Абылай ханның түсі

Абылай ханның түсі
Фото: adyrna.kz

Бір күні Абылай үйінде жатып, бір түс көріпті. Сол түсін Бұқарекеңе жорытқан екен. Абылайхан түсінде құбылаға қарай бара жатса, бір биік аспан зәулім бәйтерек көреді. Мидай далада сол бәйтерекке барса, түбінде бір жолбарыс жатыр екен. Ол жолбарыс Абылайды көре сала келіп алысады. Абылай да жолбарыспен алысып жүріп, қолындағы қанжарымен ішін жа­рып өлтіріпті. Оның ішінен бір қасқыр шыға келіп, ол тағы алы­сыпты. Абылай оны да жеңіп өлтіріпті. Оның ішінен бір түлкі шыға келіп, о да алысыпты. Оның ішінен бір қоян шыға келіпті. Ішін жарғанда оның ішінен бір күзен шыға келіп, о да алысты. Оның ішін жарып жіберсе, қоңыр шолақ тышқан шығады. Міне көрген түсі осы екен.

Бұқарекең келешек заманға және Абылайдың кейінгі ұрпақтарына келтіріп былай жорыпты:

– Бәйтерек көргенің – өзіңнің осы күндегі хандық бақытың. Өзіңнің жолбарыстай айбатың, хан, салтанатты уақытың. Өзіңнен туған бір балаң аюдай болып туып, өзіңнің хандық орныңа тұрып, өзіңдей болып қалмаққа, жауға аюдай болып шабады екен. Онан туған балалар қасқырдай болады екен. Онан кейінгі адамдар түлкідей бірін-бірі алдап, арбап, сұм заманға ие болады екен. Онан кейінгі адамдарға бір қорқу, үрку, жебір, жесір тар уақыт болады екен. Одан кейінгілердің көрген уақыты бастарына келетін бір қоңыр шолақ тышқандай болып жүріп күн көретін уақыт болады екен. Заманның ақыры таянғанда адам баласына кездесетін уақыт күзен секілді болар. Аяғы тышқан болып, дүние сөйтіп таусылады-дағы.

Бұқар түсін жорып айтқан соң Абылай бұл сөзіне құлақ қойып, сонан соң Самарқан шаһарына елші жіберіпті: «Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерге зиярат қылғалы келдім. Осы жерден қайтамын» деп. Самарқан, Бұқар жұрты қорқысып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып он үш патша ол шаһарларды алған екен. «Қосыны қазақ болды дегенше, бұ дүние тар, сарттарға азап болды» дейді екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң Самарқан халқы қуанып, тарту, таралғы, сыймен келіп, ханды көріп көңілдері сондай тынды.

2. Абылай ханның түсі:

Абылай хан Самарқанд шаһарының бетіндегі Жұпар қорығына түсіп, алғаш қонған түні түс көріп, ертеңінде қасындағы түс жоритын қариясына жорытады.

– Түсімде шатырымның алдында бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таң қалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп екінші қарағанымда қасқыр болып, онан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң қалып жатқанымда оянып кеттім, – деді. Сонда қария:

– Жолбарыс көрсең, басыңнан бақыт құсы ұшқаны, баяғыдан бері қайтпай жүріп, енді жасың жеткен шағыңда «Абы­лай хан сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай қайта ғой. Жолбарыстың аю болғаны сенен соңғы балаларыңның заманы аю заманы болып, жұрт аюдай алысып өтеді. Қасқыр болғаны немерелерің заманында қасқырдай жұлысып өтер. Түлкі болғаны шөбереңнің заманында түлкіше жортып өтер. Қоян болғаны онан кейінгі заманда қорқып өтер, – деген екен.

3. Абылайдың өз түсін жоруы: 

Абылай үйінде ме, не жорықта ма, әйтеуір бір түс көріпті (әркім әртүрлі айтады).

Түсінде бір қалың даманда отырып есіктен қараса, есік ал­дында бір үлкен көл бар екен. Оның құрақ, қамыстары жолсыз ыққа қарап жапырылып тұр екен. «Япырым-ай, мына көлдің қамысы желсіз неге жапырылып тұр?» деп, есікке шыға келсе, есіктің алдында бір арыстан қарсы қарап жатыр екен. Абылай сескеніп тұра қалыпты. Арыстан қарап секіретін түрге келіп, айбаттанып күшін жинапты да, өз бетімен жүре беріпті. Одан соң сол жерге қасқыр, түлкі, қоян келіп кідіріп, бәрі де көз алдында өз бетімен кетті. «Манағы құрақты көлім сор болды ма? Бұлақ болды ма? Шалшыққа айналды ма? Не болғанын қарауға өзім де жиреніп жатып оянып кеттім»,— дейді.

Естушілер не деп жоруын білмей, жақсылыққа жоруға қисынын таба алмай, жамандыққа жоруға ханына бата алмай отырыпты. Сонда Абылай өзі былай деп жорыпты: – Менің көрген жыным, айдын шалқар көлім – ол мына менің көрген дәуірім, мына отырған сендерсіңдер. Ана жапы­рылып көрінген – менің қоғадай жапырылып бас иіп тұрған халқым. Оның ақыры былай болды. Шіркін, халқым, дәуірің осындай болады екен ғой! Көрген арыстаным – ол дұшпаным. Қанша дұшпаным қайрат етсе де, әсер етпеді. Оның артындағы қасқыр, түлкі, қоян – олар менің кейінгі тұқымдарым болар. Олардың ақыры қоянға ұқсап, ел-жұрт қараудан да жиренетін болады екен ғой! – деп жорып, өзі қатты күйзелген екен. Сонда қасындағылар да: – «Түс – түлкінің боғы», жақсыға жорыңыз, түс көрушіден емес, жорушыдан, – деген екен.

 

дереккөз: adyrna.kz

Т. Есқали