- Негізгі бет
- Тұлға
- Ақан серінің нақыл...
Ақан серінің нақыл сөздері
Ақан сері Қорамсаұлы — өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Жұртшылыққа кең танылып, "Ақан сері" атануы және атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі — әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Көкшенің сұлу табиғатын албырт сезімге, әсерлі музыка үніне бөлеп, артына талай мұра қалдырып кетті. Сол мұраның бірі ақын-әншінің – қанатты сөздері. Назарларыңызға Ақан серінің ел арасында кеңінен тарап, қолданысқа енген нақыл сөздерін ұсынамыз.
* Дүние жеткізбейді ойласаң да,Жақсы артық әзілдесіп ойнасаң да.
* Жай жату – тек бүгінгі жанның қамы.
Адамға сырттан ғайбат жарамайды.
* Ақ қаудың астығы жоқ шайнағанмен,
Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
* Алтынды орағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкейінде көз болмайды.
* Шірімес алтын жерде жатқанымен,
Оқ өтпес ажалсызға атқанымен.
* Жалқауға – сөз, жаманға – таяқ өтпес.
* Ердің көркі – дәулет.
* Жақсыға бітсе дәулет бақ айналар,
Жаманға бітсе дәулет әуе айналар.
Басына ер жігіттің іс түскенде,
Арасы қас пе достың абайланар.
* Жігіттің көз тоқтаттық қандайына:
Шешеннің тәңір берген таңдайына.
Батырдың қайрат берген жүрегіне,
Малдының ырыс берген маңдайына.
* Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,
Тексізден текті тумас мақтаса да.
* Жабыға – салма тоқым жалы бар деп,
Жаманға – басыңды име малы бар деп.
* Сауысқан шықылықтап сұңқар болмас, мәстекті мақтағанмен тұлпар болмас.
* Су шықпас қазғанменен тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді сау басынан.
Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,
Ер жігіт жаңылады тәубасынан.
* Шын тұлпар дүбір шықса шыдамайды,
Тас қылып төрт аяғын байласаң да.
Жатпайды болат пышақ қын түбінде,
Өтпейді жасық темір қайрасаң да.
* Дүние адастырар қуғаннан соң,
Шырмайды қол-аяғың буғаннан соң.
Дүние – аз күншілік фани жалған,
Басыңнан қайғы кетпес туғаннан соң.
* Қаршыға әлсіз болса қаз алмайды,
Ер жігіт малсыз құлаш жаза алмайды.
Бұл дүние – жұртты алдайтын бейне базар,
Әр адам өз әлінше базарлайды.
* Би болмас – белін жуан буғанменен, тазармас заты жаман – жуғанменен.
* Пасықтың пиғылы – лас.
* Ит үрер жақсыға да, жаманға да.
* Әркімнің өзіне лайық қалыбы бар.
* Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді.
* Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ез жаңлып етегін басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Жабысып қалады екен аспан жерге.
* Тас жерде қолдың ұшын бергенді айтшы,
Екінің бірі мырза тасқан жерде.
Жамандар көре алмаған қылады өсек,
Лайық заманында асқан ерді.
* Шапса да қанша жүйрік біреу озар,
Болмайды кіл үмітті қосқан жерде.
Билер көп төр алдында сөзін созар,
Жол табар көсем қайта қысқан жерде.
* Жігітті шешенсінген – дауда сына, есерді батырсынған – жауда сына.
* Кімнің жақын, кімнің алыс екені – басыңа іс түскенде ашылады.
* Хас сұңқар тұғырында тоғыз түлер.
* Ерке ит ауыз жалайды.
* Қызарған бет табылар, қызынған ниет табылмас.
* Қор болып қара құсқа қағылғанша, тұғырда тоят тілемей өлген жақсы.
* Жүрек сұлтан нәпсіге.
* Астан – жілік, тойдан – ілік.
* Сыпайы сырттан мақтар.
* Жақсы жолдас сыр шашпас.
* Адамға мал мен мансап – жолдас емес.
* Жылпос – майдай жағылар.
* Бұл заманның тамыры-құдандасы –
Әуелі арбау менен ойлар сұмдық.
Құдайдың бұйырмаған нәрсесіне,
Кіріптар боп жүреді адам мұңлық.
* Тоқтау-сабыр лайық нәпсі тиып.
* Нәпсі – дария.
* Мылтық – оқудан соңғы өнер.
* Пенденің жетпес көзі келесіге,
Ібілістің кірмеу керек егесіне.
Көңілді ықыласпен хаққа қойдым,
Міну шарт тәуекелдің кемесіне.
* Бұл дүние – баяны жоқ бір кең сарай.
* Жақсы әйелдің сипаты:
Ақ жүзді әйел алсаң бойы сұңғақ.
Қасыңа шақырғанда келсе зулап.
Дауысы «әу» дегенде әрең шығып,
Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ.
Қара қас, жазық маңдай, қара көзді,
Дауысы жіп-жіңішке, жұмсақ сөзді.
Мінезі майдай еріткен қорғасындай,
Келсе де ерте-кешті бір мінезді.
Жүзінің ақ аралас, қызыл беті,
Жаман сөз сөйлемейді, адал жіпті.
Болған да тісі аппақ, пісте мұрын,
Ауызы қалжың сөзге болса епті.
Жат қылық, шайпау мінез еш болмайды,
Шақ етіп дауысы шықпас баланы ұрған.
Ерте-кеш бір ауылдан ері келсе,
Тап-таза үйдің іші сыпырылған.
Жігітке адал жүріп болар серік,
Қуанар ғазиз құрбы жүзін көріп.
Білгізбей бар болса да, жоқ болса да,
Ол бір марал тұрғыны қасын керіп.
* Жаман әйелдің сипаты:
Болмайды сұлу қылықты жаман қатын,
Білмейді оқытсаң да сөздің салтын.
Ілмелеп, салған жерден кекесіндеп,
Қылады ұрыс-жанжал сөздің артын.
Кетеді таң атқан соң өсек бағып,
Қонаққа тамақ бер деп ептеп айтса,
Жүреді теріс қарап жылмың қағып.
Кісіге күле сөйлеп, келмес жанап,
Былшылдар ел көзінше байын талап.
Таусылды қант пен мейіз, ет пен шай деп,
Қонағын қыстай келген бәрін санап.
Сыпырмас үйдің ішін, киіз қағып,
Еш уақыт шаруа қылмас отын жағып.
Тазалық үй ішінде болмаған соң,
Бойыңда қадір-баға қалар нағып.
Орамал жерде жатар кірі батпан,
Салдырап аяқ-табақ қирап жатқан.
Сүтін ішіп, шелегін ит жаласа,
«Кет!» деп еш айтпайды құдай атқан.