Түркияның Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен «Has Sanat» өнер галлереясының ұйымдастыруымен «Заманауи қазақ өнері» көрмесі өтті.
Қазақ елінің мәдениеті мен өнерін таныстыруды мақсат еткен көрмеге Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев және «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейінов арнайы қатысты.
Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында дүние жүзінің көптеген елінде ашылған көрменің енді бауырлас түрік елінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. «Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың тек сауда мен экономикада ғана емес, мәдениет пен өнер саласында да жетілуі өте маңызды», - деді.
Бұл көрме халықаралық «Алтын ғасыр» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. «Алтын ғасыр» жобасы бұдан бұрын Ресей, Польша, Германия, Нидерланды, Аустрия, Бельгия сынды әлемнің көптеген елдерінде жүзеге асырылған болатын.
ҚР Суретшілер академиясының академигі, «Has Sanat» өнер галлереясының басшысы, көрмені ұйымдастырушы Жанна Еңсебаева өз кезегінде халықаралық «Алтын ғасыр» жобасының алғаш рет 2006 жылы Мәскеу қаласында ашылғанын, бүгінгі кезекті жиырмасыншы көрме Анкара қаласында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, көрмеде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Осман Хората, Ясауи Университеті ректорының уәкілі Муса Йылдыз, «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі суретші Армат Бектас, Қазақстан Республикасының көршілес елдерінің елшілері және Анкарада білім алып жатқан қазақ жастары болды.
Сан ғасырлық тарихы бар қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге насихаттауды көздеген жобаға 30-дан астам қазақстандық суретшілердің жұмыстары қойылды. Бұндай шаралар өнер арқылы қазақ халқының болмысын, өткені мен бүгінін, салт-дәстүрін, таным көкжиегін әлемге әйгілей түсері анық.
Көрмеден фотосуреттер:
Анкарадан арнайы Массагет үшін: Шерхан Талапұлы
Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы