Еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік аймақтарын қамтитын Арқа өңірі әншілік өнер кең қанат жайып, ерекше дамыған өлкелердің бірі саналады. Арқа әндері кең тыныстылығымен, әуен байлығымен, терең мазмұн, күрделі құрылымымен ерекшеленеді. Көмейіне бұлбұл ұялаған небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер осы өлкеде дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты әнші-композиторлар қазақ әнін бұрын болмаған биік өреге көтерді.
Аталған өнер тарландарының ішінде ән әлемінде өзіндік орны бар, қалдырған мұрасы өскелең ұрпақты әлі күнге дейін сусындатып келе жатқан Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы дәл осыдан 153 жыл бұрын, яғни 1860 жылы 19 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты №5 ауылында дүниеге келген болатын. Оның әкесі Қарағанды облысында тұратын кедей малшы болған. Ыбырайдың атағы ақындар айтысына қатысып жүргенде, бала кезінен-ақ танылды. Көз көргендер Ыбырайды өте таза, сәнді, талғаммен киінетін болған деседі. Оның бөлек киіз үйінде түрлі-түрлі киімдер ілініп тұрады екен.
Оның “Үкілі Ыбырай” атануының себебі “Өзім жайлы” атты өлеңінде былай баяндалады:
“Аралап талай елдің дәмін таттым,
Сұлудың асқақ әнмен бабын таптым.
Қалаған Сәмекеден қара қалпақ,
Қос буын шекесіне үкі тақтым”.
Өнерпаз бабамыз өзінен кейін 50 шақты ән қалдырды. Оның ішінде "Қарақат көз","Арарай", "Кідік-ай", "Бір қызық ит жүгіріп аң ауласа", "Дүние", "Шалқыма", "Көкше", "Сүйгенім кете барды қасыма еріп", "Қалқа бел", "Қалдырған", "Желдірме" сынды бүгінге дейін қаймағы бұзылмастан шырқалып келе жатқан әндері бар. Ел арасына кеңінен тараған "Гәкку" әні Ыбырай шығармашылығының шыңы болып табылады. Бүгінде «Гәккуді» білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Бұл әннің тарихына қатысты бірнеше дерек бар. Барлығына ортағы Ыбырайдың Кәкима атты қызға ғашық болып шығарған әні екендігі. «Гәкку», негізінен, 1934 жылы (либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған) Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсындағы Жібектің ариясы болып жарқ етті. Бұл ария бүкіл операның музыкалық негізгі әуенін, басты сарынын құрады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Жібектің рөлінде ойнаған бұлбұл үнді Күләш Байсейітова “Гәккуді” бірінші рет орындап, КСРО халық әртісі атанды. "Гәкку" деген ән жұлдызы мен "Күләш" деген әншіліктің жұлдызы қатар жанды. Күләштің де, “Гәккудің” де атақтары айға жеткендей ұлттық өнер өрісі кеңейді. Қазақ деген өз атын жаңа иемденген халықтың әні - «Гәкку» әлемдік өнердің биік өресіне көтерілді.
Біржан сал жас Ыбырайды алғаш рет тыңдағанда, Ақан серіге қарап: “Ақанжан-ай, ертіп келген шәкіртіңе қанықтым, шын бақытты жан екенсің: қазақта жылқының перісі Құлагер саған бұйырса, ақынның перісі осы інің болар. Қазақ әнінде өзім жеке дара тұрмын, өзгелерге Ыбырай жеткізбес”, – деген екен.
Үкілі Ыбырай – өзге еш ақынға да ұқсамайтын өзіндік мінез-құлқымен, өзіндік ашықтығы, айқындығы, турашылдығы, шапшаңдығы мен салмақтылығы бар ақындық дара құбылыс, қазақтың маңдайына біткен тарихи тұлға.
Суреттер:madeniet.kaztrk.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева