Уильям Джеймс Сидис 1898 жылы 1 сәуір күні Нью-Йорк қаласында туған. Ол Украинадан шыққан еврей имигранттың баласы болған. Әкесі Борис Сидис Гарвард университетінде психологиядан дәріс берген, өз заманында АҚШ-тағы ең жақсы психолог, психиатр ретінде танылған. Ал анасы Сара 1897 жылы Бостон Медицина уинверситетін бітірген, бірақ Уильямның тәрбиесімен айналысу үшін мансабын тастап кеткен.
Уильямның ата-анасы өздерін қоғам сынағанына қарамастан, баласын кемеңгер етіп өсіруге бар күшін салып, өзіндік әдіс-тәсілдерін қолданады. Уильям 18 айға толған кезінде «Нью-Йорк Таймс» газетін оқи алатын болған, 6 жасында өздігінен атеистік көзқарас қалыптастырған, 8 жасында төрт кітап жазған. IQ деңгейі әлемде ең жоғары 250-300 көрсеткішке жеткен. 11 жасқа толған кезінде Гарвард университетіне түсіп, ең жас студент атанды. Ол Америка тарихын, ғарыш ғылымы мен психологияны зерттеп жазып, артына көп еңбек қалдырды. Теміржол билеттерінің топтамасын да жинап, транспорт жүйесін зерттеумен айналысты. Франк Фалупа деген лақап атпен теміржол билеттері туралы трактат жазды. 1930 жылы кібісе жылына арналған шексіз де тұрақты күнтізбе үшін патент алды.
Дж.Сидис шамамен 40 тіл білген, ол кей ғалымдар еңбегінде 200 тіл деп көрсетілген. Онымен қоймай бір тілден екінші тілге еркін аудара беретін болған. Өзі сегіз жасында жазған «Book of Vendergood» кітабында жаңа Vendergood тілін ойлап тапқан. Бұл тіл көбіне латын және грек тіліне негізделіп, сонымен қатар француз, румын, неміс, тілдері негізінде жасалған.
Уильям қоғамдық ортада белсенді болған жоқ. Жас кезінен бастап қарым-қатынастарға өзіне шектеу қойып, тек білімін дамытумен айналысқан. Оның қызығушылықтары экзотикалық қалыпта дамыған. Ересек шағында әдеттегі ауыл адамдарындай киініп, қарапайым есепші қызметін атқарған. Оның ерекше дарынын басшылық танып қойған кезде өз еркімен жұмыстан кеткен. Ол атақты болудан қашқақтап, журналистерден жасырынып өмір сүрген.
1944 жылы 46 жасына жеткенде миына қан құйылып, Бостонда қайтыс болған. Ол туралы жазылған ғұмырнамалар Уильямның ең дарынды адам болғанын мынадай деректермен растайды:
У.Сидис бір жасқа жеткенде жаза білген.
Төрт жасында Гомерді аударма әдебиетінсіз, түпнұсқасынан оқитын болған.
Алты жасқа келгенде Аристотель логикасын игерген.
4-8 жас аралығында төрт кітап жазып аяқтаған. Оның ішінде анатомия туралы монография да бар.
Жеті жасында Гарвард медицина мектебінің емтиханын сәтті тапсырған.
Сегіз жасында сегіз тіл білген – ағылшын, латын, орыс, еврей, француз, неміс және өзі ойлап тапқан Vendergood тілі.
16 жасында Гарвард университетін үздік бітірген.
Мұндай табиғи дарын иесі біздің елімізде де бар. Ол осы жылы ғана 12 жасында студент атанған кемеңгер бала Абзал Мырзаш. Ол да Уильям Джеймс Сидистен кем түспейді. «Вундеркинд» бала 3 жасына жетпей-ақ, әріптерді қосып оқи бастаған. Ал 4 жасында екі таңбалы сандарды көбейте бастаған. Ерекше қабілетінің арқасында ол 3, 5, 7, 9, 11 сыныптарды ғана оқып, небәрі 7 жылда 12 жасында мектеп түлегі атанды.