Абай ұрпақтары - асылдың сынығы

Абай ұрпақтары - асылдың сынығы

Бүгін қазақтың ұлы ақыны, жазушысы, ағартушы, композитор, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай атамыздың туған күні. Осыған орай атамыздың ұрпақтары мен олардың өмірі жайлы Абайдың шөбересі Ищағы Жағыпарқызының естелігін беріп отырмыз.

Абайдың шөбересі - Ищағы Жағыпарқызының естелігінен


Жасым жетпістің бесеуіне келді. Алланың бұйыртқан осы ғұмырында айтар әңгімем, шертер сырым да баршылық. Ғасырға жуық өмір кешкен әр адамның өмірі кішігірім тарих: себебі ол өмір көрді, деректі оқиғаларға куә болды. Ал жаңа дәуірмен бірге жасап, тарихи оқиғалармен біте қайнасқан өмір маңызды да мәнді, қызықты ғой. Кейінгі ұрпаққа қазақ халқының біртуар данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының шөбересі ретінде, Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангер ретінде өз өмірімнен сыр шерткім келеді.

Атамекен, туған жерім Шыңғыстау (қазіргі Абай ауданы) болғанымен, тәрбие алып өскен, білім алған ортам бөлек болды. Тіршіліктің қам-қарекеті елден ерте айырды. Өмірбаянымнан сыр тартсам, Абай атамның кенже баласы Мағауияның кіндігінен өрген ұлы Жағыпардың қызымын. Әкем мұғалім болатын. Бірінші, екінші класты әкемнің өзінен оқып, сауатымды аштым.

Әкем қайтыс болғаннан кейін Ақылбай атамыздың немересі Шәбеп ағамыз 1935 жылы бізді асырап бағамын деп, қолына көшіріп алды. Бұл кезде тұрған жеріміз Новошульба ауданы, Уба-Форпост деген жер еді. Тұрмысымыз оңды, азын-аулақ малымыз, шаруашылығымыз болды, бірақ Шәбеп ағамыз қамқорлық таныта алмады. Бізді бауырына тартудың орнына Берекехан ағайым екеуімізді Семейдегі балалар үйіне тастап кетті: берекелі тұрмысымызды бұзып, бәрімізді жан-жаққа таратып жіберді. Шәбеп ағамыз тасбауырлық ниетін танытты.

1936 жылы Ақылбай атамның немересі Қауаш апаның күйеуі Мұхлес Баймағамбетов мені балалар үйінен алып, N11 мектеп-интернатқа орналастырды. Ол кісі Семейдегі ОблОНО-ның орынбасары еді. (М.Әуезовтың «Абай жолындағы» ертекші Баймағамбет - осы Мұхлес жездеміздің атасы). Мұхлес жездеміздің арқасында жағдайымыз түзеле бастады. Оқу оқып, білім мен тәрбие алып, енді оң мен солымызды тани бастағанда, 1941 жылы Отан соғысы басталды. Басымызға тағы да тағдырдың ауыртпалығы түсті.

1945 жылдың қараша айында мектеп-интернатта қатар оқып, әскерге бірге алынған Елубаева Қантайды Алматыға өзіммен бірге ертіп келдім. Мұнда әкемнің апайы Уәсила Мағауияқызы тұратын. Ол осы бір қиын кездерде Мұхтар Омарханұлының ақыл-кеңесін беріп, қамқорлық жасағанын әрдайым айтып отыратын.

Мұхтар аға Уәсила апам екеумізді күндізгі сағат төртке арнайы қонаққа шақырды. Әңгімелесіп отырғанда: «Ищан, институтқа оқуға түс, білім ал», - деді. Келесі күні оқу министрлігіне телефон шалып, мені қыздар педагогтік институтына оқуға түсірді. Мен 48 жылдық еңбек стажымның 34 жылында Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің кадрлар бөлімінде аға инспектор, инженер болып қызмет атқарып, еңбек демалысына 1988 жылы шықтым. 

* * *

Қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың әкесі Құнанбай бабамыздың төрт әйелі болған. Олар: Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Екінші әйелі Ұлжан әжемізден Ибраһим (Абай) атамыз туған. Мен тек Абай атамыздың бәйбішесі Ділда әжемізден тараған ұрпақты ғана жазбақшымын. Әбдірахман, Мағауия аталарымның әйелдерінің шыққан жерлеріне тоқталмақпын. Абай атамның Мағауиядан тараған ұрпақтары (Уәсила, Құтайба, Бөбір (11 жасында өлген) Жағыпар, Кәмила) жайлы мағлұмат бермекпін. Күңке, Айғыз, Нұрғаным әжелерімнен тараған ұрпақтары туралы М.Әуезовтің «Абай жолы», т.б. кітаптарында жазылған.

АБАЙ АТАМ

Абай атамның екі әйелі: Ділда, Әйгерім. Ділда әжемнен тараған балалары: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия және екі қызы: Күлбадан, Райхан.

ДІЛДА ӘЖЕМ

Абайдың бәйбішесі - Ділда Жүсіпқызы. Төркіні - Әйбике - Шаншар елінің ақсүйегі. Алшынбай Тіленшіұлының ұрпағы. «Ділданың 1844 жылы туған әкесі Жүсіп Алшынбаевтың архивінен табылған анкетасында көрсетілген». Абайдың Ділдаға үйленген кезі 1860 жылдар. Ділда 1924 жылы қайтыс болған деп Қ.Мұхамедханұлы дәлелдейді. Ақылбайдың ұлы Срайылдың (1885-1959 ж.ж.) әйелі Тұрар жеңгеміз «1926 жылы Саржан деген ұлымыз туғанда әжем (Ділда) өлді», - деген еді. Мен де Ділда Әжемді көрдім. Тұрар жеңгемнің айтқаны дұрыс. Әжем мені «Сары қызым» дейтін. Ол кісінің бейіті Тышқан - Аралтөбе деген жерде.

Мағауияның тұңғыш қызы Уәсила апам: «Апам (Ділда) жай сөйлейтін, өте сабырлы, түсі аққұбаша, қыр мұрынды, көзі үлкен, сұлу өңді еді. Үйінде жұмыс істеп жүрген адамдарды ренжітпей, бауырына тартып отырушы еді. Мен осы апамның бауырында өстім», - дейтін. Уәсила апамнан Абай атамның қалай қайтыс болғаны жайлы сұрағанымда былай деді: «Әкем (Абай) Мағаш ағаның өліміне қатты қайғырды, оның қырқын тез өткіздірген соң жатып қалды. Аузы-мұрнынан, құлағынан қан кетті. Үш күннен соң көз жұмды. Қаны қатты көтерілген болса керек». 

ӘБДІРАХМАН (1869-1895)

Әбдірахман ағамыз туралы М.Әуезовтің, Қ.Мұхамедханұлының жазғандарында бірсыпыра анықтама берілген. Сондықтан мен әйелі Мағрипа туралы айтпақпын. Мағрипаның шыққан жері (тұқымдары) ноғай, үлкен аталары Ысқақтан төрт ұл: Жақып, Сүлеймен (қажы), Ыбырай және Мұсабай тарайды. Сүлейменнен - Мағрипа. Шешесі - Дүтбайдың жиені (руы Көкше). Дүтбайдың екінші алған әйелі Абайдың қызы Күлбадан. Мұны айтқан Мағрипаның аталас інісі Қабиболлаұлы Қожақпан (1920ж.). Ол қазір Алматыда тұрады.

МАҒАУИЯ АТАМ

Мағауия атам Семейдегі мужская киргизская школа деп аталатын мектепке түскенде (1884 ж.) он төрт жаста екен. Мектепте бірінші класының екінші бөлімінде үздік оқып, барлық оқушының алды болып, бір өзі ғана «өте жақсы» (отлично) деген бағамен оқыған. Мағауиямен бір мектепте оқыған шәкірттердің ішінен кейін тарихта белгілі болған адамдар да кездеседі. (Центральный госуд. архив КазССР. Фонд - 408, Опись - 1, «Абайдың шәкірттері» кітабынан алынған. 1993 ж. 85-бет). Оқуға аса қабілетті, зерек, талантты шәкірт Мағауия қалада 2-3 жыл оқыған соң денсаулығы нашарлап, сырқаттана бастайды. Абай баласының науқасынан қауіптеніп, Семей қаласындағы тәуір деген тәжірибелі дәрігер Становқа қаратады. Оның айтуынша Мағауияға қалада тұруға болмайды екен. Мағауия амалсыз оқуын тастап, ауылға оралады. Бұл 1886-1887 жылдар еді. Ол әкесінің қасында болады. 1904 жылы 36 жасында Мағауия дүние салады. Мағауияның балалары: бәйбішесі Дәмегөйден - Уәсила, Құтайба, Бабыр, Жағыпар; кіші әйелі Мөржаннан - Кәмила.  

ӘЖЕМ ДӘМЕГӨЙ

Мағауия атамның бәйбішесі Дәмегөй Мүсірәліқызы. Шыққан жері Қарамырза - Тобықтының ішінде Мәмбетай деп аталады. Қарамырзадан Алыбай, Мүсірәлі, Дәмегөй туады. Мүсірәлінің інісі - Жақып Меккеге барып қажы атанған. Жақыптан - Қали туады (1868-1969 ж.ж.). Бұлардың мекендеген жері Саржал ауылдық кеңесі (қазіргі Абай ауданы). Әжем Дәмегөй тентек кісі болған. Бірақ өтірік айтқанды жек көретін, жағымпаздықты білмейтін намысқой, не айтса да бетке айтып салатын. Балаларын, немерелерін өз бауырына басып тәрбиелеп, оқытып өсірген. Шолақ белсенділер келе жатса әжем бізді тошалаға кіргізіп, «дыбыстарыңды шығармаңдар» деп тығып қоятын. Олар байлардың үйін тонап, қыздарын зорлап, ойына келгенін істеп кететін көрінеді. Әжем содан қорқады екен. Дәмегөй әжем 1931 жылы қайтыс болғанда, артында қалған жалғыз ұлы Жағыпар 36 жаста еді. Жеті немересі бар едік. Мұхтар ағаның үйіне барып жүргенде бір күні: «Менің әжем Дәмегөйді кітабыңыздың бір жеріне жамандап жазып қоймаңыз», - дедім. Мұхтар аға: «Дәмегөй жаман адам емес. Ол кісі ақылды тентек болған. Дәмекеңнен ақылды ұл-қыз туады. Мағаш өлгеннен кейін артында қалған алты жасар Жәкімді, төрт жасар Кәмәшті, Әбдірахманнан екі жасында қалған қызы - Рахиланы, Құтайба баласынан қалған - Берекеханды бауырына басып оқытып, тәрбиелеген. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған. Ділда әжені өзі күтіп, қолынан қойған, - деді. "Жазып жатқан кітабымды Мағаштың балаларымен аяқтаймын», - деп бірталай әңгіме айтты. Уәсила апам былай деген еді: «Мағаш ағам (әкесін «аға» дейтін) Мөржанды алды. Ол өте сұлу, әппақ еді. Кәмәш шешесіне тартқан. Мөржанмен Мағаш аға екі жылдай ғана отасты. Мөржан қайтыс болғанда, Кәмәш бір жаста қалған. Сондықтан Кәмәш өз шешесін аузына да алмаған, Дәмекеңнің бауырында өсті. Бәріміздің кенжеміз болғандықтан өте ерке болды, оның айтқанын екі қылмайтын. Біз оны «қалқам» дейтінбіз. Мөржан шешеміз ауырып, Мағаш ағам Семейге қаратуға әкетіп бара жатып, ат үстінде: «Дәмегөй, саған Семейден не әкеп берейін?» - дегенде, «Маған Мөржанның аяғындағыдай оюлы мәсі-кебіс әкеп бер», - деген екен. Сонда Мағаш ағам: «Ендеше Мөржанның аяғындағыны алып қал», - депті. Дәмекең: «Сенің ауру қатыныңның ескісінің керегі жоқ. Жаңасын әкеп бер», - дегенде Мағаш аға аттан түсе сала Дәмекеңді қамшылай жөнеліпті. Сол кезде Дәмекең әкемнің (Абай) алдына жетіп барып: «Мені балаңыз сабап жатыр, ішімде бір ұл тулап жатыр», - депті. Әкем Мағашқа кісі жіберіп «ұруын тоқтатсын» дейді. Сондағы әжемнің ішінде тулап жатқан ұлы менің әкем Жағыпар екен.

Дәмегөй әжемнің аталас бауыр, сіңлілері Алматыда тұрады: Бәтима, Қоңыртай, Рымтай, Қапура. Бәтиманың күйеуі - Құнанбайұлы  Тәкежанның (Тәңірберді) шөбересі Хамит (1916-1983 ж.ж.) 1940 жылы Абай атындағы пединститутты өте жақсы бітірген. Отан соғысының ардагері, көп жыл мұғалім, Алматыда ОблОНО бастығының орынбасары, Шелек, Қаскелең аудандарында кеңестік қызметте болды. Кейін Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш селосының Абай атындағы мектебінде 30 жыл директор болып істеген. Хамит аға ақылды, сабырлы жан болатын. Ешкімге қатты сөйлемейтін, ренжітпейтін. Мені «Ищан-аға» дейтін, «сен аман бол» дейтін. Дәмегөй әжемнің екінші сіңлісі - Қоңыртай (1926 ж.) қос институт бітірген: заң маманы және педагог: Партия саласында да, мұғалім, мектеп директоры да болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, күйеуі Сағындықов Сағидолла да ірі қызмет атқарған аяулы азамат еді.  

УӘСИЛА (1890-1954)

Уәсила өзі естелігінде жазғандай, Мағауияның тұңғыш қызы. Қазақ салты бойынша Абай атам немересін өзі бауырына салып, 13 жасына дейін «балам» деп өткен. Жиырма сегізінші жылдардың аяғында Құнанбай қажы тұқымын бай-шонжарлар әулеті, үстем тап өкілі деген солақай саясатпен шалғайға жер аударған кезде Уәсила да күйеуі Қали Жақыпұлымен Қырғызстанға көшіріледі. Сол жақтан 1934 жылы Алматыға келеді. Мұхтар Әуезовтің көмегімен Уәсила Опера және балет театрының жанындағы артистерге киім тігетін цехқа тігінші болып орналасады. Уәсила өзінің зеректігінің, табиғаттың мол берген қасиетінің арқасында Абай әкесінен алған тәлім-тәрбиесін берік ұстанып, ғұмыр бойы оны дәріптеп, айтып өткен адам. Ол «Абай жолы» романы жазылған кезде Мұхаңа Абайдың заманы, ортасы, оның тұрмыстағы әдептері туралы мол деректер берген. Сондай-ақ «Абай» операсы және «Абай әндері» фильмдері түсірілген уақытта осы қойылымдардың костюмдері, т.б. безендіру үлгілері жөнінде Абайды көзімен көрген адам ретінде кеңесші болады. Ол 1936 жылы Опера және балет театры Мәскеуге өнер күндерін өткізуге барғанда костюм үлгісін жасаушы ретінде басынан аяғына дейін қатысады. Уәсила Мағауияқызы 1954 жылы алпыс төрт жасында Алматыда қайтыс болды. Мұхтар қызы Мұғалима апай Мағауия қызы Уәсиланы Ақылбай қызы деп жазады, Ақылбайдың немересі Ғазизаны қызы деп шатастырады. Уәсиланың баласы болмаған. Тәрбиесінде өскен Шәмен (Шаймардан) деген қайнысын Уәсиланың күйеуінің бұрынғы әйелінен қалған бала дейді. Уәсиланың күйеуі Қали бұрын үйленбеген, Шәмен Қалидың немере інісі, Шәменнің бұрынғы әйелінен (Торғайдан) Әдебиет деген қызы Алматыда тұрады. Бұл қызды да Уәсила асырап өсірді. Шәменнің жасы тоқсанға келді, Тобықтының ішінде Мәмбетай Қарамырза болады. Мұғалима апамыз бұларды естігені болмаса араласпаған, ата-тегін білмейді, сондықтан қателессе керек. 

ҚҰТАЙБА (1895-1919)

Құтайба ағамыз кезінде Шыңғыс болыстық атқару комитетінің төрағасы болған. Құтайбаның әйелі Тәкти Найманның Сыбан руынан шыққан, өз өңіріне әйгілі Досым қажының қызы. Абай атамыз немересі Құтайбаға өзі барып құда түсіп Тәктиді айттырған екен. Тәкти шешем мені туған күнімнен бауырына салып өсірген. Ол кісіні мен «Өзапа» дейтінмін. Өзапам 1924 жылы қайтыс болды, Аралтөбедегі екі әжеміздің (Ділда мен Әйгерім) қасына жерлеген. Алматыда сіңлісі Аманжан Досымқызы тұрады (жасы 82-де). Тәктидің інісі Тұрсынхан (1886-1980 ж.ж.) Абай атамызды көзі көрген, немере-шөберелерімен көп араласқан. Заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлымен де той-думандарда бірге болған. 1936-1942 жылдары Семейден мектеп-интернатта тәрбиеленіп оқып жүрген кезімде Тұрсынхан атам мені іздеп тауып алды. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген осы да. Мені бауырына тартып зор кісілік жасады. Дүниеден озарында немересі Құсманға мені қатты тапсырып кетіпті: «Ищағы апайыңа көз қырыңды салып, араласып жүр», - деп. Құсман менімен осы күнге дейін араласып тұрады. Химия ғылымының докторы, Ғылым министрлігі - Ғылым академиясы Органикалык, катализ және электрохимия институтының директорының ғылыми орынбасары.

БЕРЕКЕХАН ҚҰТАЙБАҰЛЫ (1918-1944)

Берекехан Құтайба ағамыздың жалғыз ұлы еді. Әкесі қайтыс болғанда бір жасқа да тола қоймаған екен. Ділда, Дәмегөй әжелерінің бауырында еркелеп өскен, Жағыпар Құтайбаның інісі болғандықтан ағасының соңында қалған жалғыз тұяғын өз баласындай көріп, бауырына басқан Берекеханның шешесі Тәтидің бауырында мен де өстім. Берекехан екеуміз Құтайба ағаның үйінде өскендіктен мені Құтайбаның қызы дейтін. Берекехан Семейдегі орыс гимназиясының 7-ші класын бітірген. Соңғы кезде тұрған мекен-жайы Новошульба ауданының Уба-Форпост деген жері еді. Осы жерден 1941 жылы әскерге алынды. Сержант- пулеметчик Украина жерінде хабарсыз кетті. 1944 жылдың 21 февралінде қолыма соңғы хаты тиді. п/п - 16627.

ЖАҒЫПАР (1898-1934)

Әкем Жағыпар  Құнанбайұлы Абайдың кенже баласы  Мағауиядан туған. Туған жері Шыңғыстау ауданы (қазіргі Абай) «Ақшоқы» деген жер. Әкем жұқа жылы шырайлы, ақкөңіл, пысық, әңгімешіл, сері болған. Балаларына аталары жайлы мағлұмат беріп отыратын. Үй ішінде әрдайым домбыра тартып, Абай өлеңдерін айтатын. Ойымда көбірек қалғаны «Сұрғұлт тұман дым бүркіп» әні. Әкемнен сұрадым: «Бұл өлеңді ойыңнан шығардың ба?» - деп. Сонда әкем: «Ерте уақытта біздің ауылда бір кедей адамның әйелі өліп, әкем (Абай) соған көңіл айтып шығарған», - деді.

Мұхтар аға Семейден біздің ауылға келгенде үлкен той болушы еді. Абай атамның немере--шөберелерін, тағы да басқа ауыл жігіттерін жинап алып, тың неше түрлі ойындарын (алтыбақан, ақсүйек, асық) ойнайтын. Асық келгенде дорбалап асықтарын ала келетін. Ең үлкен дорбадағы асықты беретін де дөңгелек тақырда ойын қызатын. Әкем әрдайым асықтарды ұтып алатын. Оны білетін себебім кім асықты көп ұтып алса, соның басына бірнеше тымақты қабаттастыра кигізіп қоятын. Әкем бір дорба асықты секіртіп ойнағанда біреуін де жерге түсірмейтін. Мұхтар аға сүйсініп күліп отыратын.

Шыңғыстау (Абай) ауданына қарайтын Аралтөбе деген жерде тұрдық. Аралтөбе тауының арғы жағында Ақылбай атамыздың немере-шөберелері тұрады, бергі жағында біздің үй. Әкем Ақылбай атамыздың балаларының тамынан мектеп ашып, азын-аулақ бала оқытты. Осылардың ішінде мен де сауатымды аша бастадым. Есімде қалғаны әкем бір ауылдық кеңесте жұмыс істегені. Күнде таңертең «қырманға кеттім» деп көк атына мініп жұмысқа кететін. Кейін Мұхтар аға: «Жәкімнің көк аты қандай еді, шіркін! Оның жүйріктігі мен сұлулығына таңдай қақпай тұра алмайсың. Көк атпен адаммен сөйлескендей сөйлесетінбіз. Мен де бұл атқа талай мінгенмін. Біздің елде Жәкімнің көк атын білмейтін адам болмайтын», - деп айтып отыратын.

