Әлем таныған академикті қазақ танымайды…

Басы

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ АЙТҚОЖИН ҮШІН АЛМАТЫҒА КЕЛІПТІ…

«1984 жылы Нобель сыйлығының лауреаттары Алматыда өткен «Биология ғылымының болашағы» деген тақырыптағы конференцияға келді. Бұл үлкен оқиға, еліміз үшін зор бедел болды. Мұндай құрметті Мәскеу емес, Алматы көрді. Әрине, мұның бәрі Айтқожиннің арқасы. Дүниежүзі оны мойындады.

Мұраттың ең жек көретін нәрсесі – өтірік. Әсіресе, ғылымдағы өтірікке жаны қас болды. Жанына білімі жоқ адамдарды жуытпайтын. Молекулалық биология және биохимия институты ашылғанда, сол жерге тек қана дарынды адамдарды топтастырды. Әйтпесе, ол жерде жұмыс істеуге сұранғандар көп болған. Онда жұмысқа тұрғысы келетіндер аң атуға, балық аулауға шақырады, түрлі сыйлықтар да жасайды. Бірақ, ондайға Мұрат алданбады. Ғылым алдында адалдығынан таймады». Бұл да Мұраттың Мұратты бағалауы.

«АКАДЕМИЯНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ БОЛСА ДА, ТӨРГЕ ШЫҚПАЙТЫН»

Айтқожиннің кішіпейілділігі жөнінде Рахимбаев былай дейді: «Қонаққа барғанда Мұрат төрге отырмайтын. Шіреніп жүргендерді ұнатпайтын. Мені жоғарыға шығарып жібереді де, өзі төмен отыра салатын. Тысқа жиі шығып, темекіні үстін-үстін шегетін. Бір күні ортақ досымыздың үйіне қонаққа бардық. Бейтаныс кісімен дастарқандас болдық. Бір институтта оқытушы екен. Алдын ала «Академияның президенті келеді» дегенді естісе керек. Сәлім деген досымыз екеуміз әдеттегідей төрге жайғастық. Сәлім көзілдірік таққан, өзін кербез ұстайтын жігіт еді. Достардың ортасы көңілді болатын. Ешкімнің атақ-беделіне қарау, мақтау, жағымпаздану деген жоқ ешқайсымызда. Өз арамызда кімнің бастық екенін сырттан келген адам ұғып болмайтын. Әлгі бейтаныс қонаққа сөз берілгенде: «Осындай дастарқанға шақырғаныңызға рақмет. Әсіресе, Ғылым академиясының президентін көргеніме қуаныштымын! Мұхтар Әбенұлы сияқты адаммен бірге отырып шәй ішкен мен үшін зор мәртебе! Көптен бері таныссам, біліссем деп жүр едім сізбен», – деп Сәлімге қарап, мақтауды үйіп-төкті. Бәріміз үндемей отырмыз. Бейтаныс қонақтың тоқтар түрі жоқ. Мақтауды үстемелетіп барады. Бір уақытта Мұрат күлкіден шыдай алмай, тысқа атып шықты. Сол-ақ екен, бәріміз ду күлдік. Ана кісі: «Не бүлдіріп қойдым?» дегендей таңданып қалды. Мұрат ішке қайта кіргенде, үй иесі: «Мұрат Әбенұлы ол емес, мына кісі», – деп босағада тұрған Мәкеңді көрсетті. Қонақ қатты ыңғайсызданды. Сөйтсе, Мұрат: «Ештеңе етпейді, Мұрат Әбенұлы ана кісі, мен емес. Сіз бәрін дұрыс айтып тұрсыз», – деп кеңк-кеңк күліп тұр, қонақты ыңғайсыз жағдайдан алып шыққысы келіп».

«ЖАС ТҰЛПАРШЫНЫҢ» «ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА» ҚАРСЫ ШЫҒУЫ МҮМКІН БЕ?

Бізде белгілі бір дерек бар. Қайбір жылы желтоқсаншыларды «маскүнем, нашақор» деп қаралаған хатқа қол қойғандардың тізімі жарияланғанда, біраз зиялыларымыздың есімін көріп, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Ол тізімде Мұрат Айтқожин де бар… Сәл шегініс жасап көрсек…

 «Мәскеуде аспирантурада оқығанда, Мұратпен жастық шағымыз бірге өтті. Бәріміз «Жас тұлпардың» құрамында болдық. Лениндік сыйлықты алғанда Мұрат Әуезовке Мұрат Айтқожин: «Менің бұл сыйлықты алуыма «Жас тұлпардың» үлесі көп», – деп айтыпты. «Жас тұлпардың» әу бастағы мақсаты – қазақ студенттерінің бірін-бірі қолдап, сабақ жағынан көмектесу болған. Бірақ, «жастұлпарлықтар» ақырындап саяси мәселелермен де шұғылданды. «Қазақстанның болашағы қандай? Қазақ тілінің жайы не болады?» деген сауалдарды жиі көтердік. Қазақтың бас қаласы Алматыда бір ғана қазақ мектебінің болуы шымбайымызға батты. «Жастұлпарлықтар» Мәскеуде жүріп осындай ұлттық мәселелерді талқылады. Қазақстанды аралап концерт қойып, оқуға, білім алуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде бізді КГБ қызметкерлері қорқытып, үркітіп, соңымызға түсті. Мәскеудегі елшілікке шақырып алып «жұмыссыз, оқусыз қаласыңдар» деді», – деп еске алады Мәскеудегі жылдарын Мұрат Ғылманов. Сонда қазақ үшін басын бәйгеге тіге білген «Жас тұлпардың» өкілі Желтоқсан оқиғасында өзінің баласындай жастарға қарсы шығып не көрініпті деп те ойлайсың.

Ал ғалым Ғарифолла Әнестің Айтқожин туралы ойын тыңдасаңыз, мүлде ол деректі дәйексіз деп отқа өртеп тастағың келеді. «Институтты бітіргеннен кейін, 1979 жылдың аяғында қазіргі А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтына жұмысқа орналастым. 1985 жылы сәуірде атақты пленум болып, қайта құру басталды ғой. Сол кезде академияның президенті Мұрат ағамыз. Академияда 56-ға жуық институт бар болатын. Айына бір рет жас ғалымдар кеңесі жиналып тұратын. Сонда ағамыз жиналысқа қатысып, қазақша сөйлейтін. «Қазақ тілі – ғылым тілі» деп конференциялар өткізе бастадық. Гуманитарлық салада диссертацияны қазақша қорғау мәселесін көтердік. Осының бәрін Мұрат ағамыз қолдады. Коммунистік идеологияның сіресіп тұрған тоңын бұзуға академияның президентінің жастығы да сеп болған сияқты. Егер қайта құру кезінде ақсақалдардың бірі академияны басқарғанда, мұндай жұмыстар бітпес те еді. Бізде негізінен қоғамдық өкілдің адамдары ғана, яғни әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар ұлтты алға сүйреуші сияқты көрінеді. Бірақ, өркениетті елдерде басқаша. Біздің қасіретіміз – академиктеріміз өзінің тақырыбымен ғана жүреді. Техника, математика, биология, химия саласындағылар әдебиетті: Махмұд Қашқариді, Ахмет Яссауиді біле бермейді. Бірақ, менің есімде қалғаны – Мұрат аға бізден қазақтың тарихы, әдебиеті туралы жиі сұрайтын. Жиналыстардың соңында бізді алып қалып, әдебиеттегі арыстарымыз, тарихымыз жайлы әңгіме қаузайтын. Айтқожин Шоқан Уәлиханов сияқты талантты адам, дара ғалым. Екеуінің де ғұмыры қып-қысқа. Екеуі де азғантай уақыттың ішінде қазақты әлемге танытты. Мұрат ағаны алғашқылардың бірі болып ұлттық құндылыққа ұмтылған басқа саланың маманы деп білемін. Айтқожин биологияны емес, тарихты немесе әдебиетті таңдағанда, онда сол салада да мықты академик, ұлт көшбасшысы бола алатын еді. Айтқожиннің ұлтшыл дәрежесіне көтеріле алмауына заман, сол кездегі жүйе кінәлі. Орыс мектебін бітірді, әлемдік классиканы оқыды.

Академияда жастармен ұлшылдық туралы әңгімелесетін ғалымның Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға қарсы шығуы мүмкін емес сияқты, меніңше», – дейді.

«Жас тұлпаршының» «Желтоқсаншыларға» қарсы шығуы мүмкін бе? Бұл сауалды төтесінен «жастұлпарлық» досы Мұратқа қойып көрдік. «Желтоқсан оқиғасы – Мұраттың ғибратты ғұмырына қоңырқай дақ қалдырды. Меніңше, оны қол қоюға мүжбүрледі.

Сол көктемде ол жаман ауруға шалдықты. Ауырғанда, қатты ауырды, оған ешкімді жібермеді. Өмірінің соңғы жылында жүдеп кетті, жиналыстарда беті боп-боз болып отыратын… Алайда ол темекіні көп тартатын. Өмір бойы зерттеу тәжірибелерінің барлығы радиоактивті заттармен байланысты болды. Мұның бәрі денсаулыққа әсер етпей қоймайды ғой…» – деп күрсінді досы.

АЙТҚОЖИННІҢ ҚОС ҚАРЛЫҒАШЫ ДА ШЕТЕЛДЕ ТҰРАДЫ…

Мұрат Айтқожин көп ағайынды отбасынан шығыпты. Ғылмановтың айтуынша, Нариман деген ағасы Мәскеуде әскери салада үлкен қызмет атқарған. Сабыр деген ағасы физик, ғалым болған. Екеуі де жуықта қайтыс болыпты. Марат деген бауыры геология саласында еңбек етеді. Үлкен қарындасы Нағима ағасының жолын қуған, биология ғылымының докторы, профессор, академик. Назира деген қарындасы да профессор. Әкелері Әбен есепші болған кісі екен. Өзі ат үстінде жүргесін, балаларының оқуына көп зейін бөліпті.

Ал Мұрат ағаның шаңырағы, артында қалған ұрпағы жөнінде Ізбасар Рахимбаев былай дейді: «Жары Галина Темірбайқызы ұстазымыз Дарқанбаевтың қызы. Мұрат пен Галинаның Анар, Әсел деген екі қызы бар. Үлкен қызы Анар – менің шәкіртім. Қазір Американың Бостон қаласында тұрады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға кетіп, сонда қалып қойды. Тұрмысқа шыққан. Екі баласы бар. Күйеуі Архат та биолог. Бостонда эволюциялық биология бойынша үлкен лабораторияның меңгерушісі. Өте талантты ғалым. Анар да мықты ғалым болар еді, бірақ ол ғылымды емес, отбасын таңдады. Екінші қызы Әсел КИМЭП-ті бітірген. Өзімен бірге оқыған орыс жігітіне тұрмысқа шықты. Күйеубаламыз кішіпейіл, үлкендердің алдынан кесе көлденең өтпейді. Екі қыздың мінезі бір-біріне қарама-қарсы. Анар сыпайы, нәзік болса, Әсел ер мінезді, әкесіне көбірек ұқсайды, тез шешім қабылдайды. Әселдің күйеуі қаржыгер, Лондонда халықаралық банкте жұмыс істейді. Қазір олардың да кішкентайлары бар. Әсел де баламен үйде отыр. Екі қызымыз да қазақша түсінеді…»

Тап қазіргі кезде Петропавлда өзі оқыған №2 мектеп пен Алматыдағы молекулалық биология және биохимия институты Мұрат Айтқожиннің атымен аталады. Мақала жазу барысында институтқа үш рет бардық. Академиктің 75 жылдық мерейтойына байланысты күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Институттың директоры, Айтқожиннің қарындасы Нағима Әбенқызымен кездесу мүмкін болмады. Іссапарлар мен жиналыстан қолы босамады. «Ағасы туралы мақала жазып жатыр едік, бізге 20 минут уақыт болса жеткілікті», – дегенбіз. Алайда хатшы қызынан: «Ешқандай мақала жазбай-ақ қойсын, сұхбат беретін уақытым жоқ», – деген сәлемдемесін жеткізді. Мұрат Айтқожиннің ұмытылып бара жатқан себебінің бір сыры – іздеушісінің жоқтығынан шығар, бәлкім. Қарындасқа керек болмаса да, қазаққа керек Айтқожин!

Соңы.
zhasorken.kz