Елорда төрінде орналасқан іргелі мәдени ошақтардың бірі – Сәкен Сейфуллин музейі. Бұл мекеме өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында Целиноград облыстық өлкетану музейі негізінде шаңырақ көтерген екен. Қазіргі таңда мұндағы экспонаттар саны жеті мыңнан асса, тақырыптық көрме залы – жетеу. Осының бірі «Педагогика» залында орналасқан көрме экспозициясында ұлт ұстазы Ақаңның – Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» тұр.
Бұл сөз жоқ, құнды жәдігер. «Әліппенің» шекесіне төте жазумен «Байтұрсын ұлы Ахмет» деп жазып, оның астына үлкен әріптермен «Әлиб-би» деген сөзді таңбалапты. Одан кейін өң бетінде белдеуіне ат байланған қазақтың киіз үйі бейнеленген. Үйдің қазан жағында желібауда жусап жатқан тай-құлын және ат үстіндегі жылқышы мама биелерді қайырып тұр. Осы суреттің астында қос қапталын қошқар оюмен көмкерген оқу кабинеті. Дәл ортада ұстаз. Екі қатар партада отырған шәкірттерге сабақ өткізіп тұр.
«Әліппенің» төменгі жағына төте жазумен «Қазақстан мемлекет баспасы. Қызылорда – 1926» деп жазылған. Ал «Әліппенің» өң бетінің етек жағына кәдімгі кирилицамен жазылған «Байтұрсын ұлы А. Әліп-би (Жаңа құрал). Қызыл – Орда. 1926 – 116 б» деген жазу тұр.
Осы орайда, бұл «Әліппе» музейге қайдан келді? – деген сұрақ туары анық. Музей қорына жауапты басшы Жаннұр Қалиеваның айтуы бойынша аталған кітап осыдан отыз жыл бұрын Алматы қаласындағы А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапхананың (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) қорынан әкелінген көрінеді. Жәдігердің архивтік тіркеу тізімінде: «Әліппе» 1991 жылы қазан айының 30-ы күні 554-ші актімен қабылдап алынды» деп тұр.
Биыл «Әліппе» авторының туғанына 150 жыл. Ол республика көлемінде, халықаралық деңгейде атап өтілуде. Демек ұлт ұстазының мерейтойында «Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп ағартушы атамыздың өзі айтқандай, көпшілікке музейдегі «Ақаң әліппесі» туралы аз-кем түсінік бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Әліппетанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбек: «А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, ыңғайластыруды қолға алғаны белгілі және ғалым реформалаған әліпби 1912 жылдардан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Әліппе» оқулығы жарыққа шықты. А.Байтұрсынұлының бұл «Әліппесі» сол кезеңдегі қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдессіз қызмет атқарған» десе, профессор Ғарифолла Әнес Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шыққанын жеткізді. Алғашқысы 1912 жылы жарық көрсе, келесілері:
- Екінші басылуы. Орынбор, 1914, 96 бет.
- Үшінші басылуы. Орынбор, 1916, 98 бет.
- Төртінші басылуы. Ташкент, 1922, 95 бет.
- Бесінші басылуы. Орынбор, 1923, 72 бет.
- Алтыншы басылуы. Орынбор, 1925, 72 бет.
Ал музейде тұрған «Әліппе» жетіншісі екен. Яғни соңғы «Әліппе». Бұл жәдігерді филолог ғалымдар ең бір жетілген нұсқасы деп жүр. Ақаңның өзі айтқандай: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, қазақ сөздерін алып орыс не ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» (Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, 2013, 13-14-бб.).
Егемен Қазақстан