- Негізгі бет
- Тұлға
- Анита Цой: "Алматыға...
Анита Цой: "Алматыға келе бергім келеді"
Белгілі сазгер Еркеш Шакеевтың 50 жылдық мерейтойына арнайы құттықтап келген ресейлік әнші Анита Цоймен сұхбаттасудың сәті түсті. Танымал әнші шығармашылық жаңалықтары мен Килиманджароға жасаған сапары туралы айтып берді.
Анита, қайырлы күн! Ару Алматымызға қош келіпсіз!
Рахмет көп-көп! Алматы менің сүйікті қалаларымның бірі. Бұл қаланың табиғаты көркем, ауа-райы тамаша, халқы жайсаң мінезді. Алыстан қол бұлғап, мен мұндалап тұрған қарлы шыңды таулар ше?! Не деген әсемдік! Сол тауларға қарап, биіктікке, әдемілілікке қалай құштар болмайсың?! Жылдың қай мезгілінде келмейін, Алматы мені жақсы қарсы алады. Өте қонақжай қала. Бұл қалаға қайта-қайта келе бергім келеді. Алматының өзіне тән ерекшелігі бар. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Қараңызшы, бүгін қандай ғажап күн! Жасыл желектер жайқалып, айнала гүлдеп, күн жарқырап тұр. Нағыз көктем! Мынадай қалада тұрып жатқан алматылықтар өте бақытты жандар.
Қаламыз жайлы жылы лебізіңізге көп рахмет! Анита, Алматыға бүгін досыңыз Еркеш Шакеевтің туған құрметіне орай келіпсіз. Еркеш Шакеевпен қалай танысып едіңіз?
Бір күні Арман Дәулетияров (ресейлік «МузТВ» арнасының директоры) екеуміз пойызбен кезекті концертпен бір қалаға кетіп бара жаттық. Купеде әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Көптеген мәселені талқыладық, іште жатқан сырларымызбен бөлістік, өкпе-наламызды айтып жаттық. Бір кезде Арман ұялы телефонын алып: «Анита, мына әнді тыңдап көрші. Досым Еркештің «Молитва» деген әні» деп әнді қосты. Әнді тыңдай жөнелген мен бұрыннан бері іздеп жүрген қазынама кенелгендей күй кештім. Бірден Арманнан Еркешпен таныстыруын өтіндім. Еркешпен танысқан сәтте-ақ, «Молитва» әнін жаздырып, өз репертуарыма қостым.
Яғни Еркеш ағамыздың өзінен бұрын, әуелі әнімен танысқан екенсіз ғой?
Иә. Білмеймін, егер сол кезде Арман екеуміз сырға толы әңгіме барысында ән тыңдамасақ, мен бұл әнді орындамас та едім. Әуелі Арманға үлкен рахмет. Арман Қазақстан мен Ресей арасындағы өнерпаздарды байланыстыратын бір көпір іспетті. Арман болмаса, Еркешпен де жақынырақ таныспас едім. Бұл өмірде ештеңе де кездейсоқ емес. Әр нәрсеге басқа дүние себепші болады. Бір әрекет басқаға тәуелді болады. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Армандай, Еркештей азаматтарымен қазақ елі толық мақтана алады деп ойлаймын. Мынадай азаматтарыңызды бағалап, қадірлей біліңіздер. Олар нағыз ер-азаматтар!
Ал сіз адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
Адам баласы менің түсінігімде, әуелі адал болу керек. Оның жүрегі таза, пейілі кең, көңілі мейірім мен жылулыққа толы болу керек. Мен адам бойындағы осы қасиеттерді жоғары бағалаймын. Игі ойы бар жан ешуақытта өзіне де, өзгеге де жамандық жасамайды. Оның кез келген әрекеті тек жақсылыққа толы болады. Өзі де айналасына тек жақсылық шапағатын төгіп отырады. Сондай-ақ, маған әрдайым күлімдеп жүретін жандар ұнайды. Мысалы, мына сенің күлкің маған ерекше ұнап тұр.
Көп рахмет, Анита!
Әрдайым осылай күлімдеп жүре бер. Жарай ма?! Ал негізі, адамның күлкісінен оның қандай жан екенін түсінуге болады. Мен кейбір адамдарды күлкісінен танып, біліп жатамын.
Қалай сонда?
Мысалы, кейбір адамдарын еріндерін жай қозғалтып, жымия салады. Осыдан оның қандай екенін түсінемін. Нашар адамның күлкісі де нашар. Өтірік күлкі ешуақытта өзгеге шаттық сыйламайды. Ол адамның көзі де ізгі пейілге толы емес. Ондай күлкі ешуақытта есте қалмайды. Бірден ғайып болып кетеді. Ал шын көңілмен күлімдеп, айналасына нұр төккен адамның көздері әр кез жадырап, жайнап жатады. Міне, мен адам баласын осылай танимын.
Қызық екен.
Бірақ, үнемі күлімдеп жүру керек екен дегенім орынсыз сықылықтап, біреуді мазақ етіп күлу деген сөз емес. Әр нәрсенің өз орны бар.
Түсінікті. Анита, ал сіз өмірде неден қорқасыз?
(Ұзақ ойланып) Ол туралы көп айтуға болады ғой...
Мысалы, кейбіреулер кәріліктен, кейбіреулері жүгіріп бара жатқан құмырсқадан, аяқ асты өлімнен қорқып жатады...
Ой, сен білесің бе, мені бір күні шайтан шақырып алып: «Сен маған қажет емессің. Еркіңмен жүре бер» деп айтты ғой (күлді)
Солай ма?!
Иә. Әзілім ғой. Мен көп нәрседен қорқамын, әрине. Бірақ, бұл қорқыныштарды басуға болады. Мен соны басу үшін әрекет жасаймын, талпынамын, тырысамын.
Жақында Килиманджароға барып, 5895 метр биіктікті бағындырып келдіңіз. Сол сапарыңыз жайлы айта кетсеңіз?
Мен кәсіби альпинистер бағындырып жатқан шыңдарды көргім келді. Килиманджарода туристер 4000 метр биіктікке ғана көтеріле алады. Бұл биіктіктегі табиғат керемет. Оның сұлулығын сөзбен жеткізу қиын. Жасыл желек жайқалып, құстар сайрап жатады. Таза ауа жұтып, демалуға да болады. Ал одан жоғары тек кәсіби альпинистер ғана көтеріледі. Мен солардың қатарына қосылғым келді. Осы жылдың қаңтар айында екі апта демалысымды сол сапарға арнау керекпін деп шештім. Өкінішке орай, менің бұл ойымды еш досым, еш жақыным құптаған жоқ. Бірақ, айтқанымнан қайтпайтын мен ғаламтор арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен өзіме серік болар жандарды іздестіре бастадым. Содан төрт шетел азаматы менің ойымды қолдап, біз жолдама сатып алдық. Әрине, сапарға шықпас бұрын мен Килиманджаро туралы барлық ақпаратты жинастырдым, көп оқыдым. Ол - Эверест емес, ол - Эльбрус емес. Оның үстіне Африка ең ыстық құрлық. Барлығы мен ойлағандай болады деген ойда болдым. Алайда, менің жайлы ауа-райы туралы ойларым расталған жоқ. Бізбен бірге гидтер, жүгімізді көтеруге көмектескен қара нәсілді жігіттер болды. Биіктікке көтерілгенде, қатты қиналдық. Шынымды айтайын, көтерілген әр метр сайын жүгімізді қайта жинап, кері қайтқым келіп тұрды.
Неге?!
Неге екенін айтайын. Биіктікке көтерілген сайын барлығымыз ауа жетпей, дем ала алмай қиналдық. Бұл сондай тау ауруы. Альпинистер оны «горняшка» деп атайды. Көтерілген сайын ауа-райы салқындай берді. Циклон ауысып, жел тұрды. Оның үстіне тау тастарынан шыққан шаң-тозаң, күл дұрыс дем алуға жол бермейді. Бәріміз «горняшка» ауруымен ауырып шықтық. Үнемі басың ауырады, бойыңда әлсіздік орнайды. Қайта-қайта 2-3 тал цитрамон дәрісін ішіп, тым болмаса, көзімізді ашып, басымызды көтеріп жүруді ойладық. Сондай-ақ, мұрныңнан үнемі тоқтамай қан ағады, ішкі құрылысың түгел ауырады. Қайта-қайта бүйрек пен бауырың шаншиды.
Мұның барлығына қалай шыдап бақтыңыздар?
Шыны керек, бұл бізге үлкен сынақ болды. Мұншалықты қатты боларын әуелгі бастан ешкім сезген жоқ. Менің жанымдағы серіктестерім де кері қайтуды көздеді. Бірақ, біз бір-біріміздің алдымызда ұятты болып қалудан қорықтық. Себебі, әрқайсысымыздың жүктеріміздің арасында өз еліміздің байрағы болды. Барлығымыз шыңға шығып, туымызды тігуді армандап келдік емес пе?! Сондықтан қиындықтарға төзіп, сапарымызды жалғастырдық. Күнделікті таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін жол жүрдік. Яғни таң атқаннан кеш батқанға дейін. Шатыр астында өмір сүрдік. Сол жақта жатып, сол жақта тамақтанып, сол жақта демалдық. Өкінішке орай, бізбен бірге шыңды бағындыруға келген басқа топ мүшелері қайғылы жағдайға ұшырады. Францияның бір азаматы қаза тапты, он шақты адамның аяқтары үсіп кетті. Осының барлығын өз көзімізбен көрдік. Жүрегімізге ауыр тиді. Бірақ, есімізді жиып, шыңға қарай ұмтылдық. Шүкір, ойымызды қанша қиналсақ та, жүзеге асырдық.
Бәрекелді! Анита, бұл сапардан қандай ой түйдіңіз?
Жоғарыда қорқыныштарымды жеңуге талпынамын деп едім ғой. Міне, осы сапар сол талпыныстардың бірі болды десем артық айтпағаным. Кез келген мақсатқа жету үшін адам баласы өзі әрекет істеп, талпынуы қажет. Өзіне сенуі керек. Сондай-ақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлық іске тек татулық пен бірлік арқасында жетесің. Айналаңдағы жандармен ынтымағың жарасса ғана, береке болады. Ол жандар сенің ата-анаң, ағайын-бауырларың, дос-жарандарың, көршілерің, тіпті, бейтаныс жандар болуы мүмкін. Бірлікпен ғана жеңіске жете алады екенсің. Менің түйгенім, міне, осы.
Анита, шығармашылығыңыз жайлы айтсаңыз. Жақында гастрольдік сапармен Ресейдің 16 қаласын аралап қайтқан екенсіз.
Иә, гастрольдік сапарларымды алдағы күндері жалғастырамын. Шоу-бағдарламамды Қазақстанға да әкелуді ойластырып жүрмін. Әуелі оны астаналықтар көретін шығар. Себебі, күні кеше Астана күніне орай шақыру алдым. Сонымен қатар, жаңа әндер жаздырып жатырмын. Бар жаңалығым осы.
«Massaget.KZ» қазақ ойын-сауық порталының қолданушыларына айтар тілегіңіз.
Барлықтарыңызға бақыт, мол шаттық және ашық аспан тілеймін! Әрдайым көктемдей жарқырап, жайнап жүріңіздер. Жүздеріңізден күлкі кетпесін!
Игі тілегіңіз бен сырлы сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Ғазиза Ұзақ
Суреттер әншінің жеке мұрағаты мен bnews.kz, about.kz, nsk.kp.ru сайттарынан алынды
Ғ. Ұзақ