Ақан серінің арманына айналған арулар - 2

Ақан серінің арманына айналған арулар - 2

Ақан серінің нәзік жандыларға деген сүйіспеншілігі, Ақжігіттің арманына айналған перизаттар хақында әңгімелеуді жалғастырамыз.

Ақтоқты

Ақан сері туып-өскен Сарыарқа мен Көкше өңірінің күллі жұртшылығы өнердің қадірін білетін, өнер иесін құрмет тұтатын еді. Күндердің-күнінде Қорамсаның ұлы осы өлкеде саятшылап жүріп, Зеренді көлінің жағасындағы шағын ауылға түседі. Сол аймақтағы бір беделді кісінің тоқалы сәбилі болып, шілдехана тойы болып жатыр екен деседі. "Іздегенге сұраған" демекші, әншінің келуі той-думанды одан әрі қызықтыра түседі.

Сері дәл осы жиында біз білетін Ақтоқты арумен танысса керек. Бұл уақытта үйленіп, үй болған сақа жігіттің жүрегіне шоқ түсіп, сұлулыққа бұрыннан құштар көңілі алабұртып, өзгеше күйге енеді. Қызымыз да кет әрі емес. Ғашықтың тілі тілсіз тіл... Ынтызар жүректер бір-бірін үнсіз ұғысады. Түні бойы екеуі қосылып ән шырқап, таң атқанда Ақтоқты сұлу серіге кестелі орамал сыйлап кете барады.

Бұл кезде Ақтоқтының атастырылып қойған жары бар еді. Қосыла алмайтындарын біле тұрса да, екеуі тағдырға қарсы күресуге бел байлайды. Сезім жолында тағы да оңбай таяқ жеген Ақан жеңіліс тапқанымен қоймай, Ақтоқтысынан айырылып қалады.

Ақтоқты, кеткенің бе шыныменен,

Тар жерде бал беруші ең тіліңменен.

Кез болдың дарияның қайраңына,

Зарланып ән шырқаймын үнімменен...

Ақтоқтыдан айырылып, өмірден баз кешіп жүрген Ақанға әйелінің де бақилық сапарға аттануы жығылғанға жұдырық болады. Өзінің жебеуші періштесінің ойда-жоқта о дүниеге кетуі - Ақанды тым ауыр халге түсіріп, біршама уақыт бүк түсіп жатып қалады.

Сыған қызы

Араға біраз уақыт салған соң, мылқау ұлы Ыбан екеуі Қоскөлдің бойына барып, жағасындағы қалың қайыңның арасына үй тігіп, ел-жұртпен араласпай тұрады. Шілденің шіліңгір бір күндерінде осы маңға сыған тобыры келіп қоныс тебеді. Олардың арасында бір сұлу жесір келіншек болған екен. Ол әйелдің күн сайын, таң атқанда көлге келіп, суға түсетін әдеті бар еді. Мұны байқаған Ақан домбырасын алып, бейтаныс сыған есітетіндей жерге отырып алып, әндетеді. Серінің сырлы үнін ұнатқан сыған оның жанына келіп отыратын болыпты. Осы күннен бастап екеуі бірге суға түсетінді де шығарады. Осылайша күндер өте береді. Олардың түн ортасында суға түсіп жүргенін көрген жұрт «Ақанымыз жынданып кетіпті, түн ортасында су перісімен ойнас қылып жүр» деген қауесет таратады.

Жаз бойы сыған қызына бауыр басып қалған Ақанға тобырдың көшіп кетуі ауыр батады. Мұны байқаған ұлы Ыбан елімізге қайтайық дегенді ымдайды...

Балқадиша

«Ақан жынданып кетіпті, түн ортасында су перісімен ойнас қылып жүр» деген қауесет өршіп тұрған кезінде оның қасына қыз-қырқын жолауды да қояды. Ақан шығармашылығы дағдарыс кешіп жүрген осындай тұста, ол бір шілдехана тойға шақырту алады. Мұнда да қыздар Ақанның маңына жақындай қоймайды. Сонда Ыбырай деген ауқатты кісінің Балқадиша атты қызы ерлік көрсетіп:

- Ақан ағамның қасына отырып ән тыңдайыншы, - деп достық пейіл танытады. Сол кеш бойы Ақан мен Балқадиша сұлу әуезді ән шырқайды. Мұны естіген қыздың ағалары жеңгелерін жұмсап, Балқадишаның үйге қайтуын бұйырады. Сондай сәтте:

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боласың қандай жанға жар, Қадиша.

Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша

Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша,

Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша, - деп Ақан сері ұзақ әнге басқан екен.

Бірқатар зерттеушілеріміз Ақан Балқадишаны шын ұнатқан, ал Қадиша серінің өзіне емес, әніне ғашық болған. Негізінде ол өзі сүйген жігітке тұрмысқа шығып, бірнеше перзенттің анасы атанып, бақытты ғұмыр кешкен дегенді айтып жатады. Ал жасы елуден асқан Ақан атамыз ойын ашық айта алмай, іштен тынған деседі.

Біздің тақырыпқа арқау болған перизаттар жай ғана жандар емес, олар - Арқаның ақберен әншісі, қазақтың сұлу серісі Ақан әндерінің дүниеге келуіне себепкер болған нәзік жандылар. Мәңгілік өлмейтұғын әндерге арқау болған аңыз аруларымызды біле жүргеніміз абзал болар.

Суреттер: aikarakoz.kz, kerekinfo.kz,geo.ru,horde.kz   

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева