Анджелина Джоли қатты науқас болуы мүмкін

37 жастағы голливудтық актриса Анджелина Джоли қатты науқас болып жүруі мүмкін. Бұл туралы Түркиядағы "Поста" газеті хабарлайды, деп РИА Жаңалықтар орталығы ақпарат таратуда.

Қазіргі таңда БҰҰ-ның ерікті елшісі болып табылатын Джоли жақында Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан сириялық босқындарға арналған лагерьге ат ізін салыпты. Актриса қайырымдылық шарасын өткеріп барып, Анкара қаласында Ямно Токатомен жасырын кездесу өткізген-міс. Келіп жеткен ақпаратқа қарағанда, Ямин бүгінгі таңда танымал түрік хирургтерінің бірі.

Аталған газет әйгілі бикештің дәрігерге айтқан сөздерін сөзбе-сөз келтіре кетіпті: "Егер бауырымды ауыстырмасам, өліп кетеді екенмін. Өзімді қалай арашалап қала алам?" Ал хирург болса, тез арада бауырды ауыстыру керектігін алға тартқан. 

"Поста" газетінің хабарлауы бойынша, "Оскар" сыйлығының иегері мен әлемнің ең көп жалақы алатын голливудтық актрисасы "гепатит С" деген айтып келмес аурудың біріне ұшырап отыр-мыс. Айта кететін болсақ, аурудың осы түрі бауыр қызметін нашарлатып, ірітіп жібереді екен.

Әзірше бұл ақпарат барлық түркиялық БАҚ құралдарында расталмай отыр. 

сурет:emma167.beon.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт