АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің өмір жолы

77 жастағы Джо Байден АҚШ-тың 46-президенті атанды. 35 жылдан астам Делавэрде сенатор болған және 44-ші президент Барак Обаманың әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарған Байден құрметті және тәжірибелі демократтардың бірі. 2021 жылы 20 қаңтарда өтетін ұлықтау рәсімінде ол 78 жасқа толады. Осылайша Байден АҚШ тарихындағы ең қарт президент атанайын деп тұр.

©todayheadline.co

Жастық шағы

Кіші Джозеф Робинет Байден 1942 жылы Пенсильвания штатындағы Скрантон қаласында дүниеге келген. Ол америка-ирландиялық католик отбасындағы төрт баланың үлкені. Әкесі үлкен Джозеф Робинетт Байден (1915-2004) кәсіпкерлікпен айналысқан.

Байден жастық шағында кекештеніп сөйлегені үшін қатарластары оны кемсітіп, мазақтайтын. Бірақ болашақ президент айна алдында өлеңді жатқа айту арқылы бұл кекештігінен құтылған.

Байден алғаш рет Делавэр университетінде тарих және саясаттану ғылымдарын оқыды. Содан кейін Нью-Йорктегі Сиракуз университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алып, сол жерде бірінші әйелі Нелиямен кездесті.

Оқу орнын бітіргеннен кейін ол Делавэр штатындағы Уилмингтондағы заң фирмасында жұмыс істей бастады.

Әйелі мен қызының қазасы

Джо Байден жақын адамдарынан айырылу дегенді жақсы біледі. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға байланысты ол өзінің саяси қызметін екі рет уақытша тоқтатқан.

Байден мен әйелі Нелия және ұлдары 30 жастағы сенатордың жеңісін тойлап жатыр. 1972 жылғы 20 қараша ©thetimes.co.uk

Мұндай шешімді ол бірінші рет 1972 жылы қабылдаған. Байден 30 жасында Делавэрдегі сенат сайлауында жеңіске жетеді. Бірақ бірнеше аптадан кейін жас саясаткердің өмірін өзгертетін қайғылы оқиға болды. Әйелі Нелия мен бір жасар қызы Наоми жол апатынан қаза табады. Ал ұлдары Бо мен Хантер ауыр жарақат алады.

30 жастағы сенатор

Осы оқиғадан соң ол сенаттан кетемін деп шешім қабылдайды, бірақ айналасындағылар жас сенаторды лауазымында қалдыруға көндіреді. 30 жастағы АҚШ тарихындағы ең жас сенатор бұл қызметке балалары жатқан аурухана палатасында ант береді.

1973 жылғы қаңтар. Джо Байден ұлдары жатқан палатада ант беріп жатыр ©berita

Қарындасы Валерий жиендеріне қарау үшін ағасымен бірге тұрады. Ол Байден қазіргі әйелі Джилл Джейкобспен үйленген 1977 жылға дейін ағасының қасында болды.

Байден бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін сәтсіздікке ұшыраған отбасылық өмірін қалпына келтіре алды. Жас сенатор балаларымен бірге болу және оларға қамқорлық жасау үшін күн сайын Делавэрден Вашингтонға пойызбен қатынап жүрді.

1977 жылы ол ағылшын тілі мұғалімі Джилл Джейкобсқа үйленді, кейінірек олардың отбасында Эшли атты қыз дүниеге келді.

Кейіннен Байден Сенаттың Сот комитетіне кіреді және бүкіл елге танымал бола бастайды. 1987 жылы ол бірінші рет президент лауазымына үміткер ретінде тіркеледі. Бірақ плагиат үшін айыпталғаннан кейін кандидатурасын қайтып алады. Оның сайлау алдындағы сөздерінің бірі Ұлыбритания лейбористік партиясының жетекшісі Нил Кинноктың сөздеріне ұқсас болған.

1991 жылы 11 қазанда Оклахома университетінің афроамерикалық заң профессоры Анита Хилл Сенаттың Сот комитетіне арызданады.

Хилл ханым Рейган әкімшілігінде Кларенс Томаспен жұмыс істеген кезде бірнеше рет жыныстық жәбір құрбаны болғанын айтады.

©dw.com

Комитет төрағасы Джо Байденнің сол кездегі шешімі осы күнге дейін сынға ұшырап келеді. Ол кезде Сенат Хиллге сенбей, Томасты ақтап алған.

БАҚ Хиллдің сөзін растайтын бірнеше әйелді куәлік беруге  Байденнің келіспегенін айыптады. Los Angeles Times газеті республикашылдар Байденмен келісімге келді деп жазды. Консерваторлар Хиллдің бұл ісін Жоғарғы Сотта Республикалық судья болуын қаламайтын демократтар ұйымдастырды деп мәлімдеді.

2019 жылғы сұхбатында Байден бұл жағдайға өкінетінін айтты.

2008 жылы Байден АҚШ-тағы президент сайлауына Демократиялық партиядан қайта ұсынылды, бірақ праймеризде жеңіске жете алмады.

Дәл сол кезде Барак Обама АҚШ президенті болып сайланып, Байден  саяси мансабында жаңа деңгейге көтерілді. Ол Обама әкімшілігінде вице-президент қызметіне тағайындалды.

Обама мен Байден 8 жыл бойы бірге жұмыс істеді. Олардың жақын болғаны сонша, Байден Обаманы інім деп жиі атайтын болған.

©belsat.eu

Барак Обама өзінің президент лауазымының соңғы күндерінде Джо Байденді "Президент" медалімен марапаттады – бұл Америка Құрама Штаты азаматы үшін ең жоғары награда.

2015 жылы оның үлкен ұлы Бо 46 жасында мидың қатерлі ісігінен қайтыс болды. Бо әкесі сынды саясаткер еді. Ол 2016 жылғы сайлауда Делавэр штатының губернаторлығына өзін ұсынатынын  мәлімдеген.

©dw.com

Ұлының өліміне байланысты 2016 жылғы президент сайлауына қатысуды жоспарлап отырған Байден сайлауға қатыспаймын деп шешім қабылдайды. Бұл екінші жағдай еді.

Төрт жылдан кейін ол бәрібір АҚШ президенті болып сайланды. Миссури университетінің профессоры Митчелл Маккинни демократтардың салыстырмалы түрде жас үміткерлерден гөрі тәжірибелі адамдарды артық көруі ғажап емес дейді.

Праймериздің басында қыста сәтсіздікке ұшыраған Байден "Супер сейсенбіден" кейін айқын көшбасшыға айналды.

Байден ерекше көзқарасы бар әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан саясаткер ретінде де танымал.

Кейбір республикалық сенаторлар Байденмен сайлау алдында жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Джо Байден мен АҚШ тарихындағы тұңғыш әйел вице-президент Камала Харрис ©focus.ua

Байденнің мақсаты – АҚШ-ты біріктіру

Джо Байден қақтығыстардың ішінде қалған Американы біріктіруді мақсат етеді. "Егер сіз мені президент болады деп сенсеңіз, мен қараңғылық емес, жарықтың одақтасы боламын", - деді ол 20 тамызда АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан ресми түрде ұсынылған кезде. Оған дауыс берген АҚШ азаматтарына "аянбай еңбек ететінін" айтты.

Байден миллиондаған жаңа жұмыс орнын ашуға уәде берді және бұл үшін қажет қаражатты Дональд Трамп әкімшілігі кезінде ауқатты адамдар үшін жойылған салықты қалпына келтіріп табатынын айтқан.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті климатты қорғауға ерекше назар аударуда. Байден 2050 жылға қарай АҚШ-ты толығымен қайта өңделетін энергия көзіне ауыстырғысы келетінін мәлімдеген.

©rbc.ru

Коронавируспен күресу – Байден басымдығының бірі

Джо Байден коронавирус пандемиясы басталғалы бері ел тұрғындарына бірнеше рет үндеу тастап, қайтыс болған науқастардың отбасыларына көңіл айтты.

Байденнің бұл тақырыпта сөйлеген сөздері қазіргі президент Дональд Трамптың сөзінен мүлде өзгеше. Трамптың өзі коронавирустан айығып, ауруханадан "Ақ үйге" оралғаннан кейін аурудан қорқудың қажеті жоқ екенін мәлімдеген.

Джо Байден болса, америкалықтарға маска тағуға, әлеуметтік арақашықтық ұстауға және ауруды байыпты қабылдауға шақырды. Байден "Ақ үйге" келген алғашқы күннен бастап пандемиямен күресу жоспарын ұсынуға және федералды масштабта маска тағу режимін енгізуге уәде берді.

Джо Байден 10 қазан күні Делавэрге бара жатып БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында:

"Мен жеңгеннен кейін де біздің алдымызда осы пандемияны тоқтату бойынша ұзақ және күрделі міндет тұр. Біз бірінші күннен бастап дұрыс бағытта жұмыс істей бастаймыз деп уәде беремін", - деді.