Бүгін, яғни тамыз айының он бесінші жұлдызы қазақ вальсінің падишасына айналған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Қазақтың бағына туған ұлы дарын иесі ұлтымыздың музыка қоржынына ауыз толтырып айтарлық үлес қосып кетті. Бүгінде қазақ музыкасын Шәмшісіз елестету тіпті де қиын. Оның шабытымен шалықтап шыққан талай туындысы қарапайым қазақты әнге баулыды. Бүгінгі қазақ қайда жүрсе де Шәмшінің кем дегенде бір әнін ыңылдап айтып жүреді.
Шәмші ағамыз өмірге келгенде оны Жәмшид деп атаған. Кейіннен бүгінгі есімін еншілеп алды. Құжаттары да осы есіммен тураланды. Сазгердің саудагер әкесі де өнерден құр алақан жан емес еді: қолынан домбырасын тастамайтын әкенің аты ақындық өнерімен де жаңғырған. Шәмнің шешесі де керемет дауысқа ие болған. Сазгер кішкентай кезінен бастап мандолинде ойнап үйренеді. Ер жете бастаған Шәмшінің бірте-бірте ән жазу қабілеті ашыла бастайды. Сол тұста ол өзінің ең алғашқы әндерін өмірге әкеліп, біртіндеп тұсауын кесе береді.
Қазақ саз өнерін көптеген лирикалық әндермен байытқан дарын иесі біршама шығармалардың авторы. Солардың ішінде «Ақ сұңқарым», «Қара көз», «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақ маңдайлым» сынды әндердің орны бөлек. Әр ән өзінше бір тарихты баяндайды.
Шәмші ағамыз 1965 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанса, 1980 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жұмысшысы болды. Ал өзі өмірден өтер шақта, яғни 1991 жылы ол халық әртісі атағына ие болып кетті.
Шәмшіні де, оның әндерін де елеусіз қалдырған ешкім жоқ. Ол халқының жүрегінде мәңгі тірі. Соның құрметіне 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қаласында облыстық филармония мен бір көше Қалдаяқов есімімен аталады.
Қалдаяқов есімі Алматы қаласының көшесіне де берілген. Шымкент қаласындағы блыстық филармония алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған.
1991 жылы Т. Ахметовтың режисерлік етуімен Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: azattyq.org, time.kz