Өткен ғасырдың 80 жылдары қазақ журналистикасында өзіндік жазу мәнерімен із қалдырған публицист, "Кернеген кек", "Ызғар", "Аманат" сынды бірқатар прозалық шығармалардың авторы, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың дүниеге келгеніне – биыл 90 жыл. Жарық дүниеде алпыс жыл ғұмыр кешіп, қазақ публицистикасының теориялық-методикалық деңгейін жоғары деңгейге көтеруге ықпал еткен реформатор-қаламгердің мерейтойына орай, тұлғаның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильм жарық көрді.
Деректі фильмді СТВ телекомпаниясының тапсырысымен Art Media L продюсерлік орталығы түсірген. "Ақиқатқа ар серік" тақырыбымен көрерменге жол тартқан туынды Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен "Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер, қаламгер, азамат" атты республикалық ғылыми-практикалық конференция барысында таныстырылды. Тұлғаның шығармашылығы мен ғұмыры жайын баяндайтын 50 минуттық фильмнің сценарисі, әрі режиссері – Лязиза Керімқұлова. Кеңестік кезеңде саяси себептің салдарынан есімі еленбей, ерлігі бағаланбай қалған Рақымжан Қошқарбаевты одаққа, әлемге таныстырған тұлға – Кәкімжан Қазыбаев жайлы фильмді назарларыңызға ұсынамыз.
Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы, 10 мамырда Сарқан ауданындағы Ағарту совхозында, қазіргі Кәкімжан Қазыбай ауылында дүниеге келіп, Алматы облысының Жансүгір ауданының Ақсу орта мектебін бітірген. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдарында колхозда есепші болудан бастады. Орта мектепті бітірісімен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, оны 1952 жылы үздік тәмәмдады. Шығармашылық ғұмырын республикалық "Лениншіл жас" жастар газетінің әдеби қызметкерлігінен бастап, өз кәсібінің жоғары деңгейіне жеткендігінің арқасында осы газеттің жауапты хатшысы, кейін Алматы облысының "Жетісу" газетінің редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Тұлға жайлы толық ақпаратты kazybaev.kz сайтынан таба аласыз.