауовтар қазақ салт-дәстүрін сақтап қалу, қазақ үйінің этностилін жаңғырту, насихаттау үшін «Арлан Дизайн» авторлық интерьер дизайны студиясын ашқан. Ағалы-інілі төртеудің ең кішісі Арлан қазақ үй ішінің этнодизайнын және қолөнер көркемсуреттерін жасаудың шебері екен.
Панно жапсыру техникасындағы авторлық картиналар таза экологиялық материалдардан жасалған, мәселен ағаш, ДВП, қой жүнінен иірілген жіп. Осы жапсыру техникасындағы өзгеше тәсіл 2012 жылы Ұлттық зияткерлік меншік институты тарапынан «Сәндік композиция және оны дайындау тәсілі» аталымында патенттелген екен.
Ал оның көркемсуреттеріндегі тақырыптарының басым көпшілігі қасиетті жылқы малы. Арланның өзі «Жылқы қазақ даласының екінші есімі еді ғой. Осынша даланы меңгеру үшін, осынша шалғайлықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болады. «Ер қанаты ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» деген секілді даланың өзіндей шетсіз, шексіз қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі – ат туралы болатын. Өзінің ұлттық тарихында бүкіл тұрмыс-тіршілігі тек қана атқа байланысты ел қазақтан өзге кемде-кем. Қазақтың «Адам жылқы мінезді» дейтін философиясы содан қалған» - деп тебіренеді. «Қазақтың ұлттық болмысы мұражайда қалып қоймасын» деген сөзін естігенде-ақ мерейіміз асып, көл-көсір ниетімізбен оның әрменгі сөзіне құлақ астық.
Арланның ағасы Дәурен негізгі мәселенің шетін шығарды. Қазақтың тоқыма техникасын тұңғыш болып патенттеген азамат, яғни Арлан да өзі де екінші дәрежедегі мүгедек екен. Бұл туралы Арланның өзі айтуға арланатындай көрінді. Осыдан-ақ, оның аяу мен мүсіркеуді иттің етінен жеккөретінін аңғарып қалдық. Оның үстіне нағыз қазақ ерлеріндей тек өнері туралы әңгіме айтты, картиналарын қалай салғанын, қандай техника әдістерін пайдаланғанын жілік-жіліктеп шағып тұрып баяндап берді. Жеке шығармашылық портфолиосындағы марапат, алғыс хаттардың көптігінен, оның өнерге деген талпынысын, бойындағы дертті осы өнер арқылы емдеп жүргенін анық байқадық.
Астанамыздың 15 жылдық мерейтойына арнайы жасап әкелген картиналары жаңа нұсқадағы туындылар екен автордың айтуынша. Ол бұған дейін де еліміздің көптеген өңірлерінде көрме ұйымдастырып, қазақ өнерінің тек көрме-мұражайларда ғана қалып қойғанына қыстыққан ол ұлттық мұрамызды насихаттау жолына жаңа деммен қарау керек екенін баса айтты.
Әр көрмесіне ерекше бір дайындықпен келетін Арланның қазақ дәстүрі мен тұрмысының көрінісі бір көргенде қарапайым өнер туындысы да, ал анықтап, зерделеп қараған адамға көңіл-күй мен өзгеше бір мінездің барын ұғындырады. Өткен жылы оның шығармашылығы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалінде де жоғары бағаланыпты. Ал Қостанай қаласының қаймана жұртына таныс суретші Георгий Соков Арланның ұстазы екен. Шәкірті туралы ұстаз былай дейді «Мен оған жәй ғана сурет салу өнерін үйреттім ол болса халыққа керекті, жақын жанрды өзі-ақ тауып алды. Оның бағыты маған өте қызықты. Қазірде ұлттық нақыштағы өнер туындылары сәнге айналып, бренд бола бастағанын да жасырмауымыз керек».
Ал болашақта ағайынды Аңқауовтар қазақтың ұлттық үйінің болмысын жасайтын үлкен орталық ашуға ниеттеніп отыр. «Ер ел үшін, ел ер үшін» десек, біз мұндай қайсар ұландарымызды ұлықтап, өнеріп өрлетіп, шығармашылығын насихаттай түсейікші...
Ардақ Құлтай