Антонио Бандерас: "Қазақстан анамның арманын орындады"

Антонио Бандерас: "Қазақстан анамның арманын орындады"

Бүгін, қазанның 4-і күні Антонио Бандерас Алматыға ат басын бұрып, Алматыдағы «Kaspi Bank» бас ғимаратында тілші қауыммен кездесті.

Баспасөз конференциясына «Kaspi Bank»-тың директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, басқарушы директор Лариса Пак, "Аяла" фондының президенті Айдана Сүлейменова, ҚР денсаулық сақтау басқармасының Алматы қаласындағы басшысы Жанат Қасымжанова және басты қонақ Антонио Бандерас қатысты. 

Каспий банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе "Сіз үшін тағы не істей аламыз?" ұстанымын ұстанған «Kaspi Bank» үлкен сұранысқа ие голливудтық актерді елге әкелуге мұрындық болғаны үшін қуанышты екенін жасырмады. 

Баспасөз конференциясында Антонио Бандерас «Kaspi Bank» ұсынған 38 миллион теңгенің сертификатын "Аяла" қайырымдылық қорына "Тыныста, балақай" жобасы үшін өз қолымен табыс етті. "Аяла" қорының президенті Айдана Сүлейменованың айтуынша, қайырымдылыққа аударылған қомақты қаражат шала туған біраз баланың өмірі үшін үлкен маңызға ие болмақ. Ал Антонионың өзі: "Кез келген халық, кез келген мемлекет қандай болмасын, мейірімділікке лайықты. Менің ұстанымым мынау: "Өзіңіз наныңызды тауып жеп отырған қоғамға қаражатты міндетті түрде қайтарып беріңіз". Ал менің қайырымдылықпен не үшін айналысатынымның еш маңызы болмауы тиіс. Қайырымдықпен өз имиджім үшін айналысам ба, жоқ па, қандай айырмашылығы бар? Бастысы – көмекке мұқтаж балалардың бір дертіне шипа болу" деді. 

Баспасөз конференциясында актер алдағы жоспарларымен бөлісіп, жалғыздық туралы кино түсіретінін айтты. 

Бұл – актердің Орта Азияға жасап отырған ең алғашқы сапары. Кезінде анасы Антонионың банк қызметкері болғанын қалаған екен. Анасының арманы ақиқатқа айналып, Антонио бір күн Каспий банктің клиенттеріне қызмет көрсетпек. Ол ертең, қазанның 5-і күні Каспий банктің кеңсесінде қарапайым менеджер ретінде жұмыс жасайды. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза