Сан алуан саланы қатар меңгерген жандар бүгінде саусақпен ғана санарлықтай. Кешегі Пушкин, Шевченко сияқты дарын иелері ақындығымен қоса суретшілік өнерімен тегіс жұртқа танымал болған. Міні, осындай тұлғалар қазақ арасында да бар және олар бүгінде арамызда жүр. Мақаланың кезектісін ақын әрі суретші Әуелбек Ысқақовқа арнамақпыз. Себебі, «Жырдың қара жорғасы» атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі биыл атпалдай 60 жасқа шықты.
Атағы алысқа кеткен атаның ізін жалғау – кейінгі ұрпағына үлкен жауапкершілік. Үмбетәлі немересі Әуелбек Ысқақов осы бір жүкті абыроймен көтере алған. Қаннан, тәрбиеден, білім мен тәжірибеден келген болар, оның өн бойына бірнеше өнер дарыған. Ақындығы бір бөлек, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы оны бұл саланың маманы болуға жетеледі.
Әуелбек Ысқақов 1959 жылдың 21 ақпанында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұсахан – Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Зейнеп – Үмбетәлінің қызы. Әуелбек әкеден ерте айырылғандықтан нағашы атасы Үмбетәлінің тәрбиесінде өскен. Ақын атасының өлеңдерімен сусындаған Әуелбек Үмбетәлінің, Сүйінбай мен Жамбылдың жырларын жастайынан жаттап өскен.
1976 жылы Абай атындағы мемлекеттік университеттің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсіп, оқуды сәтті аяқтап, сызу мен бейнелеу өнері пәндерінің мұғалімі мамандығын алған. Бүгінде Әуелбек Мұсаханұлының Үмбетәлі мектебінде қызмет атқарғанына 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында талай шәкірт тәрбиелеп, өз білгенін оқушыларына үйретуде. 1980-2005 жылдардың аралығында Әуелбек Ысқақов айтыс өнеріне де бой көрсетті.
2011 жылы Үмбетәлі ауылында халық ақынына арналған әдеби-мемориалдық мұражай ашылды. Осы мекемені сол кезеңнен Әуелбек Ысқақов басқарып келеді. Ол осы жасына дейін бірнеше кітаптың авторы атанды. Атап айтсақ, "Үмбетәлі жырының жалғасымын", "Мен де бір мөлдір тамшымын", "Жорғадан қалған тұяқ едім", "Әке жайлы әңгіме" кітаптары оқырманға жол тартқан.
Әуелбек Ысқақовтың "Қос өнер – қос қанатым" атты шығармашылық кеші Үмбетәлі ауылында өтті. Жиынға қатысқан замандастар, курстастар мен ауыл тұрғындары ақын жайлы естеліктерімен бөлісті.
Әуелбек Ысқақовтың сурет өнеріндегі картиналары ерекше графикасымен ерекшеленеді. Портреттік суреттері де мамандар мен көрермендер тарапынан лайықты бағасын алған. Суретшінің шығармашылығы тұңғиық ойдан туындаған бөлекше картиналарымен құнды. Үмбетәлі атындағы мектептің директоры Асымханова Оксана Тастанқызы Әуелбек Ысқақовтың суретшілік дарыны жайлы айтып берді:
– Әуелбек Мұсаханұлы біздің мектепте сурет және сызу пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істейді. Ағайымыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам. Үмбетәлі атамыздың тұяғы. Жақында ғана Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы мұражайда өзінің жеке көрмесін ұйымдастырды. Ағаның картиналарын мамандар жоғары бағалап жатыр. Қазіргі уақытта ҚР Суретшілер одағына мүшелікке кіруге құжаттарын реттеп жатырмыз. Одан бөлек, "Жамбыл ауданының құрметті азаматы" атағына ұсынылды. Биыл Атырау қаласында өткен форумда Мәдениет министрлігінің марапатына ие болып, "Үздік өлкетанушы" атағын алды.
Мақаламыздың негізгі кейіпкері екі қыздың әкесі, 3 жиеннің атасы атанған. Үмбетәлі мектебінің 5 сыныбында оқитын Мәрлен атасының 60 жылдық мерейтойына ақ тілегін арнады.
– Әуелбек атамды 60 жасымен шын жүректен құттықтаймын! Атама Жамбылдың жасын берсе деймін. Менің атам расында өте өнерлі адам. Бойындағы дарынымен талайды мойындатқан. Мен ол кісіні құрметтеймін және үлгі тұтам. Болашақта Әуелбек атамдай болуды армандаймын. Ол кісі – өте еңбекқор адам. Байыз тауып бір орында отырмайды. Еткен еңбегі, төккен тері бағаланып, жұмысының жемісін көрсе екен. Сіздерге атамның бір өлеңін оқып берсем:
Арыстандай азулы,
Жолбарыстай жалынды,
Бөрі басы байрақты,
Көк бөрідей қарулы,
Мен Алаштың ұлымын.
Аққу жүрек аялы,
Сезім толы жанары,
Сұлулыққа бас иген,
Албырт көңіл баяғы,
Мен Алаштың ұлымын
Шабыт алып шабыстан,
Желмен бірге жарысқан,
Тексіз көрсе тепсініп,
Жылқы мінез танытқан,
Мен Алаштың ұлымын.