МЕНІҢ АТЫМ – АБАЙ...
Маған ат қойғандарының өзі де қызық. Әкем марқұм Сқабыл отыз жеті жасына дейін бала көрмей қатты қиналған екен. Жастай қосылған жұбайы кінә өзінен екендін сезгендіктен ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, әкеміздің басқа отбасын құруына өзі рұқсат беріп, жылай-жылай төркініне қайтқан.
Жаңа отбасына алдымен дүниеге шырылдап қыз келіпті. Енді бүкіл ауыл болып жас келіннен ұл күтеді. Тіпті оның есімін де алдын-ала ақылдасып қояды. Үлкендер дүниеге келер сәбидің аты ұлы ақынның құрметіне Абай болады десіпті. Әрине, дүниеге ұл келер болса... Әкемнің жалғыз бауыры Жазушы /ол кісінің өзінің есімі бөлек әңгіме/ бұл шешімге іштей қарсы болып, «ағам өмір бойы армандаған баланың есімі Арман болуы тиіс» деп қырсыққан екен. Сонымен Сқабыл мен Тәбияның шаңырағында көптен күткен той болып, маңдайы торсықтай ұлға үлкендер Абай деген ат беріпті. Босағада отырған әкемнің бауыры іштей өзінше жоспар құрып үндемеген. Азан шақырып қойған атқа үй-іші де, тіпті, бесікте жатқан мен де үйреніп қалған шақта нәрестенің метркесін жаздырту керек болады. Оған әрине, колхоз орталығына Жазушы жәкем аттанады. Метркеге менің есімімді Арман деп жаздырып, көңілі орнына түскен соң бірталай уақыт түрлі сылтаулармен оны ешкімге көрсетпей жасырып жүреді. Бұл «қылмыс» кейіннен жария болған тұста, мен Абай деген қасиетті есімнің толыққанды иесі болып үлгерген екенмін. Хан Тәңірінің табанында жатқан шағын ғана Қаратоған ауылындағы туыстар да Сқабылдың Абайының басқа атының барлығын мойындамайтын жағдайға жеткен. Тек бірінші сыныпқа барғанда қиындық басталды. Алғашқы ұстазымыз құжат бойынша «Арман» деп тақтаға шақырады. Мектептен шыққан соң қайтадан Абай боламын. Бұл шатасу кейіннен КазГУ-ге оқуға түскен соң да жалғасты. Алматыда Арманмын, ауылға келсем Абаймын... Әлі күнге солай.
Тіпті, ат қойғыш Жазушы жәкемнің өзі Абай дейді...
«БАЛДЫРҒАННАН КЕЛГЕН ХАТ»
Жазушы жәкем төрт жасымнан төбемнан шұқып отырып әріп үйреткен екен. Бес жасымда әліппені, мектепке барар жылы кейбір жеңілдеу газет-журналдарды судыратып оқи береді екенмін.
Алғашқы сыныпты Қаратоғанда бастағанмен, бір тоқсаннан соң аудан орталығы Нарынқолға көштік. Әкемнің досы Ораз ағаның әйелі Зинат тәтем онда мектепте ұстаз. Мені жетектеп алып орталықтағы орта мектептің бірінші сыныбының екеуіне кіріп шықты. Қабылдамады. Бала саны көп дейді. «Бұл сылтау ғана. Сені колхоздан келді. Әріп танымайды деп ойлайды» дейді Зейнат тәтем. Бірінші «в» класының жетекшісі жуастау Гүлжан деген апай екен, амалсыз мені қабылдады. Ұмытпасам сыныптастарым «Әліппенің» ортан тұсына жетіп қалған тұс. Гүлжан апай тақтаға шақырып, «Әліппенің» алғашқы бетінен бастап оқытып жатыр. Судыратып мен тұрмын. Апайым соңғы беттерді оқытты. Мүдірген жоқпын. Менің бұл «талантым» көрші сыныптардағы мені алмай қойған апайларға тез жетті. Олар Зейнат тәтеме көпке дейін ренжіп жүрді.
Сол кездерде-ақ бірдеңелерді шатпақтап «Балдырған» журналына жіберуді шығардым. «Үмітсіз шайтан деген»... Бір ай дегенде Алматыдан хат келді. Хат болғанда қандай! Сыртында тасқа басылған менің аты-жөнім. «Балдырғанның» мөрі. Конверті қандай әдемі! Қолым дірілдеп хатты оқи бастамаймын ба... «Құрметті Арман!» деп басталатын хат енді біраз еңбектенсем менен бірдеңе шығады, сол кезде жазғандарым міндетті түрде жарияланады деп аяқталатын. Хат соңына міндетті түрде Несіпбек Айтов деген кісі қол қояды. Әр жолы солай. Әр жолы мен ол хатты туыстарға, сыныптастарға мақтанып көрсетіп жүремін. Тіпті, алғашқы хат келгенде әкемнің достары үйге келіп, оны «жудырып» кеткені бар...
Арман Сқабылұлының "Өкпелемеші" кітабынан