Бүгін көзі тірі болғанда қазақтың белгілі ақыны, сыншы, әдебиетшi-ғалым,сарабдал мәдениеттанушы, ақеділ азамат Әмірхан Жұмабекұлы Балқыбек 49 жасқа толар еді. 2014 жылы қырық бес жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік оралмас сапарға бағыт алды. Бұл сапар қанша жүректі қайғыға орап, қанша көңілге мұң тастап кетті. ӘмірханБалқыбек1969 жылы 19 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1986 жылы Шардара каласындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітірді. 1989-1990 жылдары Шардара аудандық Өскен өңір газетінде тілші болып қызмет атқарды. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін 1995 жылы журналист мамандығы бойынша бітірген. 19952000 жж. Парасат, Жас Алаш, Ана тілі секілді республикалық басылымдарда қызмет атқарған. Қазақ әдебиеті газетінде әдеби сын бөлімінің меңгерушісі, Дала мен қала газетінде әдеби редактор болып қызмет еткен. Топтама өлеңдері Ауылдан ұшқан аққулар, Толқыннан толқын туады, Жас ақындар поэзиясының антологиясы секілді ұжымдық жинақтарға енген. Әмірхан Балқыбек Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Әдебиет саласы бойынша екі рет (1997, 1998) Президент стипендиясын иемденген. Сонымен қатар, Метамарфоза (1996), Сынған сәуленің шағылысуы (2001), Қасқыр құдай болған кез (2008) кітаптарының авторы. Бүгін ақынның туған күні қарсаңында оқырмандарға бір топ өлеңдерін ұсынамыз. Дон Жуан (Н.Гумилевтен) Қарапайым, асқақ әрі арманым, Ат үстінде өтсе деп ем өмірім. Сәлем жырды қанша аруға арнадым. Қанша арудың таптым екен көңілін? Қартайғанда еске ап мәсіх ілімін, Күн кешермін қоңырқайлау бір қалып. Балын сорып сұлулардың тілінің Ал әзірге қалу керек жырғалып. Ойсыз басым тойсыз күнді жек көрер, Қылыштаймын менсінбейтін қынабын. Көмейіме бір кекті айқай кептелер, Һәм зарыңды естімейді құлағым. Осы ғана қалған белгі көп күннен. Кетер сәтім кеудемдегі сөнгенде от. Бар айтарым пенделерге көрден кеп: Жер бетінде үнсіз азап шектім мен, Еш әйелден бала сүйіп көргем жоқ, Еш еркекті бауыр деген жоқпын мен. Анаға хат Жырменен жауламақ ғаламды, Ақынның жайын шын кім ұғар? Ойыннан шаршаған балаңды, Енді ой да шаршатар түрі бар. Анау жыл кетіп ем албұртып, Ол жайлы қызыма айттың ба? Мен емес, немерең сағынтып, Кеш болды, базардан қайттың ба? Тағы да суық үй баяғы, Тағы да от жағар өзіңсің. Соны ойлап жүрегі жаралы, Балашың қалайша көз ілсін. Тірлікте тауқымет бітер ме, Ол жайлы мен де енді ойланам. Шырқасам өзіңе жетер ме, Кеудемді кернеген қайран ән. Сезем ғой, сондықтан сұранам, Анашым, өтінем күрсінбе. Қызымды жұбатып жылаған, Өзің де жұбанып жүрсің бе?! Жол қайда тартуға төтелеп, Қыс өтсін, көктемде жетерміз. Алыстан сағыныш жетелеп, Біздер де, келінің екеуміз. Ұлың ем арманын арқалап, Қарамай жол тартқан талайға. Қай жаққа тартып тұр оң қабақ, Анашым, аман бол, жарай ма... Әке жыры Оңашада үйір екен ойға мұң, Ұлым сенің ертеңіңді ойладым. Кей ойыңның мінезінен шошынып, Кей қиялдың тәттісіне тоймадым. Ботақаным, бауыр етім, бүлдіршін, Сені әйтеуір бейбіт күндер күлдірсін. Қазір әкең тас қамалың жаныңда Ертең халің не болады, кім білсін? Екі ой басып, бірі күдік, бірі үміт, Отырғаным бір суып, бір жылынып. Сені мақтан қылар ма екем, жоқ әлде Бір ісіңнен кетер ме екен түңіліп. Ертеңіңді ойлаумен-ақ алқындым: Қызығына түспей атақ, алтынның, Тек әйтеуір намысы ояу, жүрегі от, Азаматы болсаң екен халқымның. 1996 ж. Қызым Қасиетке Кіргізетін кішкене үйдің қызуын, Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым. Қазір сенің былдыр қаққан бесігің, Ашар ертең кең дүниенің есігін. Аспан, күнді өз көзіңмен көрерсің, Жаратқанның құдіретін сезерсің. Ой ойларсың ұзақ түнге жатып ап, Не болмаса сол ойлыны бақылап. Тек әйтеуір адал болсаң болғаны, Осы болды жан әкеңнің арманы. Жағалауға жүзген жандай жан сала, Басы қатты ой-қиялдан қаншама. Сол ой-қиял сені де алып кетердей, Міне, отыр ол қасыңда жөтел қысса да жөтелмей Тілек айтпас дана бол деп ол саған, Тілек айтпас бала бол деп ол саған, Ерте ме кеш балалық шақ өтеді, Бір ғұмырға бір балалық жетеді. Кезің келер таным-талғам толысқан, Тек аман бол, өз ісіңе бекем бол, Бір адамға бір ғұмырға жетер сол. Жан әкеңдей сыйла туған тіліңді, Тіл деп жүріп жүрегі оның тілінді. Мінезімен ұқсап қалған далаға, Оған емес, ұқсашы ана анаңа. Көшесіне әкең ойы шашылған, Мына қала сипамайды басыңнан. Бір тұрғанда дала желі әкелген Өзгерек бол, кішкентайым, әкеңнен. Алда талай сырласар сәт бар әлі, Шешең сынды болсаң алғыр жарады. Ниеті мен пейілін де бірге алғын, Әлі талай жазылатын жырымда, Екеуіңді егіз қылып жырлармын. Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым, Кіргізетін біздің үйдің қызуын. 1997 ж. Ақын ғұмыр Асау арман кеудеге симағасын, Қиналасың, Ашыған ми боласың. Амал бар ма Ақынға алабұртпай Ару-өмір өрт-ғұмыр сыйлағасын. Өртенесің, Өртейсің, Жалындайсың, Таптырмайсың, Таппайсың Табылмайсың! Тірлігіңде Даланы әнің тербеп, Өлгеннен соң Өлеңде дамылдайсың. Шабыттансаң Шараңнан тасып тұрып, Армандарды қоясың асықтырып. Өмір ұқпай жүргенде өрлігіңді, Өмірді Өзің Кетесің ғашық қылып. Жаратылған жандарға Жасық болып, Сезіміңнен, Жырыңмен Ашып жорық, Ұқтыра алмай беймаза жүрегіңді, Сен де өмірге өтесің ғашық болып. Ащыны емес, кететін қырып тамақ, Мәңгіліктің суынан ұрттап ап, Көп өкінткен өзіңді өміріңе, Өлеңіңнен тұрасың күліп қарап. Ғасырларға куә боп, Көзіңді ілмей, Келер күнде не бопты өзің жүрмей?! Жырың жатса Сырласып жас ұрпақпен, Сұлу, сырбаз Сәкеннің сезіміндей. Күн кешкенмен ой дауыл, Көңіл ала, Жығылатын Жеріне өмірді ала, Қанша қызға жыр жазсын, Ғұмыр ғой ол, Шын ғашығы ақынның Өмір ғана! Өлгеннен соң береді төрін дала... 15.02.1993 ж. СӘУЛЕ-СЕЗІМ Астасып кететін жер Аспан Белге, Білмеймін, Өлеңнен бе, тастан ба әлде, Әйтеуір бір ескерткіш Қоям саған Табынар, Келер ұрпақ дастан дер де. Ол Дастан Өлең-Дастан, Сезім-Дастан, Теңіздей кемерімнен кезім тасқан. Сәулесі жарық Дүние шығар бәлкім, Сәтте бір көріп қалған Көзімді ашқан. Бәрібір, Мейлі Аспан жақ Жаңғырықсын, Тау көшсін, Шыңдар шөксін таң қылып шын. Табиғатта тұрақты Ештеңе жоқ, Мен де өшем, Бірақ та сен мәңгіліксің. Сәуле-сезім! мамыр, 1991 ж. Айыбы Суға кеткен сол шайырдай мен де енді, Жөн санаймын көресімді көргенді. Жазған, білем, Талайыма, бағыма Жанарыңа шымдай батып Өлгенді. Қасқыр сынды кіріп кеткен қораға, Түрім мынау, Тілім келмес тобаға. Айтсаңшы енді, Үздіктірмей, Үзілтпей, Анау ара айнала ма молама... Содан кейін Арманы асқақ ақынға Өткенді айтпай, Өкпеңді айтпай, Ары жүр, Сұлулықтың сырын ұққан пақырға Жұмағың не, Тозағың не, Бәрібір! 1997 ж. * * * Арман-ай, арман жаураған, Қайтейін, болса күлкілі: Бір ұлды менен аумаған Тұрсаң-ау иіскеп бір күні. Тілеп ем сондай бақытты, Тілем ем бүкіл жаныммен. Біз жайлы жырды осылай Жазсам ба деп ем қаныммен. Жазсам ба деп ем қаныммен, Тәніңе және жаныңа. Қыспақта қалдым тағы мен, Алыстап кеттің тағы да. 2.07.2007 ж. * * * Бүгінгі күн жұрттың бәрі ақылды, Топқа түскен шешендерше сөйлейді. Арманына адал болған ақынды, Құдай атқан жындысың деп жерлейді. Білмейді олар жырлар барын өлмейтін, Орға жығып өрге ұмтылған өремді Бір жолынан бір теңге де өнбейтін Таста дейді қайыры жоқ өлеңді. Олар үшін шабыт ермек арысы, Ал, ақын ше? Қиялилар көсемі. Жыр қуғанның болмайды екен намысы, Және ез екен соңына ерген өсегі. Амал бар ма айтақтаса сайтаны, Не айта алам өкпесіне бауырдың. Бірге шырқар қазағымның байтағы, Бір ұлы жыр жазсам ба деп ауырдым. Өлеңіне Абай ақша алмаған, Махамбет те толғанған жоқ теңге үшін. Баба көшін болашаққа жалғаған, Өрлесе тек ұлы рухтар өрлесін. Сол емес пе ед ашқан көңіл сарайын, Сол емес пе ед дәріптеген көнемді. Арманы тек ақша болған ағайын Өлтіре алмай жатыр бүгін өлеңді. 06.11.2011 ж. * * * Үй бар еді шетінде бір ауылдың, Сол үйде алғаш өлеңменен ауырдым: Тысқа шықсаң түк көрінбес түндерде, Күйін тыңдап өскеннен соң дауылдың. Жан ұшыра жел ұлыса далада, Елегзисің үрей кіріп санаға. Майшам түбі, Ертегі айтса жан әке, Одан артық не бар дейсің балаға. Сыртта боран азынаса уілдеп, Мұнда ертегі кейіпкері тірілмек. Ер Төстікпен қауышасың қуана, Алпамыспен кездесесің дірілдеп. Ал сыртта ше, майдан болып жатқандай, Адырнасын біреу шіреп тартқандай. Әлдекімді әлдекімдер бұғаулап, Әлдекімді ажал іздеп тапқандай. Әлдекімдер әлденеге асығып, Және әлдекім әлдекімге ашынып, Сол ашуы бұрқ-сарқ қайнап әп-сәтте, Және әп-сәтте қалатындай басылып. Іште ертегі, сыртта соның көрінісі, Бір қауіптің келетіндей төнгісі. Соның бәрін сезіп-біліп қойғандай, Майшамның да келмейтіндей сөнгісі... ... Майшам сөнбей сен пырылға басасың, Қиялыңмен алты қырдан асасың. Қиындықтың бәрін жеңіп түсіңде, Қаһарман боп, шадыман боп тасасың... Таң атқанда оянасың батырдай, Таң атқанда оянасың ақындай. Төңіректің бәрі сенің өзіңдей, Төңіректің бәрі саған жақындай. Өзің болсаң ертегінің ерісің, Аязды түн жалғыз жортқан бөрісің. Жалғыз ғана мына сенің арқаңдай, Табиғаттың тапқандығы келісім. Түн қойнында келген қолдың қайысып, Бәрін өзің жеңген сынды сайысып. Әкең, шешең, әпше, інілер қасыңда, Сәлден кейін отырасың шай ішіп. Міне, осы ғой балалық шақ ертегі, Түні дауыл, ал тыныштық ертеңі. Сол жалғыз үй, шетіндегі ауылдың, Әлі күнге сағынамын мен сені. Үй бартын-ды шетінде бір ауылдың, Сол үйде алғаш өлең-жырмен ауырдым. Осы жерде дүниеге келіпті-ау, Түсінетін ақын тілін дауылдың. 18.09.2011 ж. * * * Жандүниесін қарақшы уақыт тонаған, Қиын, білем, болу ақын анасы. Күндіз маза таптырмайды ой оған, Ұйықтатпайды түнде жүрек жарасы. Ақын ұлы адасқандай жапанда, Не аязда қалып қойған секілді. Суық бөлме, шамды өшіріп жатарда Үрейлі ойға көміледі ол не түрлі. Сосын үнсіз сөйлеседі менімен, Қиялында қиқар ұлын тауып ап: Маза кетті мына Құдай көгінен, Қалмадың ба, дейді, балам жауырап? Ақындарды деуші ед ессіз, қарағым, Ессіздіктен көз шығады білгенге. Дос болуды қоймаса егер арағың, Алыс емес шатағың да, түрмең де. Қой, қой балам, әкең қоймай кетті ғой, Қоймағанда көрге кірді, не тапты? Анам солай сөгіп-сөгіп алады, Ақын ұлын аймағына атақты. Ел ме, жел ме, кім жеткізед, білмеймін, Анам сап-сау жүргеніме сенбейді. Сені өлтіріп қара жерге кірмеймін, Мен өлейін, өлсең сосын өл дейді. Мұңлы сөзі жеткен кезде санама, Құрысын деп мұндай шатақ атағың, Қиялымда аман бол деп анама, Төсегімде іштей жылап жатамын... 19.09.2011 ж.