Қазан айының алғашқы жексенбісі ресейлік танымал жұлдыздар Алла Пугачева мен Максим Галкин үшін бақытты сәттерге толы болды: олар ата-ана атанып отыр. Көптен күткен ұлы той! Жұлдызды жұптың жанкүйерлері үйлену тойынан бері осы қуанышты тілеген болатын. Міне, енді оларда егіз сәби бар. Есімдері – Лиза және Гари.
Ерлі-зайыптылар суррогат ананың қызметіне жүгінген. Суррогаттық ана туралы әлі күнге дейін нақты ақпараттар жоқ. Бір жыл бұрын А.Пугачеваның 23 жастағы жанкүйері суррогат ана болуға дайын екенін мәлімдегені анықталды. Жас келіншек өз «қызметін» 1 млн рубльге бағалаған. Солай болса да, олар Пугачева мен Галкинның биологиялық балалары саналады. Жұлдызды ата-ана бөбектерін үйлеріне әкеліп, ата-ана рөліне кірісіп кетті.
А.Пугачева мен М.Галкин 12 жылдан бері отасып келеді. Алланың жасы – 64-те, Максимнің жасы – 37-де. Пугачеваның бірінші некеден қызы бар, ал Галкин алғаш рет әке атанып отыр.
Олар балалы болу туралы жоспарларын ешкімге айтпаған. Бұл туралы Алланың қызы Кристина Орбакайте мен Максимның ағасы Дмитрий ғана білген екен. Жұлдызды жұп тек алтыншы қазан күні ғана достары мен туыстарын жинап, қуанышты хабарды мәлімдеді. Тіпті, балаларға арналған бөлме де алдын ала дайындалған. Алғаш рет әке атанып отырған Максим бөбектерін күндіз-түні мамандандырылған күтіммен қамтамасыз еткісі келетіндігін айтып отыр.
Қуаныш иелерін құттықтаған примадоннаның бұрынғы жұбайы Филипп Киркоров "қыздың Аллаға, ұлдың Максимге ұқсайтындығын" айтып жұртты таңғалдырды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: dkvartal.ru, pln-pskov.ru