Бүгін әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Көрнекті қырғыз режиссері Болат Шәмшиев «Соңғы парыз» романын оқығаннан кейін жазушыны «Арал Хиросимасының куәгері» деп бағалаған.
Ә.Нұрпейісов шығармаларын оқыған сайын өмір мен өнердің, тіршілік пен қиялдың біте қайнасып кеткенін көреміз. Бүгінгі уақыттың көкейтесті мәселесіне айналып отырған Арал проблемасын жанды, бастысы, нақты кейіпкерлер дүниесі арқылы суреттейді, сөйтіп адамдар арасындағы әрқилы ниет-мұрат қақтығыстарын жаңа алаңға, жаңа тарихи кеңістікке шығарады. Жазушы Дулат Исабеков: «Ә.Нұрпейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Шығармаларының құндылығы мен танымалдығы жөнінен Ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері», - деп құнды өз бағасын айтады [1, 14].
Ә.Нұрейісовтің шығармашылығы жайында қалам тартып, еңбек жазған бірқатар ғалымдар бар. Мәселен, С.Қирабаев «Шындық және шығарма», М.Атымов, Ш.Елеукенов, М.Қаратаев «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының тарихы мен зерттелуі», Ермек Қаныкейұлы «Әбдіжәміл әлемі», Ә.Кекілбаев «Сең соққандай сергелдең», сондай-ақ жазушы еңбегіне құнды пікірлер айтылып, сыни мақалалар да жазылды. Айтатын болсақ, С.Елубаев, Д.Исабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Д.Досжанов, Бақыт Кәрібаева, З.Қабдолов т.б. Отандық ғалымдармен қатар, Ә.Нұрпейісов шығармаларына көршілес Ресей көрнектілерінің де назары ауды. Оның дәлелі ретінде филология ғылымдарының докторы, Мәскеу университетінің профессоры Николай Анастасьевтің «Небо в чашечке цветка /А.Нурпейсов и его книги в мировом литературном пейзаже» деген еңбегін айтсақ болады. Автор бұл еңбегінде Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романына аса мән берген. Романға мынадай баға беріп өтеді: «Ә.Hұрпeйicoвтiң poмaн, көceмcөз, тaқыpыбынaн шығып, oның өмipлiк тaқыpыбынa aйнaлғaн бip тaқыpып бap. Oл – экoлoгия. Иә, экoлoгия дeгeнiмiздiң eң үлкeн мaғынacы – aдaм тіршілігінің бacты көзi тaбиғaтты aмaн-cay caқтay дeгeндi бiлдipeдi. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» бүтін бір ғасырдың сұмдық зұлматымен жекпе-жек шығып, онымен есеп айырысуға кіріскен. Бұл – нағыз лирикалық эпопея. «Соңғы парыз» ажал аузында жатқан теңіздің азалы жоқтау жыры ретінде де өте тартымды оқылады. Бұл – романның ең басты сюжеттік арнасы. Арал теңізі жойылып барады. Ауа уланған. Халықтың күнкөісі қиындап кетті. Олар соған қарамастан ата-бабасының сүйегі жатқан, өздері жар құшып, ұрпақ сүйген туған жерінен табан аударып, басқа жақтағы ешбір жұмаққа барғысы келмейді. Жаратқанның осынау керемет көркем де ақылды ұрпағы мұндай қорлық жағдайда өмір сүрмеуі керек еді ғой. Жаны да, тәні де қансыраған оларды сор мен тұз жегідей жеп, кеміріп жатқан осынау қасіретті өңірге құрбандық қылуға болмайды ғой!», - дейді. Бұлайша жазушы шығырмаларының бағалануы, әдеби сында талқылануы, ол туралы пікірдің дүниеге келуі – жазушының шеберлігін, шығармаларының құндылығын көрсетеді. Сыншы Бақыт Кәрібаева: «Соңғы парыз» романы тым философиялық, психологиялық өріске құрылған. Өйткені идея да, философия да оның табиғи болмысымен тұтасып кеткен. Оның жаратылысын ашу арқылы, оның қабылдау, сезіну түйсіктерін іске қосу арқылы, автор шығармаға терең астар жасайды. Яғни объект пен субъектінің арасы бұрынғыдай бөлек емес бірге қарастырылады. Кесек, күрделі шығарма бір Жәдігердің айналасындағы болмысты қабылдауынан тұрады [2, 8]. Бұл айтылған пікірге толықтай келісуге болады. Себебі, романның көркемділігі де, автордың айтылар ойы да бір негізде құрылған. Жалпы айтқанда, Ә.Нұрпейісов бүкіл адамзат тағдыры мен Арал теңізінің тағдыры туралы шынайы көлеңкелі жақтарының небір бет пердесін сыпырып тастап, ақ дидар ақиқатты әлем сахнасына алып шықты.
Көрнекті қырғыз режиссері Болат Шәмшиев «Соңғы парызды» оқып шыққаннан кейін авторға жазған хатында Әбдіжәміл Нұрпейісовті «Арал Хиросимасының куәгері» деп атайды. Хатынын үзінді келтіріп өтсек.: «ХХІ ғасырдың кіреберісінде беті ашылған, іркілмей айтуға болатын үлкен бір қасірет болса, ол – «Жаһандану» деп аталатын құбыжықтың адамзаттың қарсы алдында аузын арандай ашып тұрғандығы туралы болуы мүмкін. Ол әлдебіреулер таңдап алған қасіретті жолдың үстінде тек адамдарды емес, сонымен бірге Жер деп аталатын бүкіл ғаламшарды жойып жіберуге дайын тұр. Сондықтан егер осы тақырыпта әлі де жазар болсаңыз, мына «жаһандану» (глобализация) деп аталып жүрген тажалдан сақтандыруға көбірек көңіл бөлгеніңізді қалар едім. Ойлап көріңіз, төрт құбыласы түгел қарһәлләзи Еуропа да, семіздіктен жарыла жаздап жүрген Америка да оған бас қатырмайды. Оларға керегі де сол. Олар бізге қарағанда әккі де тісқаққан ақылдылар ғой, не нәрсені де теориямен, ережемен есептейді. Бірақ Жапонияға ядролық бомбаны тастап кеп жібергенде ғана зәресі зәр түбіне кетті. Ал Аралда не болып жатқанына олар әзір пысқырмайды да, бас ауыртпайды. Тіпті Алматы мен Бішкектегілердің өздері де бұл сұрапыл сұмдықтың байыбына баруға жетесіз болып отырғанда америкалықтарға не жорық?! Қазір ажалдың өңешіне қара құрдымға қарай кетіп бара жатқан жердің зарын, бүгінгі тіршілік атаулыға қатар төніп тұрған қауіп-қатерді айтып, жаһанға жан даусымен айқай салу үшін тек Сіздегідей жүрек, Сіздегідей сана керек!» - деген болатын [3, 67]. Ал оны ары қарай Н.Анастасьев пікірімен жалғастырар болсақ, былай дейді: «Жеке өз басым «глобализм» - жаһандану дегеніміз дәстүрлі сана мен постиндустриялық сананың тоғысындағы әлемдік кеңістіктен бағыт-бағдар табуға тырысушылықтың бір түрі деп білемін. Ал мұндай тоғысу апатқа, міндетті түрде дағдарысқа, тіпті ұлы жарылысқа да әкеледі. Ал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызында» тек Аралдың емес, бүкіл жұмыр жердің тас төбесіне келіп төніп тұрған экологиялық апат туралы терең ой, саналы адамзаттың қабырғасын қайыстырар қайғы дерті жоқ дей алмайсыз» [3, 69]. Бұл айтылған пікірлерден авторға айтылған бағаны көріп отырсақ, бір жағынан елге деген жанашырлық танытуды, қолдау білдіруді көріп отырғандаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Исабеков Д. «Қазақ әдебиеті» қазақ әдебиетінің кемеңгерін кемсітпек болыпты // Ана тілі.-2008.-20 наурыз-2 сәуір (№ 12-13). – 14б.
2. Кәрібаева Б. Көркем сын туралы сыр. Алматы: Жалын, 1983. – 210б.
3. Анастасьев Н. Ә.Нұрпейісов – адам тағдырының жыршысы/ Орысшадан ықшамдап аударған М.Кенжебай // Ана тілі. – 2009.-22-28 қазан (№42).- 6-7 б.. Таң Шолпан. – 2009.- №5. – 65-75 б.