Алсу жеке өмірін құпияда ұстайтын әншілердің қатарында. Жеке өмірін сырт көзден мұқият қорғаштап, ол ешқашан қыздарымен көпшілік ортаға шықпай келген. Бірақ жақында әнші «Kinder Муз Awards» музыкалық жүлдесін салтанатты табыстау кешіне ерекшелік жасап, екі қызын ертіп әкелді.
Осы уақытқа дейін әншінің жанкүйерлері оның отбасы мен өмірі жайлы ештеңе білмейтіндерін айтып, әншіге біраз реніштерін де білдірген еді. Былтырғы жылы Бірінші арна Алсу жайлы «Мен ханшайым емеспін» атты деректі фильм ұсынды. Онда әнші отбасылық өмірі мен ана болудың қыр-сыры жайлы айтып қана қоймай, үйін, балаларын және ата-анасын көрсеткен еді.
Жеке өмірінің шымылдығын сәл ашып, Жаңа жыл қарсаңында журнал бетіне балаларымен түскен фотосессияны ұсынып, көрермендерін тағы қуантты.
Алсудың жүлде табыстау кешіне қыздарымен келгені жұртшылық арасында ажиотаж тудырды, өйткені бұған дейін әнші ешқандай шараға қыздарымен бармайтын. «Белгілі бір сәтке дейін жолдасым екеуміз қыздар өскенше көпшілік ортаға шығармаймыз деген ұстанымда едік. Балаларымызды баспасөз өкілдерінің басты тақырыбына немесе жарнамасына айналдырғымыз келмеді» - деп мәлімдеді Алсу.
Айта кететіні, Сафина мен Микелла сол кеште өте бақытты көрінді. Қыздар бейнекамералардан қорықпай, керісінше – журналистер мен фотографтарға жымиып, өздерін бір қалыпта ұстады.
Қыздарын неге дәл қазір көрсетуді шештіңіз деген журналистердің сұрағына әнші: «Қыздар есейді және концерт пен түсірілім іс-шаралары оларға да қызық. Үлкен қызым 7-де, ал кішіміз 5-ке толды және сахна сыртында не болып жатқанын білулеріне толық негіз бар» - деп жауап берді.
«Сафинаның түр келбеті әкесіне ұқсайды, бірақ мінезі маған тартқан, ол мен сияқты сабырлы, салмақты - дейді Алсу. - Микелланың түр келбеті маған келеді, ол бізде аққұба. Ол – от сияқты. Ән айтқанды жақсы көреді, даусы зор, жұрттың назарында жүруді қалайды. Қыздарымыз кейде бізді үйретеді. Олардың да пікірін білуіміз керек. Біз бұны қалыпты нәрсе деп қабылдаймыз, өйткені олар тұлға болып бой жетулері керек» - деп сұхбат берген екен әнші телебағдарламалардың біріне.
Сурет: comode.kz, glamlemon.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина