- Негізгі бет
- Тұлға
- Әлеуметтік желіде отырмайтын...
Әлеуметтік желіде отырмайтын жұлдыздар
Бұл күні әлеуметтік желіні пайдаланбайтын жұлдыздар кемде-кем. Әлбетте, әлеуметтік желі – қандайда бір әншінің шығармашылығы жайлы халықтың пікірін білуге оңтайлы жол болса, екінші жағынан жарнама үшін таптырмас құрал. Тіпті жұлдыздармен сұхбат барысында да, кімнің қандай әлеуметтік желіде отыратынын сұрау негізгі сұрақтардың біріне айналды. Алайда, олардың арасында әлеуметтік желіге қызықпайтын, оған уақыт жұмсамайтын жұлдыздар да жетерлік. Олар артық жарнаманы қажетсінбей ме, әлде техниканың тілін түсінбей ме? Өздерінен сұрап көрелік.
Сефуллин Жолбарыс, әнші, композитор: "Енді біздің жасымыз келді, бір жағынан отбасы, жұмыстың бабымен әлеуметтік желілерде отыратын уақыт жоқ. Сонымен қатар, қасымда інім, көмекшім бар, интернеттегі қандай да бір жаңалықтарды сол хабарлап отырады. Жақында өз ресми сайтымды ашпақшымын. Бәлкім содан кейін кіріп тұратын шығармын. Әйтпесе, интернет деген рақат қой. Өзім интернеттен кітаптар оқимын, фильмдер қараймын, атақты адамдардың өмірбаяндарын оқимын. Жалпы тек ақпарат алу үшін пайдаланамын. Ал әлеуметтік желіге аса қызығушылығым жоқ. Бірақ қызым, «Папа, қорықпа сен де бір күні тәуелді боласың, соған келе жатырсың» деп күліп қояды".
Күнсұлу Тұрғынбекқызы, актриса: "Бұрын бір рет «Мой мир» әлеуметтік желісіне тіркеліп, қарап тұратынмын, кейін оны қарауға да уақыт болмай кетті. Басқаларын қолдана алмайды екенмін. Түнгі сағат он бір, он екіде үйге келген соң, сүре жаттап, хадис оқу одан құрлы пайдалырақ сияқты. Мен жалпы техникаға аса икемім жоқ адаммын. Тіпті көлігім бар болса да, өзім таксимен жүремін. Жақсылап бір отырып үйренсем, алып кетермін. Ал былай аса қызығушылығым жоқ".
Жанар Доғалова, "Кешью" тобының әншісі: "Менің әлеуметтік желілерге уақытым да, қызығушылығым да жоқ. Айдана («Кешью» тобының солисі) барлық қажет ақпаратты, топтың шығармашылығы жайлы халықтың пікірін айтып отырады. Арамызда компьютер, интернетке ең бейімі де сол. Мен уақытымды кітап оқуға, ән жазуға, жалпы шығармашылығыма арнағанды жөн көремін".
Серік Сәпиев, боксшы: "Facebook" әлеуметтік желісінде тіркелгенмін. Бірақ оған кіруге көп уақыт бола бермейді. "Twitter", "Вконтакте" желілерін мүлдем пайдаланбаймын. Оған уақыт та жоқ. Маған хаттар электронды поштама келеді. Адамдармен сол арқылы байланыс жасаймын".
Қарақат Әбілдина, әнші: Ондайға әуес емеспін. Менде интернетке кіріп, хат жазысып, болмаса суреттерімді жариялап отыратын уақыт тапшы. Қызығы сол, ғаламторда «Қарақат Әбілдина» боп жүргендер көп екен (күліп). Бірақ жаһандық желінің не екенін білемін. Қолым қалт еткенде қызықты жаңалықтар оқып, бейнекөріністерді тамашалап тұрамын.
Ешқандай әлеуметтік желіні пайдаланбайтынымен ерекшеленіп келген халық сүйіктісі Мейрамбек Бесбаев та көпшіліктің сұранысымен жақында Instagram желісіне тіркелген болатын. Кім біледі, бәлкім аты аталған жұлдыздар да бір күні әлеуметтік желінің, оның ішінде "Массагеттің" құрығына түсер?
Сурет: kaz.classtime.kz, vk.com, aynaline.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина