Әлемге танымал адам болса да, көптің көңілінен шығатындар сирек. Кембридж ханшайымы Кейт Миддлтон – сондай сирек адамдардың бірі. Өмір парағы үлгілі әрекетке толы Кейттің әлем бойынша жанкүйерлері жетерлік.
Кейт қарапайым британиялық жанұяда дүниеге келген. Оның әкесі Майкл әуедиспетчер, анасы Кэрол стюардесса болып жұмыс істеген. Бірақ 1987 жылы Кейттің әке-шешесі Party Pieces жеткізу компаниясын құрып, миллионерге айналады. Солай болса да, Кейт ақсүйек отбасынан шыққан болып есептелмейді, әкесі орта тап өкіліне жатса, анасы шахтер-көмірші жанұясында туған. Бірақ Кейттің сегізінші атасы – АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон.
Бала кезінде Кейт театр студиясында әртіс ретінде өнер көрсеткен. Бір рөлінде сары шашты Уильям есімді ханзаданың сүйікті қызы рөлінде ойнаған. Тағдыр неткен шебер десеңізші! Театрдағы ойыны шындыққа айналып, Кейт бүгінде Уильям ханзаданың сүйген жары болып отыр.
Одан бөлек Кейт бала кезінен спортқа құмар болған. Мектепте оқып жүрген кезінде биіктікке секіруден рекорд орнатып, колледжде хоккейден әйелдер құрамасының капитаны болған. Спорттағы жетістіктері үшін Эдинбург ханзадасының алтын жүлдесін жеңіп алған. Колледжді аяқтағаннан кейін Кейт бір жыл демалыс алып, Италияда тілтану мен өнер тарихы мамандығы бойынша 12 апталық курста білім алады, Чилиде де оқиды.
Болашақ жарымен Кейт 2002 жылы Сент-Эндрюс университетінде танысады. Уильям ханзада да сол жерде оқитын. Кейт университет қабырғасында өткен сән шарасына қатысып, подиумға шілтер көйлекпен шыққан. Алдыңғы қатарда отырған Уильям Кейтті көріп қатты таңғалған деседі. Бұл сөзіміз ақиқат, өйткені, 2011 жылы дәл осы көйлек бәссаудада 115 АҚШ долларына сатылды.
Университетті бітірген соң Кейт Jigsaw Junior танымал лондондық брендтің сату бөліміне жұмысқа тұрады.
Кейт фотоға түсіргенді жақсы көреді, Кембридж ханшайымы ретінде жеке аспаз жалдауға құқылы болса да, ханшайым тамақты өзі дайындайды. Лондонда танымал аспаздық мектептің курсын оқып алған. Одан бөлек Кейт өз-өзін бояндыратын курсты да сәтті тәмамдап, өз тойында бетін өзі әрлеген.
Кейттің бойы – 175 сантиметр. Ханшайым қалпақты қатты ұнатады, киім-кешегінің арасынан қалпақтың 40 түрін табуға болады. Уильям ханзада мен Кейт ханшайымның бір ұл, бір қызы бар. Ұлыбританияны басқарып отырған отбасының келіні әрі патша әулетінің ханшайымы болып саналатын 35 жастағы Кейтті әлем қарапайымдылығы мен биік талғамы үшін ұнатады.