Шығанақ Берсиев - аты аңыз болып таралған әйгілі тары өсіруші. 1932-1944 жылдары Ақтөбе облысының «Құрман» ұжымшарында звено жетекшісі болып қызмет етті. Шөлейтті аймақтың ауа райына қарамастан, ұзақ жылдар бойы оның звеносы тарыдан мол өнім алды. 1939 жылы тарының әр гектарынан 25,5 ц өнім алса, 1940 жылы 155,8 ц, 1941 жылы 165 ц, 1942 жылы 175 ц, 1943 жылы 201 ц өнім жинады. Мұндай жоғары нәтижеге Берсиев тары тұқымын қыс бойы әзірлеп-баптау, мұқият іріктеу, көктемгі егісті дер кезінде жүргізу, егінді баптап-күту, орақты ысырапсыз өткізу арқылы жетті. Бұл ұжымшардан оның іс-тәжірибесін үйреніп, тары өсірудің шеберлері шықты.
Әлемдік рекордтың атасы өлгенінше Қарасу бойындағы қараша үйінде тұрды. Одақтағы нөмірі бірінші тары өсіруші атағы оны Сталин кабинетіне дейін алып баруға күші жеткенімен, диқан болмысын өзгерте алмады. Мүмкіндігі болып тұрғанына қарамастан, «Құрман» ұжымшарындағы шаруашылығын, кетпенін басқаға аырбастаған жоқ.
Шығанақ Берсиев Ұлы Отан соғысы жылдары әскери ұшақ жасау үшін Мемлекеттік қорғаныс қорына қаржы аударды, өз табысынан тары өткізді. Оның өмірі мен ерен еңбегі Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романына , неміс драматургы Бертольд Брехттің «Тары өсіруші» дастанына арқау болды. Шығанақ қолдан жасалған ашаршылық әбден діңкелеткен халқын аман сақтап, мақсат-бағдарынан айырылып, артына ерген әлсіз жұртына күнкөріс көзін ашты. Осы тұрғыдан алғанда, елінің көшбасшысы, ұйытқысы бола білді. Маңдай термен өсірілген астық дереу майданға жөнетілді, еңбегіне тиесілі қыруар қаржы армияға қару-жарақ сатып алуға жұмсалды. Ал өзі болса, ұжымшардағы балшықтан соққан қоңыр үйінде, еңбегін міндетсінбей, жерлестерінен ерекшеленбей тіршілік кешіп жатты.
Ленин орденімен марапатталған тары өсірушінің Ақтөбе облысы Ойыл ауданында мұражайы бар. Ақтөбе қаласында оған ескерткіш орнатылған.