5 наурыз – Әлихан Бөкейхан туған күн. Ұлт көсемінің туғанына 150 жыл толуына орай көптеген жерде игі шаралар өтіп жатыр. Оған Алаш зиялысының зиратына туған жерден әкелген топырақты салып, ата-баба салтымен құран бағыштаған ұрпақтары дәлел бола алады. Мәскеудегі қазақ жастары мен қандастары жиналып бұл шараны өз деңгейінде атқарды.
Мәскеуде өткен дөңгелек үстел басындағы жиын осы шараның сабағын жалғады. "Әлихан Бөкейхан – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Әлихан Бөкейханның туысы, белгілі тарихшылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастары қатысты.
Бұл шара Мәскеу төрінде тұңғыш рет өткізілді. Дөңгелек үстел Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту, кемеңгердің еңбектерін талқылау, Мәскеудегі қазақ ұлыстарының арасында алаш зиялысы Әлихан жайында танымдық тағылымдар айту мақсатында ұйымдастырылды.
Шараның модераторы Ресей Халықтар достастығы университетінің ғылыми проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Қирабаев Нұр Серікұлы алғы сөз сөйледі. "Тарих бетінде сақталған ұлылар ешқашан ұмтылмайды. Сондай ұлының бірі – Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ даласының дербес елге айналғанын қалады. Тек саяси мәселелерді шешумен шектелмей, қазақ тарихы туралы көп мұрағат қалдырды" деп сөз кезегін, тарих ғылымдарының докторы, профессор, РФ-ның жоғарғы кәсіби білім беру ісінің үздік қызметкері, алаштанушы Аманжолова Дина Ахметжанқызына берді.
Тарихшы өз сөзінде "Әлихан Бөкейханов Кеңес мезгілінде бір емес, екі елдің күрмеуі шешілмеген мәселелерін де шешіп жүрген ұлы саясаткер болған" деп баға берді. Сонымен қатар Бөкейхановтың барлық адаммен тілтабысқыш болғанын, оның әлеуметтік-саяси және партиялық-саяси тақырыптарда да алғырлық таныта алғанын айта кетті. "Әлихан қандай ерекшелігімен Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты атанды? Ол қазақ сахарасынан әділдікті, туралықты үйренген. Омбыда, Санкт-Петербургте білім алып жүріп, көшбасшылық қабілетті өзіне сіңіре білді. Бұл қасиеттерінің бәрін туған топырағынан сіңіріп келген" деді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері Институты директорының орынбасары, Орта Азия және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі Сыздықова Жібек Сапарбекқызы өз кезегінде ХХ ғасыр басында қалыптасқан қазақ интеллигенциясының әрбір іс-әрекеті ХХ ғасырдың соңында үлкен жеміс бергенін айтты. "Олардың еңбектері еш зая кетпегенін Қазақстанның қазіргі күйі дәлелдей алады. Ал ендігі басты мақсатымыз Бөкейхановтың еңбектерін Еуразия кеңістігінде кеңінен тартуымыз керек" деді Жібек Сыздықова.
Химия ғылымдарының докторы, "СТАНКИН" ММТУ-дың "Инженерлік экология және қауіпсіздік" және "Экономикалық теория және кәсіпкерлік негізі" кафедрасының профессоры, Әлихан Бөкейханұлының туысы Бөкейханов Нұрым Райымжанұлы атасы туралы сыр шертті. "Біздің отбасымызда бала кезімізде "Ахаң" деген есім көп аталатын. "Ахаң" деп отырғаным – Әлихан. Атам Әзіхан – Әлиханның туған інісі. Әлиханның ақталғаны туралы хабар әкем Райымжанға хат ретінде келген. Ол Әлихан туралы деректер мен құжаттарды жинап жүрген. Әкем жиған-тергенін ағам Сырымға табыстаған. Ол 90-шы жылдары кітап шығарған еді. Биыл барлық деректі жинап, Әлиханның әдеби-тарихи мақалаларының басын біріктіріп жаңа кітап шығарғалы отырмыз" дей келе, осындай кешті өткізген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
РҒА Мемлекет және құқық Институтының РhD докторанты Дауталиев Қазыбек алдымен, ұйымдасырушылардың жастар болғанына қуанышты екенін жасырмады. Әлихан Бөкейхановтың ұлт үшін атқарған қызметтерін айта келе, "Қазір, міне, Мағжан сенген жастар осындай құнды істерге сұраныс танытып отырғандықтан, біз де өз кезегімізде тартынып қалғымыз келмейді. Осындай бастамаларды ары қарай кеңейте түсуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені, біз әлеммен еркін тілдесе алу үшін ұлттық танымды арттыра түсуіміз қажет" деді.
Жоғарыда айтылған ойлар жасалған баяндамалардың бір парасы ғана. Дөңгелек үстелдің жалғасы пікір алмасуға ұласты. Қатысушылар айтылған тың тақырыптарға тоқталып, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Атаулы күнге орай ұйымдастырылған шараларға ұйытқы болған порталымыздың Мәскеудегі тілшісі Молдажанов Ербол мен Ресейдегі Қазақстан студенттері бірлестігінің басшысы Төлебаев Қаршыға дөңгелек үстелдің ресми бөлімін қорытындылады. Осы шараларды ұйымдастыруда көмек берген азаматтарға, РФ-дағы ҚР-ның Елшілігіне зор алғысын білдірді. Сонымен қатар "Мәскеуде білім алып жатқан Қазақстан студенттерінің бірлігі болмаса, мұндай іс-шара осындай деңгейде өтпес еді" деп, жастардың ынтымағына баса назар аудартты.
Шара Мәскеудегі қазақ жастары ұйымдастырған әдеби-сазды кешпен аяқталды. Домбыраның шанағынан әсем күй төгіліп, ән де орындалды. Әлихан Бөкейхановқа арналған өлең де оқылды.
Кеш соңында қатысушылар атаулы күнді естелікке айналдыру үшін суретке түсті.
Суреттер сөйлесін: