- Негізгі бет
- Тұлға
- Абайдың ұрпақтары туралы...
Абайдың ұрпақтары туралы
Абай Кәкітайды он жасында өзі бала ғып қолын алып, содан жиырма төрт жыл юойы қасынжда ұстап, тәлім-тәрбие берді деп бұрын жазылған еді.
Абайдың өз баласы Ақылбай жасынан үлкен әке-шешесінің қарауында болып, жатбауыр боп өсті. Екінші ұлы Ғабдырахманды жасынан орыс мектебіне жіберіп оқытып, ғылым жолына салды. Мағауия жасынан науқастау болып, жүріп-тұруға жарамсыздау жігіт болды. Ендігі Абайдың алыс-жақыны, дос-жарына, айтыс-тартысына жұмсайтын адамы, керегіне жаратқан баласы Кәкітай болды.
Онымен қабат Абайдың бір бет қағазға жазып тастап, яки ауызша айтқан өлеңдеріне, қарасөздеріне Кәкітай иелік жасап жинап, сақтап отырған.
Абай, Ақылбай, Мағауия төрт айдың ішінде өліп, оларға қараған он шақты ауыл басшысыз, панасыз қалған соң бұрыннан сол ауылдардың өз адамы болған Кәкітай мал мен жанға иелік жасады. Батаоқырын, келімді-кетімді көп қонағын, жас бала, жеріс әйелдерін, көрші-қолаңдарына басшылық етті. Кемшілік-тапшылық көрсетпеді.
Ендігі Абай артында қалған бала-шағасының бас көтерер үлкені Тұрағұл бұрын өзінің туған шешесі Әйгерімнің аз ғана дәулетіне ие болып, Абай мен Мағауия ауылдарына келіп-кетіп қонақ ретінде ғана жүретін еді. Енді Абай өлген жылғы сайлауда Тұрағұлды ағайын-туғандары Абайдың мирасқоры ғой деп болыс қойды. Кеңсесін, тілмашын Жидебайдағы Абайдың ауылына орналастырды. Тұрағұл бұрын еселі қыстау ала алмаған еді. Жидебайдың солтүстік жағындағы Барақ деген жерден бір қыстаулық жер берді. Кәкітайдың ендігі серігі, Абай тұқымының атқа мінері Тұрағұл болды.
Тұрағұл жас күнінде ескіше молладан оқып, арабша хат таныған. Мағауияның қасында болып, онда тәрбие алып, орысша тіл үйреніп, орыс кітаптарын оқып, ұғарлық білім алған. Мағауия Тұрағұлдың домбыраға, ән-күйге әуесітігін байқап, Семейдегі Яков деген скрипкашыдан ақы төлеп бір қыстай музыка үйреттіреді. Орыстың бірнеше күйлерін скрипкада тартатын болды. Мысалы, «Одиополка», «Шестикадрел», «Дунайская волна» тағы осы сықылды күйлерді үйреніп, қырдағы ауылдарына келіп ойнаушы еді. Домбыраны да аса шебер ойнайтын болды. Қазақ күйлерін де жақсы білетін Тұрағұл жастық турасынан бірнеше өлең шығарып жазып жүрді. Бірақ онысын ұқыпты жинамады.
Абайдың өзі отырған үлкен үйінде Оспан бала ғып алған Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкір қалды. Абай өз қолында 12 жыл тәрбиеледі. Көп жол, жоба көрсетті, бірақ өлең айтудан басқа өнер таба алмады. Әубәкірдің ақындық таланты өте күшті болады. Әр кезде көзі көріп, көңілі кезген оқиғаны қолма қол ауызша өлең ғып айтып отыратын еді. Әсіресе, біреудің кемшілігін, мінін айтуда өте шебер сынайтын болған.
@. @assel_assanova