Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін қазақ жоқ. Ұлт ұстазының есімін естігенде бәріміз елжіреп кетеміз. Сөзсіз, Ахмет Байтұрсынұлы – орасан зор, кемел тұлға. Алашорда және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, алғашқы журналист, педагог, идеолог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазіргі қазақ академиялық ғылымының түп бастауында тұрған ғұлама ғалым. Қазақ ғылымының атасы.
Бұрынғы заманның ғалымдары нағыз Google-энциклопедия сынды білімдар жандар болған. Бір емес, бірнеше ғылымнан хабардар болатын. Мәселен, әл-Фараби әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, философ, музыкатанушы болса, Шоқан Уәлиханов шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ болған.
Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы да ғылымды игеріп қана қоймай, одан академиялық білімдер жүйесін түзген, "жоқтан бар жасаған" ғалым. Ахмет атаны қазақтың Эйнштейні мен Ломоносовы десек, артық емес.
Ұлттық қаріпті ойлап тапқан
Ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы – жаңадан жазу ойлап тапқан жан. Қазақ тілінің төл дыбыстарын дәл көрсететін әрі оқуға жеңіл әліпби құрастырған.
Орыс және татар ғалымдары мұны "Байтұрсынұлы жазуы", "ұлттық жазу", "тәртіпті жазу" десе, Ахмет атаның өзі "Қазақ жазуы" дейді. Ал қарапайым халық оны "төте жазу" деп атап кетті. Ғалым бұл жазуды түзуге 1910 жылы кірісіп, небары 2 жылда дайындап шықты. 1912 жылы халыққа таныстырды. Ғасырлар бойы өзгертілмеген араб графикасына қазақ ғалымы алғаш рет өзгерту жасады. 16 жылдай қолданыста болды. 1924 жылы бұл жазу ресми түрде бекітілді. Бірақ 1929 жылы өздеріңіз білетіндей, кеңес идеологиясының күшеюінен елге латын қарпі күштеп енгізілді.
Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавитіндегі қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ таңбаларды алып тастап, қазақ тіліндегі дыбыстардың әрқайсысына жеке таңба белгіледі. Сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекше» деген белгіні енгізуді ойлап тапты. Ғалым Еуропа мен Азия халықтары алфавиттерінің жасалу, қалыптасу тарихын едәуір тексеріп шыққан өте зерек лингвист болатын.
"Байтұрсынұлы әліпбиін" ең озық әліпбилердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені жалпы жазу теориясы бойынша белгілі бір тілдегі фонемалардың санынан оны таңбалайтын әріптердің саны көп болмаса, тіпті аздау болса, ондай әліпбилердің жүйесі өте жақсы деп бағаланады. Байтұрсынұлының әліпбиі – осы қағидатқа сай мұнтаздай таза әліпби. Мысалы, қазақ тілінде 9 дауысты, 17 (19) дауыссыз, барлығы 26 фонема десек, "Байтұрсынұлы әліпбиіндегі" әріптердің саны 26-дан аспайды. Нақтырақ айтсақ, ғалым қазақ тіліндегі дыбыстардың санын 24 деп көрсетеді. Оның бесеуі – дауысты: а, о, ұ, ы, е. 17 дауыссыз дыбыстар: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: у мен й.
ХХ ғасыр басында Ресей академигі Я.Яковлев "Байтұрсынұлы жазуы әліпби құрылымының математикалық жүйесі" деп баға берген.
Қазақ ұғымына икемделген, барынша қарапайым да түсінікті Байтұрсынұлы жазуын жұртшылық, әсіресе мұғалімдер қауымы қуанышпен қабылдады. Бұл жазу 1912 жылдан 1929 жылға дейін қазақ-орыс мектептерінде, мұсылман медреселерінде қолданылып келді. Тіпті бұл жазуды өзге түркі тілдес елдер де үлгі тұтып, ұлттық жазу деп таныды.
Естеріңізде болса, "Қазақ" газеті де осы әліпбимен шыққан.
Төте жазуды қазір Қытай, Иран, Ауғанстан және Түркия қазақтары қолданады.
Қазақ тіл білімінің негізін салушы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ лингвистикасының, тіл білімі ғылымының негізін салған жан. Алғашқы филолог әрі лингвист. Ғалым 1912-1915 жылдары Орынборда "Тіл – құрал" атты ірі теориялық еңбек шығарады. Кітап үш бөлімнен тұрады: фонетика, морфология және синтаксис. Шағын-шағын кітапша ретінде шығарылған.
"Тіл – құрал" – қазақ тілінің бүкіл грамматикалық құрылысын (фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін) бір бүтін жүйе ретінде алып зерттеген тұтас еңбек. Мұнда қазақ тілі алғаш рет өзінің бай төл материалы, бар болмыс-бітімі негізінде, ең бастысы бастан-аяқ қазақ танымы тұрғысынан қарастырылған. Оның осындай ғылыми терең негізде жазылған, біртұтас, мүлдем жаңа мазмұнды, бөлек типті грамматика. Соның арқасында қазақтың тұңғыш грамматика ілімі бастау алды. Бұл кітаптың әр бөлімі кем дегенде 6-8 рет басылып шыққан.
Ғалым өзі жасаған ұлттық әліпбиді халыққа үйрету үшін балаларға арнап "Әліпби", ересектерге арнап "Әліпби. Жаңа құрал" атты кітап жазады. Қазіргі әліппеміз де осы Ахмет атадан бастау алады.
Әдебиеттану ғылымының негізін салған
Ғалымның "Әдебиет танытқыш" сынды тіл танытқыш тәрізді ірі ғылыми еңбегі болған. Негізгі атауы – "Қазақ тілінің теориясы". Бұл кітапты Ахмет Байтұрсынұлы Архангельскіде алты жыл айдауда жүргенде жазған. 1929 жылы елге оралған кезде қолжазба күйінде сақтап, кеңес үкіметі тәркілеп алмас үшін дос-жарандарына беріп тығып жүрген. Сөйтіп жүріп жоғалып кеткен еңбек. Жазушы Ғ.Мүсірепов бұл іргелі еңбектің қолжазбасын көргенін әрі оқығанын айтқан. "Кәдімгі ғылыми еңбек. 400 беттен асады. Бұл – оның соңғы жазған кітабы" дейді Ғ.Мүсірепов.
Ғалымдардың айтуынша, бұл еңбек жазылса қазақ ғылымына үлкен жаңалық, рухани қазына болар еді дейді.
Ахмет Байтұрсынұлы – әдебиеттану ғылымының негізін салған, теориялық ілімін қалаған ғалым. 1926 жылы "Әдебиет танытқыш" атты іргелі еңбек жазады. Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды.
Бұл кітаппен бірге тағы "Нұсқаулық" атты әдістемелік кітапша да болған. Алайда ол жоғалып кеткен. Әлі күнге табылмай жатыр.
Академик Рәбиға Сыздықова "Бүгінгі бүкіл қазақ ғылымының көген басы ретінде әуелі тіл білімі мен әдебиеттану бой көрсетті" деп дәл айтқан.
Қазақ оқулығының басында тұр
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ оқулықтарының негізін қалаған педагог. Қазір мектепте оқытылып жүрген қазақ тілі оқулықтарының алғашқысын Ахмет ата жазған. 1914 және 1925 жылы қазақ тілінің оқулықтарын жазып шығады.
Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз, ағартушы педагог. Халықтың сауатын ашуды өмірлік мұратына айналдырған. Тіпті, ғалым бала кезінен-ақ ағартушылық миссияға дайындалған көрінеді. Алдына стратегиялық мақсат қойып, ғұмыр бойы сол жолда қызмет еткен. Ешқандай атақ-орденге қызықпаған, ұмтылмаған.
