46 бірдей суреттің жасанды екенін әйгілі суретшінің қызы Гүлдария Қастеева растап отыр. Оның айтуынша, Қастеев атындағы мұражайға әкелінген суреттердің барлығы да күмәнді деп хабарлайды tengrinews.kz.
«Коллекция жиюшы мұражайға суреттерді әкелген, ал мұражай қызметкерлері суреттердің түпнұсқа екеніне сенімсіз болып, маған тапсырды. 46 туындының барлығы да түпнұсқа болмай шықты. Мен өз кезегімде бұл суреттердің әкеме ешқандай қатысы жоқ екенін айттым», - дейді Гүлдария Қастеева.
Естеріңізге салсақ, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. 2011 жылы жеке коллекциялар көрмесі өткен. Сонда да Қастеевтің оннан астам көшірме суреті белгілі болған еді.
«Мен бұл суреттерде әкемнің аты жазылғанын көрдім, бірақ оның шығармашылығына ешқандай да байланысы жоқ екенін білемін»,-дейді Гүлдария. Десе де, көрме ұйымдастырушысының айтуынша, оның әкесі көзі тірі кезінде көптеген суреттерді жинаған. Ал қайтыс болған соң картиналар оның қолына өткенін түсіндіріп, өз ойынан таяр емес.
Әйгілі суретшінің мұрагері ендігі кезекте құқық қорғау орындарының бұл іске араласуын талап ететіндігін жеткізді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tengrinews.kz