Бүгін танымал музыкант, әнші Мұрат Насыровтың туған күні. Көзі тірі болғанда ол бүгін 44 жасқа толар еді. Оның әртіс ретінде қалыптасып, Ресей шоу-бизнесіне сіңіп кетуіне бірден-бір атсалысқан адам – Арман Дәулетияров еді. "Мәскеулік Шыңғысханның хикаясы" атты биографиялық кітабында ол Мұрат Насыровпен таныстығы, серіктестігі, достастығы және оның болмысы жайлы әңгімелейді. Сол кітабынан біраз үзінді келтірмекпіз.
... Мұрат бізді үрпиген шаштарымен, көзіндегі үлкен домалақ көзілдірігімен, қарапайым джинсы және жеңіл жейдемен, жалпы берекесі қашқан түрімен қарсы алса да өте мәдениетті, салмақты жігіт болып шықты.
- Сәлеметсіз бе, Арман, - деп ол мені бастан-аяқ қарап шолып шығып, абайлап амандасты. – Мына үстелге отырыңыз. Қазір сахнаға шығамын, - ол қонаққа қалай жағымпазданарын, немен қуантарын білмей біраз састы. – Бәлкім, бірдеңе ішкіңіз келетін шығар?
- Мұрат, уайымдамаңыз, бәрі жақсы, - дедім мен күлімсіреп үстелге жайғасып жатып. – Тапсырысты өзім беремін, сіз асықпай дайындала беріңіз.
Мұрат ресейлік және шетелдік танымал әншілердің әндерін орындады. Өзі дайындаған материалдар болмады, бірақ оның тобы жанды музыканы шебер орындады, тіпті бэк-вокал да болды – кейін білгенімдей бұл оның қызы Наташа екен.
Концерттің бірінші бөлімі бір сағатқа жуық жалғасты. Мұратты даусы, сахнада өзін ұстауы маған қатты әсер етті – мен осында әртіспен танысуға келгеніме еш өкінбедім. Мұндай көк түтінге оранған, адам аяғы таусылмайтын аядай жерде қалай ән айтуға мүмкін болатынын түсінбедім. Онымен қоймай бірнеше сағат бойы. Менің көзімде, бұл нағыз ерлік болды.
Әндерін орындап болған соң Мұрат маған келіп, «Қалай екен?» - деп сұрады.
Біз үстелге отырдық, Бага бізді тағы таныстырды:
- Арман сенің шығармашылығыңа қызығушылық танытып жүр, ол бизнесмен. Сенің танымалдылығыңды арттырумен айналысқысы келеді.
Мұрат артық немесе орынсыз сөйлеп қоямын ба деп, әр сөзін абайлап сөйлеуге тырысты:
- Алдыңғы жылы бір продюсермен келісімшартқа отырмақ болып едім, бірақ ол аяқсыз қалды, – деді ол. – Бірақ қазір мені әртіс ретінде айналдыратын және бірінші альбомымды жазуға көмектесетін менеджер іздеп жүр едім...
Мен басымды изеп, тыңдап отыра бердім. Ара-арасында жауап ретінде бірдеңе айтпақ болғанымда, Бага үстелдің астынан аяғымды түртпектеп, тыныш қана тыңдап отыр дегендей белгі беріп отырды. Осылайша жарты сағаттай отырған шығармыз, Мұрат өзі жайлы айтты, ал мен оны тыңдап, қостап қана отырдым. Кездесуден кейін алдағы жоспарларды нақтылау үшін тағы кездесеміз деп шештік.
Бірнеше күннен кейін Мұрат өзі шығарған әндерді тыңдату үшін мені өз үйіне шақырды. Мен ақылды адамның кейпімен оның шығармаларын басымды изеп, құптап, тыңдап отырдым – ал өзім ештеңе түсінбедім, тек Мұраттың жіңішке саусақтары пернелердің үстінде елбелеп ұшып жүргенін байқап, өзім де бұрын осылай ойнағым келгенін есіме алдым. Әндерді «ұнайды – ұнамайды» принципімен таңдадым, және бұл ән таңдаудағы ең дұрыс критерий екеніне кейін көзім жетті. Өйткені қаражат құйып, оны айналымға жіберетін де мен, сондықтан таңдап алынған әрбір әнді жақсы көруім міндетті еді.