Шіркін, әкем қандай адам еді! Бүкіл ауыл «Жәкім-Жәкім» деп қатты сыйлайтын, себебі қолынан тек жақсылық қана келуші еді. Үлкен қызы Рәпила мен соғыста қаза тапқан ұлы Жошыхан әкеме қатты ұқсайтын. Айта берсе мұң да, сыр да таусылмайды екен, қайсыбірін айтарсың...     Қайран әкем 36 жасында дүниеден өтті. 1932-1933 жылдары Убо-Форпост ауданына Шыңғыстаудан Садық Қасиманов бастаған босқындар келді. Тұрғылықты жердің басшылары әкеме оларды қарсы алып, орналастыру жөнінде жауапты тапсырма береді. Әкем оларды моншаға түсіртіп, үстіндегі шоқпыттарын өртетіп, таза киіндіріп, шаш-тырнақтарын алдырады. Бәрін біртіндеп үйлерге орналастырады. Садық Қасиманов Убо-Форпостқа келгеннен бастап әкемнің үстінен органға (КГБ) арыз жазып, соңына түсе бастайды: «Мағауияұлы Жағыпар байдың баласы, қашқын. Шәкерімнің інісі», - деп. Ондағы арам ойы әкемді жұмыстан шығартып, айдату еді. Бұл кезде әкем мектепте мұғалім әрі директор болатын. Қасиманов әкемнің орнын қараулықпен тартып алғысы келді.

Органның адамдары әкемді күнде шақырып тексере бастады. Әкем қайғырып, қорқып жүрді. Ақыры алты-ақ күн ауырып, бақиға аттанып кете барды. «Жәкімді құдай бізге қимады», - деп жыламаған адам қалмады. Қасиманов арманына жетіп, әкемнің орнына қызметке тұрды. Алматыда тұратын Қасимановтың туыстарынан (Сиырбаева Дәметкен, Беделбаев Есімхан, жазушы Сағымбаев Төлеужан, оның әйелі Зура) естігенім - 1931-1932 жылдары Қасиманов өзінің туыстарын айдатып жіберген. Олар оны «өте қызғаншақ, арсыз адам» деген еді. Қасиманов өлгенде Алматыдағы туыстары топырақ салуға барған жоқ. «Мен өлгенде Тұрағұл қыздары Ақышқа, Мәкенге хабар айтыңдар», - деп өсиеттепті. Барса, сол апалар ғана барған болар. Қасимановтың арам пиғылдарын Қ.Мұхамедханұлынан да естіген едім.

Әкем Убо-Форпоста тұрған кезде ақыл-кеңес алуға көп адамдар келетін. Кейбірінің арызын да жазып беретін. Ол адам «тура ойымдағыны жазыпсыз» деп ризашылығын білдіріп, рахметін жаудырып кететін. Әкемнің ерекше бір қасиеті - кітапты көп жинайтын. «Бұл кітаптар қандай кітап?» - деп сұрағанымда: «Абай атамның, оған қоса Мағауия әкемнің жинағаны, үлкен үйдегі Еркежан әжемнің (Абайдың әйелі) сақтап келген небір құнды қалың кітаптары», - деп жауап берген еді. Бұлар әкеме Ділда әжесінен мұра болып қалыпты. Оған өзі де жиған кітап, журналдарды қосып үлкен сандыққа толтыра салып, жұрт көзінен жасырып, тошаланың ішінен қазылған жерге көміп, 1929 жылы Семейге оқуға кетерде шешеме аманаттап тапсырған екен. Кітаптарды жерге тыққанда біздің үйде жүретін Мұсахан деген адам көмектеседі.

1931 жылы әкем мен шешем Аралтөбедегі қоймадағы кітаптарды алып келуге Семейге барғанда Қауаш тәтемнің (Ақылбайдың немересі) енесі Қибадат әжей құмалағын шашып жіберіп: «Ойбу, қайтыңдар, шешең Дәмегөй өлді», - дейді. Оның үстіне шешем көшеден пирожки сатып алып, енді жейін десе, ішінен адамның саусағы шығып, қатты ұшынып қалыпты. Олар үйге қайтып келгенде Дәмегөй әжем қайтпас сапарға жөнеп кеткен. Есімде бір қалғаны, кітапты тығар кезде шешем мені қораның төбесіне шығарып: «Біреу келе жатса дереу хабарла», - дегені. Сол бір сандық кітаптың тығылған жерін Мұсаханның інісі Әліпбек те білген. Ол атақты ұры болған. Ерте уақыттарда Ақылбай атамның, біздің үйдің малдарын ұрлайтын, сонымен қатар ауылдағы қыздардың кейбірін ұрлап әкетіп зорлайтын. Кейін сол кітаптарды қазып алып, Семейге апарып базарға сатып жіберген. Әке-шешем қайтыс болғаннан кейін Ақылбайдың немересі Шәбеп ел жаққа барып, кітаптардың жайын біледі. Елдегі ақсақалдар Әліпбектің қылықтарын айтып берген.

* * *

Ленинградта қызмет істеп, 1950 жылы еңбек демалысына келген едім. Мұхтар ағамен сол жылы ғана кең отырып әңгімелесудің сәті түсті. Бізді, Абай ұрпақтарын, «асылдың сынығы» деп өзі іздеп тауып, ағалық қамқорлығын көрсетті. Ол кезде Мұхтар ағаның даңқы дүрілдеп тұрған, арада талай жылдар өткендіктен «Мұхаң бізді ұмытқан болар» деген күдікті ойымыз да болды. Жоқ, Мұхаң бәрін есінде сақтапты. «Сендер көшкенде Жәкімнің көк аты қайда қалды?» - деп сұрады. - Біз Новошульба ауданына сол көк атпен көшкенбіз. Сол жақта өлді. Осы кездесуде бала кезімдегі тығылған кітаптар, күміс сервиз, көптеген суреттер туралы айтып едім, Мұхтар аға орнынан ұшып тұрды. - Пәлі, мынауың үлкен жаңалық қой. Қалай бәрін ұмытпағансың. Сервиздерді мен Ленинградтан әкеліп, Кәмилаға сыйға тартқам. Кәмиланың арман ғып көксеп жүретіні іс машинасы еді. Оны да әкеліп бергем. Адам бала кезіндегіні ұмытпайды. Қартайғанда ұмытшақ бола бастайды, - деп қатты риза болды. - Жәкімнің қолында мұра болып қалған кітаптарды білемін. Оның ішінде Абайдың, Ақылбайдың, Мағауияның, менің де қолжазбаларым бар, суреттер де солардікі. Оны бүлінбей тұрғанда тауып алайық, - деді. Іле-шала мені ақын Қасым Аманжолов пен Қайым Мұхамедхановқа қосып Семейге жіберді. Аралтөбедегі тошаланың орнын қаздық, ештеме табылмады. Ақылбай атаның немересі Шәбен оны кейін Ділда мен Әйгерімнің зиратына Әліпбек дегенге көмдірген екен. Сол жерден қолды болып кеткен. Қатты өкіндік. 

* * *

1929 жылы әкем Семейдегі бір жылдық мұғалімдер курсын бітірген соң оны Ново-Шульба ауданы Убо-Форпост ауылдық советіндегі мектепке мұғалім етіп жібереді. 1930 жылы бізді осы ауданға көшіріп алады. Бір арбаға сиып отырғандар әжем Дәмегөй, Кәмила тәтем, шешем Күлманар, ағам Берекехан, інім Жошыхан, сіңлім Қазел және мен. Біз көшкенде үй-жайымыз, қаншама дүние-мүлкіміз жұртымызда қалды. Бәрінен де менің өзімізбен бірге ойнап жүретін «Аққалқа» деген лағым, «Ақбайпақ» деген итіміз артымыздан қалмай көп жерге дейін шығарып салды. Бірінің маңырап, бірінің үріп жетімсіреп қала бергені әлі күнге көзалдыма келеді. Қайран, балалық бал дәурен-ай!.. Жаңа-Семейге Рәшит деген кісінің үйіне келіп түстік. Бізді Абай атамның інісі Ысқақ атамыздың немересі Мүбәрәк Ахметбекұлы қарсы алды. Бұл үйге Разақтың екінші әйелі Әлила апай да көшіп келіпті. Қасында екі жасар қызы - Гүлнар бар. Мүбәрәк ағаны бірінші көруім. Өзі сұлу, әппақ, қыр мұрынды, бұйра шашты. Киген киімі де денесіне қонып тұр. Әкемді бір жылдық мұғалімдер курсына түсіріп, Убо-форпост ауданына мұғалім ғып жіберткен де Мүбәрәк ағамыз екенін кейін білдім. Ол бізді қаладағы үйіне қонаққа шақырды. Қонаққа Дәмегөй әжем, Кәмила тәтем, шешем, Берекехан ағам және біздер бардық. Әппақ жүзіне алақандай көзі жараса қалған Зейнеп деген сұлу келіншегі бар екен. Менің Кәмила тәтеме ұқсайтын секілді, мұның да шашы тобығына түседі. Мүбәрәк ағаны «Мүкен аға» дейтінбіз. Үйінде Медіғат, Жәудет, Талғат деген інілері болды. Олар шетінен әнші, скрипка, домбыра тартады екен. Мүбәрәк аға сол уақытта үлкен бір қызметте болуы керек. Семейдегі пединститутта сабақ та берген. Қ.Мұхамедханұлы екеуі бірге қызметтес болған екен. Ол заманында Семейдегі ерлер гимназиясында оқыған. Әкесі Ахметбек аға 1932-1933 жылдары Убо-форпоста тұрғанда бізге келіп, бір жылдай тұрып кетті. «Сендерге рахмет, өлсем сүйегім мұнда қалмасын, елге барып өлейін», - деп қайтып кетті. Әкем костюм, пальто, тағы басқа киімдер әперді. Жолына ақша беріп, шығарып салды. Ол 1933 жылы Семейде қайтыс болыпты. Жүрегі дәмінің таусыларын сездірген ғой.

КӘМИЛА (1900-1932)

Мағауияның кенже қызы Кәмила. Ол 1920-1927 жылдарда Мұхтар Омарханұлының зайыбы болған. 1927 жылы Мұхтармен айырылысып елге қайтады. Осы арада Жәкім ағасы атқосшысы Өмірзақ екеуі Кәмиланы Семейден көшіріп әкеледі. 1928 жылы Семейге қайтып келіп, бір оқу орнына түседі. Семейде оқып жүргенде Абдолла деген татардың үйінде пәтерде түрады. Сол жылы мені қасына алған еді, бірақ денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмай елге қайтады. 1930 жылы біз елден Убо-форпост селосына көшіп бара жатқанда бізбен бірге бармай, Фрунзе қаласында тұратын Уәсила апасына кетті.

