Белгілі журналист, Tengrinews.kz, Vesti.kz және Massaget.kz сайттарының негізін қалаушы, Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаевты Алматыда ақтық сапарға шығарып салды. Ғалымдар үйінде өткен қаралы жиынға марқұмның туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының әкімі және Ақпарат және әлеуметтік даму министрі қатысты.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көңіл айта отырып, марқұмның өмірде, медиа саласында құбылыс болғанын айтты.
"Батырдың қайтыс болғаны туралы хабарды естігенде сене алмадым. Досымыз бен ағамыз мұнша ерте кетеді деп ешкім күтпеген еді. Батыр бәріміз үшін де қымбат жан. Ол журналистер ортасындағы жарқын тұлға еді. Мен онымен қуанышта да, қиын-қыстау күндерде де бірге болдым.
Батыр сияқты жүрегі таза адам сирек кездеседі. Әсіресе, оның қай кезде де жаңашыл, көшбасшы әрі болашаққа нық сеніммен қарайтын тұлға болған медиа саласындағы жұмысы бір төбе. Ол әрқашан жаңа идеяларды кені болатын, соншалықты жанып тұрған мұндай адамдар, өкінішке қарай, өмірден тез кетеді екен” - деді Ерболат Досаев.
Профессор, медицина саласының ғалымы Алмаз Шарман Батыр Қазыбаевтың Қазақстанның дамуы үшін, әсіресе, медиа саласында аянбай еңбек еткенін тілге тиек етті.
"Ол ерекше із қалдырды. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Бүгін мұнда Батырдың туған-туыстары мен ағайындары, елге белгілі тұлғалар мен зиялы қауым жиналды. Осы күндері көңіл айту жеделхаттары бірнеше рет келіп түсті", - деді Алмаз Шарман.
Осылай деген Алмаз Шарман Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді.
“Өмірде адал еңбек етіп, өз ісінің білгір маманы ретінде соңына өшпес із қалдырған Батыр Кәкімжанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды", - деп жазылған Президенттің жеделхатында.
Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Асқар Омаров отандық БАҚ-тың үлкен шығынға ұшырағанын атап өтті.
"Батыр Қазыбаев ұлттық журналистика тарихында ерекше із қалдырған мықты медиа-менеджер болды. Онымен кездесулеріміздің қай-қайсысында да әрқашан жаңа жобалар мен идеялар айтатын. Мысалы, оның бір ғана жобасы – Tengrinews-ті алайық. Бұл еліміздің ең жақсы ақпараттық порталы, шетелде де танымал. Басқа да мықты медиа жобалар бар. Әріптесімізден, досымыздан, жақын адамымыздан айырылдық. Бірақ оның жарқын бейнесі біздің жадымызда және жүрегімізде мәңгі сақталады.
Батыр Қазыбаев Қазақстан журналистикасында ел үшін елеулі жобаларды жасаған бірегей тұлға. Оны біздің медиа алаңымызды нұрландырған, көптеген ірі жобалар мен өзіндік журналистика мектебін тудырған құйрықты жұлдызға теңеуге болады", - деп атап өтті Омаров.
“Таң Медиа Групп” директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов Батыр Қазыбаевтың әрқашан бар білімі мен қуанышымен бөлісетінін айтты.
“Батырмен бала кезімізден доспыз, бір-бірімізді КазГУ-дан білеміз. Әу бастан-ақ танысқаннан бастап дос болдық, Батыр компанияның жаны. Әрқашан ел назарында, әрқашан идеяларға толы адам болатын. Себебі, Батырмен сөйлескенде оның идеяларына, жарқын ойларына қанық боласың. Ол нағыз көшбасшы, жаңашыл адам еді. Батыр тамаша менеджер, медиа ұйымдастырушы ретінде бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі медиа құрылымды құрды. Батыр бастамашы болған Spirit of Tengri жобасы халықаралық деңгейге көтеріліп, соның арқасында еліміздің, Қазақстанның бренді алға шықты. Батыр – жарқ еткен құйрықты жұлдыз. Бірақ оның қалдырған ізі, осы рух біздің қалада қалады. Оның бір бөлігі біздің жүрегімізде. Батыр, сенсіз бізге өте қиын болады”, - деді Байтасов.
Қазақстандық экономист, қоғам және саяси қайраткер Оразалы Сәбденов “Жаңа Қазақстанды құруға қажет адамны бірі Батыр Қазыбаев екенін, оның арамыздан ерте кеткені орны толмас шығын екенін айтты.
"Бүкіл ел үшін бұл үлкен шығын. Мен екі ғасыр бойы Қазақстанның дамуы үшін аянбай еңбек еткен Қазыбаевтар отбасын жақсы білемін. Әкесі Кәкімжан Қазыбаев – Коммунистік партияның Орталық Комитетінің хатшысы, жазушы болған. Қазақстан идеологиясын басқарған. Анасы Орынша Қарабалина-Қазыбаева, еңбек сіңірген ұстаз, жазушы. Үлкен ұлы Нұртас Қазыбаев елге танымал хирург, мыңдаған адамға ота жасап, емдеген білікті маман. Кіші ұлы Батыр Қазыбаев ақпарат дәуірінің адамы, жаңа өркениет пен жаңа қоғамның жарқын тұлғасы болды. Қоғамды ақпараттандыру әлемді билейді деген ақиқатты бірінші болып мойындап, бұл үшін жаңа жобалар жасады. Ол жаңашыл адам еді.
Нұртас та, Батыр да 53 жасында арамыздан кетті. Бір шаңырақта осындай екі жарқын тұлғаның жоғалуы тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен шығын. Жатқан жері жайлы болсын”, - деді Сәбденов.
Айта кетейік, Батыр Қазыбаев белгілі қазақ журналисі және жазушысы Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Ол 10 жылдан астам уақыт бойына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары, “Жұлдыз FM”, “Ретро FM Қазақстан” радиостанциялары, СТВ телеарнасы кіретін медиахолдингті басқарды. Жетінші арнаның құрылуы, The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалінің негізін қалады.
Батыр Қазыбаев ауыр науқастан 53 жасында дүниеден өтті. Марқұм Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленді.