Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық сыйлықтың иегерлері белгілі болды. Биылғы марапатты екі шетелдік ғалым мен екі отандық ғалым иеленді.
Биылғы сыйлық COVID-19 тудырған коронавирус эпидемиясына қарсы күресте еңбегін сіңірген мамандар таңдалып алынды. Атап айтқанда, жаһандық ауқымда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ықпал еткен ғалымдар, Джон Хопкинс университетінен доктор Дэвид Бишай мен Майка Шлайфф, COVID-19-ды емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасын әзірлеген дәрігерлер Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова марапатталды.
Марапаттау салтанатына қор иегері Төрегелді Шармановтың өзі, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, сондай-ақ Қамшқоршылар кеңесінің құрамына мүше Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Юрий Пя және Серік Ақшолақов қатысты.
"Адам өз денсаулығына өзіне жауапты. Ал дәрігер адам денсаулығына қолдау білдіруші, көмектесуші жан ғана. Осыны ұмытпағанымыз жөн. Коронавирус пандемиясы адамзат денсаулығына зор қауіп төндіргені белгілі. Осынау қауіпті аймақта еңбек етіп, елге өлшеусіз көмек көрсеткен дәрігерлерге үлкен алғыс", - деді Төрегелді Шарманов.
Қордың басым бағыттарының бірі – ғалымдарға халықаралық сыйлық тағайындау арқылы олардың денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өту.
"Бұл сыйлық – үлкен команданың жетістігі. Біздің топ COVID-19-ды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасын әзірледі. 2020 жылы. Ал ол кезде коронавирусты табу мен анықтаудың, емдеудің бірде-бір халықаралық рекомендациясы, стандарты жоқ-тұғын. Біздің топ соны жасап шықты. Өте маңызды, жауапты міндет еді. Ғалымдар мен дәрігерлер бірігіп, халықаралық тәжірибені зерттеді. Соның арқасында Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі де халықаралық талапқа сай емдік шараны қолға алды", - деді сыйлық иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты инфекционист-дәрігері, доктор Бақыт Көшерова.
"Төрегелді Шарманұлы, өзіңіз іске асуға мұрындық болған алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiру туралы Алматы декларациясының рөлі маңызды болды", - деп атап өтті сыйлық иегері, инфекционист-дәрігер доктор Амангүл Дүйсенова.
Лауреаттарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық, сондай-ақ медаль мен диплом берілмек.
Сыйлық иегерлері жайлы ақпарат:
Доктор ДЭВИД БИШАЙ – Сан-Диего университетінің медицина мектебі мен Уортон бизнес мектебінің түлегі, денсаулық сақтау саласының экономисі, дәрігер. Доктор Бишай Джонс Хопкинс университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің Денсаулық сақтау экономикасының мекемеаралық бағдарламасының директоры. Ол денсаулық сақтаудың мемлекеттік шығындарының тиімділігін бағалауға мамандандырылған. Доктор Бишайдың жұмысы денсаулық сақтау басқармаларының республикалық және жергілікті деңгейдегі жұмысының халықтың денсаулығына қалай әсер ететіндігін бағалауға мүмкіндік береді. Ол «Баршаға арналған денсаулыққа қол жеткізу: алғашқы медициналық-санитарлық көмек іс жүзінде» (Achieving Health for All: Primary Health Care in Action) ғылыми монографиясының бірлескен авторы.
Доктор МАЙКА ШЛАЙФФ Джонс Хопкинс Университетінің ғылыми қызметкері. Оның айналысатын бағыты – халықаралық денсаулық сақтау.
Доктор Шлайфф денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған бағдарламаларды алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде зерттеумен және оқытумен, сондай-ақ стипендиялар, жеке оқу бағдарламалары мен тиісті оқу мүмкіндіктерін әзірлеу арқылы бүкіл әлемдегі қоғамдық денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетін нығайтумен айналысады. Доктор Шлайфф «Баршаға арналған денсаулыққа қол жеткізу: алғашқы медициналық-санитарлық көмек іс жүзінде» (Achieving Health for All: Primary Health Care in Action) ғылыми монографиясының бірлескен авторы.ғылыми монографиясының бірлескен авторы
Доктор БАҚЫТ КӨШЕРОВА – Қарағанды медицина институтының клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты инфекционист-дәрігер, COVID-19-ды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасын әзірлеу тобының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисті. Республика деңгейінде COVID-19 жұқтырған күрделі және ауыр жағдайдағы пациенттерге консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Тұрақты негізде COVID-19-бен ауырғандарға күтім жасау және вакцинация мәселелері бойынша дәрігерлерді оқытады.
Доктор АМАНГҮЛ ДҮЙСЕНОВА – инфекционист-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан Республикасындағы жұқпалы ауруларды, оның ішінде COVID-19-ды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларды жасаушы, Алматы қ. Қоғамдық денсаулық департаментінің медициналық ұйымдарда консультативтік көмек көрсету бойынша мобильді топтың мүшесі. Өңірлік және республикалық деңгейде консультациялар, консилиумдар, оның ішінде телемедицина және санавиация бойынша, өлім жағдайларын сараптау, инфекциялық патологияның өзекті проблемалары бойынша семинарлар мен вебинарлар өткізеді.
Ақпараттық анықтама
Төрегелді Шарманов халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау. Сонымен қатар, тамақтану мәселелерімен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандарды даярлауға гранттар бөлу жосапарда бар.
Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы Төрегелді Шарманов. Академик Төрегелді Шарманов бар саналы ғұмырын қоғамға, адамзатқа қызмет етуге, денсаулық сақтау мен тағамтану саласын дамытуға арнаған тұлға. Оның еліміздің денсаулық сақтау саласының өркендеуі жолындағы орасан зор еңбегі көптеген адамдар үшін үлгі. Академиктің өмірлік ұстанымы – әркез адамдарға көмектесу, пайдасын тигізу.
Төрегелді Шарманов – еліміздің денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы. Академик Шармановтың дүниежүзілік және ұлттық денсаулық сақтау ісіне қосқан елеулі бір үлесі – оның бастамасымен 1978 жылы Алматы қаласында ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің қолдауымен өткізілген алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференция. Аталмыш конференцияда әлемдік денсаулық сақтау негізі құжаттарының бірі болып табылатын Алматы декларациясы қабылданды. Декларацияда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы көрсетілді.
Т.Шарманов Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы және президенті. Теміртапшылықты анемия, йод тапшылығы, А витамині мен фолий қышқылының жетіспеушілігін жою, нәрестелерге ана сүтін емізуді қолдау, ғарышкерлер мен спортшылардың тағамдары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға арналған емдік-профилактикалық тамақ өнімдерін әзірлеу жөніндегі халықаралық ғылыми жобалардың жетекшісі. Сонымен қатар, ол бие сүтінің негізінде бірегей өнімдер әзірледі.
Академик Т.Шарманов әлемдік денсаулық сақтауға қосқан зор үлесі үшін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары наградасы – Леон Бернард медаліне ие болды.