1931 жылы Убо-форпост селосында тұрған кезімізде Кәмила тәтем біздің үйге қайтып келеді. Уәсила апасына қолқа салған: «Бұл жақта жүргенше Жәкімнің қасына барайын. Ол онда жалғыз ғой. Шешем де сонда», - деп. Уәсила тәтем ісмер еді. Әртүрлі тақия, киім тігіп базарға апарып сатады да сіңлісіне жол пұлын жинап береді. Кетерінде Кәмила: «Мұхтар Алматыда түрмеде жатыр ғой. Артынан іздеп баратын жанашыр жоқ, жүдеп-жадап кеткен болар. Жолай соғып, азық-түлік, іш киім апарып берсем қайтеді», - депті. Уәсила: «Е, әлі ұмытпағансың ба. Күдеріңді үз. Ол саған енді қайтып оралмайды», - деп қарсылық білдірген, Уәсила бұлай айтқанда Кәмиланың уайымы ішіне түспесін деген ойда болған. Кәмила үшін Мұхтарға ренжіп, он үш бет хат жазып, біреуден беріп жіберген. Уәсиланың қайын жұрты Фрунзеге жер аударылып барған болатын. Енесі адуынды, қолы қатты, өте сараң адам болыпты. Уәсила бауырсақ пісіріп тұрып Кәмилаға ыстықтай жесін деп бауырсақ берсе, енесі бауырсақтың үстінен жеме деп бергізбейді екен. Кәмила тәтем біздікінде тұрып жатты. «Мұхаң, Мұхаң» деп жылай беретін. «Мұхтар кешірім сұрағанда кешпедім, сонша қаталдық жасадым», - дейтін. Кәмила ауырып жатқанда оның күтушісі шешем Күлманар еді. Мен қуыршақ ойнап қастарында отыратынмын. Сонда ылғи: «Мұхаң, Мұхаң» деп жылап отыратын. Үйдің іші тәтемнің атын атамай, «қалқам» дейтін. Өлгенше Мұхтарды уайымдап, шерменде боп армандап өтті. Дерті де содан басталды. 1932 жылы Кәмила дүние салды. Мұхтардан туған Зере, Мағрипа деген екі қызы жастай шетінеді. Немере сіңлісі Қауаш Әлімқұлқызы Ақылбай немересі Кәмила шығарған біраз өлең шумақтарын білетін.  

Ата-анам өлді жасымда,
Тәрбие көрмей қасыңда,
Теріс те болдым аруаққа,
Біле ме адам ашуда...
Көзіңнің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббат боп тарағанын.
Отырамын күндіз-түні қапаланып,
Өмірімді ауру қылып жараладың.
Ей, жарым, жаным сүйген көңілім құлап,
Хат жаздым, рахметіңнен етіп талап.
Демесең қор етейін мен ғарыпты,
Жауап бер, шын көңіліңмен ойың балап, - деп Мұхтармен ажырасқанда өлең шығарған. Уәсила апайымнан  естігенім: Мұхтар 17 жасында Семейде оқып жүргенде алғаш рет Тобықты ішіндегі Торғай руындағы Кәкен деген кісінің Райхан атты қызына үйленген. Одан Мұғалима, Шыңғыс деген екі баласы болады. Кәмила Мұхтардан бұрын Мамай батырдың баласы Шыныбайға ұзатылған. Қос бұрымы жер сызған сұлу Кәмила тұрмысқа шықпай тұрып-ақ Мұхтардың жүрегіне шоқ, түсірген. Күйеуін менсінбеген Кәмила «шешемді сағындым» деген желеумен үйіне келіп, қайтып бармай қояды. Мұхтар мен Кәмиланың жеті жылдай бірге тұрған өмірлері соншама бақытты шақтары екен. Мұхтар аға Кәмәштің шашын өзі өріп беретін.

Мұхтар Ленинградта оқып жүргенде Валентина Николаевнамен танысып, көңіл жарастырған ғой. Оқудан кейін Семейге оралып, қызмет істеп жүрген Мұхаң Валядан хат алады. Онда аяғының ауыр екенін жазған. Мұхтар қайтып оралмайды деп күдіктенген Валентина Николаевна заң орнына шағымданамын деп Мұхаңды қорқытады. Хат алдымен Кәмиланың қолына тиеді. Екі оттың ортасында қалған Мұхтардың жағдайын Кәмила түсінеді. Сондықтан «сен сотталғанша мен кетейін» деп еліне қайтып кетеді. Жағыпар ағасы Ағайдың Өмірзағын ертіп келіп Семейден Кәмиласын алып кетеді. Сол кезде Өмірзақ әкемнің атқосшысы еді. Мұхтардың қызы Мұғалима өзінің кітабында Мұхтар Әлкей арқылы Тұрағұлға хат жіберіп, «Кәмиламен ажырасатынын және өзің Кәмиланы төркін жұртына алып кет» деген деп жазады. («Тұңғышы едім» кітабы, 34-41 беттер). Кәмила Мұхтармен айырылысқанда  Бөрліде емес, Семейде тұрған. Мұғалима апамыз Кәмила туралы көп жағдайды дұрыс жазбаған, «Кәмила Мұхтарға шықпай тұрып-ақ аурулы еді, әкем емдетіп жүретін» деп жазады. Сол кездің өзінде атағы шыққан Мұхаң көрікті болмаса, Кәмилаға қызығып, ғашық болып алар ма еді. Дұрысы, Кәмила Мұхтардан айрылысқан соң ауыра бастады. Кәмиланың өміріне қатысты жағдайларды жақсы білетін Разаққызы  Ғафура, Мұхтардың жиені - Мәжит Диханбайұлы еді. Бұлар Мұхтардың қолында тұрып оқыған. Тұрағұл ағамыз Мұхтар мен Кәмила айрылысқан жылдары араларына кірісе алмауы мүмкін. Себебі Тұрағұл Құнанбай сияқты атақты адамның немересі ретінде 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Қырғызстан жаққа жер аударылған. Ал Бөрліде тұрған Мұғалиманың шешесі Райхан. Сондықтан Мұхтар Тұрағұлға емес, ағасы Разаққа «Мен елге қайтпаймын. Райханды дүниесімен төркініне көшіріп апарып таста» деп тапсырма берген.

1927 жылы Кәмила мен Мұхтардың ажырасқан жылдары. Осыған орай Тұрағұлдың баласы Жебірайл Мұхтардың апасы Райханды (Әуезқызы) тастады» деген сөз де дұрыс емес, (Ниязбек Алдажаров жазады. «Жұлдыз» журналы, 1992 ж. 95-6.) Оған дәлел Жебірайл әйелі Райханды 1922 жылы тастаған. Осы жылы бұлардың Алпаш деген ұлы туған. Ол алты айлық қана екен. Алпаш Отан соғысына қатысқан, Алматыда 1990 жылы қайтыс болған. (Тұрағұл қызы Ақыш апай айтқан). Рәпила апайымның айтуы бойынша Мұхтар Ленинградқа барар жолда Кәмиладан кешірім сұрапты, бірақ Кәмила кешірмеген. Мұхтар барғанда Кәмила тәтем жауап бермей, теріс қарап жатып алыпты деген. Рәпиланың білетіні - өмір бойы Кәмила тәтемнің қасында болған. Кәмәш тәтем Семейде оқып жүргенде қасында бірге оқып жүрген. Кәмила жайлы әркімдер білгішсініп қате айтып та, жазып та жүр. Тек қана Әлкей Марғұлан ағай дұрыс айтқан. Кәмиланы көрген-білгендер: Олар Абай атамның кенже қызы - Күлбаданның қызы Қадиша (1910-1987), Ақылбай немересі Қауаш (1909-1988), менің шешем Күлманар, Уәсила апам. Кәмила тәтемнің өміріне қатысты көрген-білген жайларды жинақтап жазып жүрдім. Өзім де бала кезімнен қасында болып, бауырында өстім. Әлі күнге Кәмәш тәтем есіме түссе көзіме жас келеді. Өз махаббатының отына өртенген қайран Кәмилам менің...

РӘПИЛА (1918-1938)

Рәпила - әкем Жағыпардың тұңғыш баласы. Ол әппақ жүзіне қызыл шырай тараған сымбатты да сұлу қыз еді. Оны да Ділда әжеміз бауырына салып өсірді. Дәмегөй әжесінің де, әкесінің де, үйі ішінің еркесі болды. Жасынан Семейдегі гимназияда оқыды. Рәпиладан кейін бір бала өлі туған екен. Содан кейін мен дүниеге келіппін. Рәпила екеуміз тату өстік. Семейден үйге каникулге келгенде мені жанынан қалдырмай ертіп жүретін. Татулығымыз сондай, мен оның айтқанын бұлжытпай орындайтынмын. 1938 жылдың маусым айында Семейдегі мектеп-интернатта оқып жүрген кезімде мені іздеп Семейге келді. Мұнан бұрын 1935-1936 жылдары Жарма ауданының Балажар деген жерінде мұғалім болып қызмет істеп жүрді. Осы жерде шешеміз Күлманар 1935 жылы қайтыс болады және Ақылбайдың немересі Бағфур Әлімқұлұлын 1937 жылы НКВД ұстап алып кетеді. Рәпила бауыры Жошыхан мен сіңлісі Қазелді алып Алматыда тұратын Уәсила апасының қолына келеді. Екі баланы N12 мектеп-интернатқа береді де, өзі Қазақ педагогикалық институттың бірінші курсіне оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде тұрмысқа шығады. Жұбайы Ысқақов Ғымыран Мұсабайұлы Оқу ағарту министрлігінде министрдің орынбасары болып қызмет атқарған. Бірақ бұлардың жұбайлық ғұмыры ұзаққа созылмады. Рәпила 1938 жылы қыркүйектің 25-інде қайтыс болды. Күйеуі Ғымыран Отан соғысына қатысып, 1942 жылы Сталинград шайқасында қаза табады.  

ЖОШЫХАН (1924-1943)

Әкем Жағыпардың бес қызы, үш ұлы болған. Ұлдары: Жошыхан, Нариман және Серік, Ұлының үлкені - Жошыхан. Екі ұлы ертерек дүние салған. Жошыхан әкемізге тартқан ақылды, намысқой, қаншыл еді. Әкеміздің күйіп-пісіп, күйгелектеніп қалатын мінезі болушы еді. Жошыханның да мінезі сондай, бірақ қайтымы тез еді. Ол Алматыдағы N12 мектеп-интернаттың 10-класында оқып жүріп, 1942 жылы армияға алынды. 1943 жылы жараланып Белград қаласында госпитальға түседі. Одан сауығып шыққан соң Харьковте соғысқа қатысады. Атағы сержант - пулеметчик. 1943 жылы соңғы хат келеді. Соғыста мерт болып, хабарсыз кетті. Бұл хат Семейдегі Абай атамыздың мұражайында сақтаулы (Соғыстағы адресі: п/п 89504 «ж»). Жошыхан 4-5 класта оқып жүргенде өлең жаза бастаған. Оны өзімен бірге алып кеткен. Мына өлеңді Қазел қарындасының альбомына 1940 жылы 8-класта оқып жүргенде жазған.

Ескерткіш мен беремін жүрегімнен,
Демеу болған тәтті өскен жүрегім,
Әгардағы көріспейтін күн туса,
Саған берген ескерткіштік тірегім... 

ҚАЗЕЛ

Бөрліден қашық емес, Аралтөбе деген жерде Мұхтар ағаның қоражайы бар. Сол жерде 1927 жылы маған тетелес сіңлім Қазел дүниеге келді. 1946 жылы Алматы кино-актер училищесін және 1952 жылы КазГУ-ді бітірген. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін Киностудиядағы Ш.Айманов музейін басқарды.

Ищағы Жағыпарқызы. Абайдың шөбересі: Санамда жаңғырады бейнелерің // Жұлдыз. – 1999. - №7 Б. 164-181.

Дереккөз: www.pushkinlibrary.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: mongolianislam.mnwww.azattyq.org

A. Mustafina