* * *
Мұраттың қоржыны біраз музыкалық дүниеге бай болып шықты – ол әндерінің әуенін де, сөзін де өзі жазатын, бірақ оны жетілдіріп, студияда жаздыру керек еді. Насыровтың композитор болуы да бізге жақсы болды – әуен авторларына ақша шығындамайтын болдық.
Ол кездері мен Мұраттың шығармашылық дарынын бағалап, басқаларға қарағанда жұмысым әлдеқайда жеңілдеп жүргенін түсінсем де, толыққанды сезінбеген екем.
* * *
Мұрат өте еңбекқор еді. Ол келушілер бар болса да, жоқ болса да кешкі тоғызда ән айтуын бастап, соңғы клиентке дейін ән салуға бар-тын. Яғни кейде таңға дейін.
* * *
Мұратты шоу-бизнесте танымалдылығын арттыру үшін басқа псевдоним ойлап таппақ болдық. Мұрат Насыров деген есімі біраз қисынсыздау көрінді. Ресейде ресейлік емес әртісті айналдыруға бәрі күмәнмен қарады. Бірақ мұның бәріне Валерий Меладзе нүкте қойды: «Мен грузинмін. Грузин тегіммен жүрмін. Және бұл маған танымал болуға еш кедергі келтірмейді. Мұрат Насыров деген есімін қалдырыңдар да, сонымен жұмыс істеңдер».
* * *
Мұраттың ең танымал «Мальчик хочет Тамбов» хитімен мынадай қызық жайт болған. Текст авторы түрлі әншілермен әнді жазғызып көрген, бірақ қажет дауысты таппай қиналады. «Союзге» барған уақытында Мұратқа да осы әнді айтып көруге ұсынады, бірақ ол ат-тонын ала қашады:
- Мұныңыз не? Бұл ән мүлде менің стилімде емес!
Бірақ нәтижесінде Мұратты көндіріп, ол орындап көргенде, бұл әннің хит боларына ешкім күмәнданбады. Осылайша бұл ән оның алғашқы альбомына кірді.
«Мальчик хочет Тамбов» оған үлкен танымалдылық әкелгенімен, ол оны ұнатпайтын. Оның ойынша, оған, Гнесинканың түлегіне, мұндай әндер айту ұят. Бірақ факт сол - «Мальчик хочет Тамбов» Насыровтың көзіріне айналып, әлі күнге дейін Насыровты еске алғанда осы әннің сөздері еске түседі.
* * *
- Қазір Рики Мартин, Энрике Иглесиас дегендер өте танымал. Солардың мотивіндегі бірдеңе ойлап тапсаң жақсы болар еді, - дедім мен оның әкелген әуендерін ұнатпай.
- Көрейін, - деп Мұрат бұрқ етіп, кассеталарын сөмкесіне салды.
Бірнеше күннен кейін Мұрат студияға келіп:
- Ал, не шыққанын тыңдап көр, - деді өзі жайғасып.
Мен сұраған латиноамерикалық стильде, европалыққа жақын, шапшаң орындалатын әуен ойнай жөнелді:
Ловила на губы,
Ловила на глазки,
Поймала - не отпускает,
Обнимает и ласкает.
Ловила на губы,
Ловила на глазки,
Поймала - не отпускает,
Обнимает и ласкает, – деп динамиктен шығып жатты.
- О, бұл басқа әңгіме! – деп жадырап кеттім. – Мұны мен түсінемін!
- Осы, - деді Мұрат. – Сен үшін жарқын ән осы ма?
- Солай сияқты, - деп күлдім мен... – Осыған клип түсіреміз.
Әрдайым өзінің әртістерін ойлап жүретін Айзеншпис әнге қызығушылық танытып, бәлкім оның да әртістеріне әндер жазып бере ме деген мақсатта композиторын сұрады:
- Бұл – Мұрат Насыров, - деп жауап бердім.
* * *
Мұрат музыкант ретінде даму, әр шығармасын мінсіз етуге тырысу мен тыңдарманның талғамы, көңілінен шығу арасында әрдайым іштей конфликтіде жүретін. Бұл да өз кезегінде мақсатқа жетудегі кедергі – және мұнда әңгіме тек Мұратқа ғана қатысты емес, жалпы шығармашылық пен бизнестің мәңгілік текетіресі, оның тоғысатын жерін табудағы қиындық жайлы.
Мұраттың өзі жазған күрделі әрі қызықты материалы көпшілік қауымға қызықсыз болып шығуы мүмкін екенін қабылдағысы келмейтін. Музыканы бағалаушылардан басқа оның көп мөлшерде жазылған алғыр пассаждары ешкімге қызық емес екенін көріп, қатты қапаланатын.
- Түсінесің бе, Мұрат, - дейтінмін мен, - сенің тамаша даусың бар, білімің де жоғары. Ал қарапайым тыңдарман музыкалық мектепті бітірмеген, хорға да қатыспаған, ол жай ғана достарымен көңіл-көтеруге барып, бәрімен ән айтып, билеп қайтқысы келеді. Оларды неге ойлантып тастағың келеді?
* * *
Мұраттың шоу-бизнеспен қарым-қатынасы керемет болды дей алмаймын. Бір жағынан ол жұлдыз еді, және өте дарынды етін. Мұраттың даусы басқалардыкіне қарағанда зор болатын. Басқа жағынан, өзінің композиторлық және әншілік шығармашылығына дандайсып, қайда барса да, сол жерді өзімен «басып» кететін.
Мысалы, Мұрат бір кешке келеді - альбом презентациясы немесе бір әншінің туған күн кеші, келеді де сахнаға шығып, ән айтып, қоймайды. Ол тіпті сол кешке жинап отырған өнер иесін де көлеңкеде қалдыруы мүмкін. Өйткені Мұраттың даусымен бәсекелесе алатын өнер иелері кемде-кем. Мұрат залда жайбарақат отыра алмайтын – біраз уақыттан кейін салтанатты шараға араласып, сахнаға ән айту үшін немесе бірдеңе айту үшін шығып кететін. Әрине, бұл бәріне ұнай бермейтін.
* * *
Мұрат менің өмірімде күрделі адам болып есте қалды. Багамен қарым-қатынасымыз ашық, жылы болса, ал Мұрат болмысы қиын адам болғандықтан тіл табысу да қиын болатын.
Ол өте тәкаппар, тәуелсіз және мықты адам болатын. Бірақ жаны нәзік, кез келген фальшті көтере алмайтын. Жанымыз үндес болса да, «эгомыз» әрдайым соқтығысып қалатын. Бір кездері ойлайсың: біз бір-бірімізді жақсы түсініп тұрмыз ғой, және жүрегінің түбінде ол менімен келісіп тұрғанын да сеземін, бірақ кезекті керісте қайта дауласып, екі жаққа тарасатынбыз. Бұл қарама-қарсылықтың соңы жоқтай көрінетін, өйткені біздің мінезіміз ұқсас еді. Ал Багамен біз керісінше бір-бірімізді толықтырып тұратынбыз.
Сол себепті Мұрат екеуміз бір-бірімізге ортақ жылы сезімдерімізді жеткізуге жасқанатынбыз. Эмоцияларымыздан ұялып, намысымызға ыңғайлы қашықтықта ұстап, бір-бірімізден алшақта жүретінбіз. Іштей тартылып тұрсақ та.
Қалай болғанда да Мұрат өмірінің қиын кезеңдерінде маған кеп бас ұратын. Кеңес сұрауға, қолдау сұрауға, көмек сұрауға. Және дәл маған сырын - Құдайға деген сенімін ашты.
Сурет: lib.rus.ec, www.peoples.ru
Аударған: Анар Мұстафина