Сүйікті жұлдызын әуежайдан күтіп алып, оны өз көзімен көріп қалу – жанкүйерлердің негізгі жұмысына жатады. Әлемдік жұлдыздар Airport style-ге ерекше мән беріп, ұшақтан түсіп, ел алдына шығуға алдын ала дайындалады. Сән әлеміндегі трендті әлемдік жұлдыздар дәл осы әуежайда қалыптастырады. Тіпті "Airport style-дің ішінен кімнің образы сәнді?" деген сұраққа жауап ізделіп, арнайы рейтинг жасалады. Әуежай стилінің басты құпиясы – ыңғайлы киіммен сәнді көріну.
Қазақстанда Airport style-ді қалыптастырған алғашқы жұлдыз – әнші Димаш Құдайберген. Ол әуежайдан қарсылаған жүздеген жанкүйерінің алдына көбіне қара көзілдірік, капюшон киіп шығады. Астана әуежайында киген қазақы шапаны ұлттық киімді күнделікті өмірге бейімдеуге үндеді.
Анжелина Джоли әуежайға көбіне өзінің сүйікті түсі болып саналатын қара түсті киім кигенді ұнатады. Көзілдірікті әуежай стилінің ажырамас аксессуары ретінде қолданатын әлемге әйгілі актриса балаларымен жүрсе де үнемі жинақы, сәнді киінеді.
Оңтүстік Кореяның сымбатты серісі, актер Ли Мин Хо әуежайда подиумда жүргендей киінеді. Ол өзін күтіп тұрған жанкүйерлері мен журналистерге ризашылығын білдіріп, ерекше ықылас танытады. Жастар күнделікті өмірде Ли Мин Хоның әуежай стиліне еліктеп киінуге тырысады.