23 жасында Орынбор қаласындағы мектепті бітіріп, еліне оралғаннан кейін-ақ мұғалімдік жолға түсіп, оқытудың сан түрлі жолдарын қарастырып, қазақ баласының сауатын ашады. 1910 жылы 15 беттік "Баяншы" кітапшасын, 1912 жылы "Оқу құралы" мен 1926 жылы "Сауат ашқыш" іргелі еңбектерін, 1928 жылы "Тіл жұмсар" әдістемелік нұсқауын шығарады. Осылайша төл әдістемелік нұсқау жасап шықты. "Оқу құралы" жұртшылыққа ұнағаны сонша – әлденеше рет баспадан шығып, халыққа таратылады.
Ахмет Байтұрсынұлы этнопедагогика мен этнопсихологияны игерген жан. Сол арқылы қазақ ұлттық мектебін түзуге, қазақ балаларының сыни ойлауын қалыптастыруға ұмтылған.
Мәдениеттану ғылымының алғашқы өкілі
Бесіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы – мәдениеттанушы ғалым. Мәдениеттану бойынша курс оқыған. "Мәдениет тарихы" атты кітап жазған. Алайда ол да жоғалып кеткен. Ғалымдар оны таба алмай жатыр.
Географ-астроном
Ахмет Байтұрсынұлы – географиядан да хабардар болған жан. Ғалымның "Шаруа өзгерісі" атты шағын еңбегі бар. Сонда Қазақстанның жағырапиялық орналасуы мен климаты, табиғаты мен топырағы жайлы кең мағлұмат береді. Зерттеушілердің айтуынша, А.Байтұрсынұлы қазақ даласының географиялық ерекшелігін туралы терең білген әрі оны үнемі зерттеп, ұдайы назарда ұстаған секілді. Тіпті, ХХ ғасыр басында қазақ даласының географиялық ерекшелігін дәл Ахметтей терең білген қазақ зиялысы болмаған көрінеді.
"Ақаң өз елінің де, көрші жатқан Қарақалпақстанның да жер жағдайы мен шаруашылық ерекшелігін білген", - дейді жас ахметтанушы Ермұхамед Маралбек.
Алғашқы ғылым министрі
Қалай десек те, Ахмет Байтұрсынұлы – өте күрделі кемеңгер тұлға. Біреу білер, біреу білмес. Ахмет Байтұрсынұлы – алғашқы ғылым және білім министрі болған жан. 1920-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Бұл орталық қазіргі білім министрлігімен тең ұжым. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. Ахмет Байтұрсынұлының бастауымен Алашорда қайраткерлері әр салада ғылыми зерттеу жасап, оқулық жазуға кіріседі. Мәселен, М.Жұмабаевқа педагогика, М.Дулатовқа есеп құралын, Х.Досмұхамедұлына сингармонизм жазуды тапсырады. Кейін Х.Досмұхамедұлы медицина, Ж.Аймауытов психология, Әлімхан Ермеков математика ғылымдары бойынша еңбек еткен. Қазақ ғылымында бұл дәуір тіпті "Байтұрсынұлы дәуірі" деп аталған. Осы ойдан қазақтың ғылымы мектеп оқулықтарынан басталады деп айтуға толық негіз бар.
Реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы "Ана тілі айбары" төс медалі және "Ғасыр саңлағы" алқа белгісімен марапатталды.
ХХ ғасыр басында Ресей академиктері – А.Н.Самойлович, Е.Поливанов, Н.Яковлев, А.Кононов өз зерттеулерінде А.Байтұрсынұлының еңбегін жоғары бағалаған.
Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері АҚШ-тың Колумбия университетінде, Жапонияның Хоккайда университетінде, Түркияның Ыстамбұл университеті мен Ресей Ғылым Академиясында сақтаулы тұр.
Ахмет Байтұрсынұлының 1937 жылы атылады. Ал 1929 жылдан кейін жазған еңбектері жоқ, ақтаңдап боп тұр. Соңғы он жылда жазылған еңбектері әлі табылмай жатыр. Тағы үш іргелі еңбегі (кей ғалымдардың айтуынша, 17 еңбегі) жоғалып кетті.
Осыншама мұра қалдырған Ахмет ата айдау мен қудалауға түспей, еңбек еткенде, қаншама мұрағат, қат-қат кітап қалдырар еді, ойлап көріңізші енді...