Археологтар күні: Шоқан – қазақтың тұңғыш археологі

Шоқан – қазақтың тұғыш археологі. Бүгін археологтер күніне орай, қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызының еңбектеріне тәнті болған, көзін көрген адамдардың естелігін жарияламақпыз.

И.В.Мушкетов

(Шоқан Уәлиханов және оның геологиялық коллекциясы)

1858 және 1859 жылдары Шоқан Уәлиханов көпес ретінде сауда керуеніне еріп алғаш рет Верный қаласы мен Ыстықкөлден Зәукі асуы арқылы Тянь-Шаньнің барлық жоталарын кесіп өтіп, Шатыркөл көлінен асып Қашғарға барды.

Уәлиханов мырза өз саяхатының барлық нәтижесін жариялап үлгермеді: ол тек маңызды ғылыми мәні бар, автордың сирек кездесетін байқампаздығы мен мол білімін танытатын бірнеше мақалаларын жарыққа шығарды; шыққан тегі жағынан – қырғыз, ол жергілікті халықтардың тілін жақсы білді, сондықтан жергілікті халықтардан әртүрлі және толық мағлұматтарды одан артық ешкім жинай алмайтын еді, егерде ол Қашғардан қайтып келген соң көп ұзамай қайтыс болмағанда оның еңбектерінің нәтижелері тіпті жемісті болар еді. Оның бірнеше мақаласы бар, ең соңғысын ол қайтыс болғаннан кейін 10 жылдай уақыт өткен соң П.П.Семенов жариялады. Олардың алғашқылары география саласында емес, тарих жайлы, маңызды болғанымен де біз оларға тоқталмаймыз, тек атап өтерлігі, Зәукі немесе Жәукі арқылы Тянь-Шань асуларынан көлденеңнен кесіп өтіп, Семенов жолын жалғастыра келе, ол «жолда кездескен тау жыныстарының коллекциясын жасап, Жаркент маңындағы Мирджай тауларында және Қарақас өзенінде алынатын нефрит бөліктерінің, болорлық яшманың, мәрмарды, хрустальді, Керия өзенінің құмды алтынын жинады». Өкінішке қарай, бұл сирек кездесетін коллекция сарапталмай жатып жоғалып кетті, қалай болса да, мен қанша іздесем де, оны таппадым.

Алтышарды сипаттағанда Уәлиханов мырза әртүрлі минералды заттардың бар екенін қысқаша айтып өтеді, олар аз зерттелгенімен, Керия ауылында алтынның көп мөлшерде жуылып алынатыны соншалық, тұрғындар салықты (Қытайға) осы металмен төлеп, оны жеке адамдарға сата алады. Хотаннан сарайға жыл сайын 80 ланға дейін алтын жөнелтіледі. Бірақ алтынның көп мөлшері лазурит, феруза, лағылмен бірге Памир, Қаратегін және Болорда өндіріледі.

П.П.Семенов Тянь-Шаньский

А.А.Достоевский

(Ш. Ш. Уәлихановтың Қашғарға жасаған саяхатының маңызы жайлы)

Тянь-Шаньннің бізге таяу орналасқан бөліктерін зерттеуге жол ашылды.

1858 жылдың өзінде орыс офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзінің ұлттық қырғыз киімімен сауда керуеніне еріп, Зәукі асуы арқылы Ташкентке өтіп, ол жақтан көптеген қызықты ғылыми этнографиялық және статистикалық мағлұматтар жинап келді. Петерборға келген соң П.П.Семеновтің жетекшілігімен оларды өңдеуге кіріскен еді, бірақ сырқат және мезгілсіз ажал оның қызықты ғылыми жұмыстарын тоқтатып тастады.

Орта жүз сұлтандарының бірінің ұлы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Шыңғыс әулетінен тарайтын атақты Абылай ханның ұлы Уәли ханның немересі еді. Ол Омбы кадет корпусында тәрбиеленді және офицер болғаннан соң ерекше дарынымен П.П.Семеновтың назарын аударды. Олар 1856-1857 жылы Сібірде танысты. П.П.Семенов генерал-губернатор Г.Х.Гасфортқа Қашғарға өз ұлттық қырғыз киімімен сапар шегіп, ерекше дарыны арқасында Ресей үшін өте қажет Қашғар ғана емес, тұтас Алтышар туралы мәліметтерді жинап, орыс шекараларын мазасыздандырған Шығыс Түркістанда болып жатқан төңкерістің себебін түсіндіре алатын жалғыз сауатты офицер Ш.Ш.Уәлиханов екені жайлы кеңес берді. Мұндай қажетті мәліметтердің бағдарламасын П.П.Семеновпен бірге қырғыз даласын жетік білетін полковник К.К.Гутковский құрды. Сібір әскери округінің қолбасшысы Г.Х.Гасфорт Шоқан Уәлихановты сәті түскен кезде Қашғарға жолсапарға аттандырып, ол (керуенбасының туысы ретінде) Зәукі асуы арқылы 1858 жылы көпес керуеніне ілесіп, аман-есен жетті.

Қашғарда 5 айдай болған Шоқан Уәлиханов 1859 жылы сәуірде қызықты мәліметтермен кері қайтып, 1860 жылы Петерборға келді. Ол жерде Географиялық қоғамның мүшелігіне алынып, П.П.Семеновтің жетекшілігімен Қырғыз даласы туралы жинаған мол географиялық, этнографиялық және тарихи материалдарын өңдеуге кірісті. Бұған қоса Петербор университетінен дәріс тыңдау арқылы өз мағлұматтарын толықтыруға тырысты. Француз және неміс тілдерін меңгерген Уәлиханов Орталық Азияға қатысты нәрсенің бәрінде тамаша қабілеттілік танытты. Уәлихановтың «Жоңғария очерктері», «Алтышардың жағдайы» атты тамаша мақалалары 1861 ж. жарық көрген «Императорлық орыс географиялық қоғамының жазбалары» жинағында жарияланды. Өкінішке орай, Уәлихановтың әлсіз денсаулығы Петербор ауа райын көтермеді: 1863 жылы ол еліне қайтып келуге мәжбүр болды, 1865 жылы өкпе дертінен дүние салды. Оның Қашғар сапарының соңғы беттерін 1868 жылы қоғамның «Известиясында» барон Ф.Р.Остен-Сакен басып шығарды.

Шоқан Уәлиханов,
көп томды шығармалар жинағы.
1-том