Францияның аты аңызға айналған актері Ален Делон Алматыда болған кезінде 16 каратты бриллиантын жоғалтып алыпты. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпараттық порталына шара ұйымдастырушысы Оксана Цурик хабарлаған.
Делон оңтүстік астанаға 2011 жылы келген екен. Бірақ ұйымдастырушы топ бұл туралы БАҚ өкілдеріне енді ғана айтуды жөн көріпті.
Оксана Цуриктің айтуы бойынша, 300 мың долларға бағаланған асыл тасты актерге Алматының белгісіз бір бақуатты тұрғыны сыйлаған екен. Ал құнды зат актерге Алматыны таныстыру барысында, түсіп қалған болуы керек деген ойды да ұйымдастырушылар айтуда. Ален Делон бағалы сыйлықты қайда қойғананын, кімге бергенін есіне түсіре алмай ашу шақырған көрінеді. Бұл оқиға үшін ол тіпті жылап жіберді дейді көргендер. Бірақ актер бар кінәні өзінің біраз егде тартқанынан көріпті.
Еске сала кетсек, атақты «Зорро» Алматыға екі жыл бұрын келген кезінде өзінің қолсағатын аукционға қойған. Хронометрлер оның «тауарын» 17 мың долларға сатып алыпты. Тіпті «Ален Делон» маркалы қолсағаты 10 мың долларға бағаланып, түскен қаржының барлығын да ол қайырымдылыққа аударған екен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tengrinews.kz