Абайға қатысты қазіргі таңда сөз айтқанда ең алдымен ойымызға М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» деген мақаласындағы «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз»,- деген аталы сөзі оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, Ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. Уақыт кеңістігіндегі ғасырлар деңгейі мөлшерімен қарасақ Абай жинағының жарық көргеніне бір ғасыр болды. Ендеше тұңғыш жинақ оқырман қауым назарына ұсынылғаннан бері ұлы ақын мұрасын, оның дара болмысын, азаматтық келбетін, мол әдеби мұрасын тану, таныту дәрежеміз қандайлық деңгейде, не істелінді, алдағы уақыттардағы міндетіміз қандай деген сұрақтарға жауап іздеуіміз бүгінгі күн талабы деп есептейміз.
«Қазақтың бас ақыны — Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облысында Абайды білмейтін адам жоқ,- дей келе Ахмет Байтұрсынов,- Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысына естілмеуші еді»,- дейді. Ал, Міржақып Дулатов болса: «Не шара! Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде алтын әріппен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қазақтың көп жері білмей де қалды. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа тарап, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен бес жыл өткенде басылды»,— деген еді..
Зер сала қарасақ Алаш арыстарының айтқан сөздерінде үлкен мән жатыр. Абай есімінің кең қазақ сахарасына таралуына, ұлы ақын сөздерінің «көкірегі сезімді, тілі орамды» «үлгілі жас» пен сөз танырлық адамына жетуіне басты себеп болған — тұңғыш жинақ екендігі тағы да айқын. Әйтпесе: «Мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларынмыз сықылды біреу ғой деп жүрдім»,- деп басындағы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай көзі ашық Алаш азаматтары толық тани алмас қалар ма еді, дәл заманында Абай жинағы жарық көрмесе, ақын өлеңдері қолдарына тимесе.
«1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең»,- дейді Абай өлеңдерімен алғаш танысқан кездері туралы тағы да А.Байтұрсынұлы.
«1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі географический обществоның шығарған бір кітабында Ғалихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халін жазды, һәм кешікпей кітабы басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909 жылы Абайдың балалары, һәм інілерінің ризалығы, һәм Ғалиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бураганский баспасында басылып шықты. Бұл біздің қолымыздағы кітап сол бірінші басылым»,- деген еді Міржақып Дулатов.
Міне ұлылар мен алыптар үндестігі! Бас баяндамада ұстазым Арап Сләмұлы айтып өткендей Әлихан Бөкейхановтың зор ықпал әсерімен, Мүрсейіт Бікеұлының маржандай әдемі жазуымен көшіріліп, Турағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен жарық көрген тұңғыш жинақ туралы пікір айтқан Ахмет, Міржақыптардың Абаймен тағы да бір рухани үндестігі, ортақ сабақтастық — олардың шығармаларының қалың көпшілікке бір жылда таралуы еді. 1909 жылы, яғни бұдан жүз жыл бұрын Абай жинағы жарық көрген кезде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» Санкт-Петербургте, М.Дулатовтың «Оян қазағы» Уфа қаласында баспадан жеке-жеке басылып шыққан еді.
Бұл халқымыздың рухани өміріндегі, мәдени тарихындағы, әдебиет айдынындағы ерекше бір бағалы оқиға екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Қазіргі заманда Абай ұлылығын, хакімдігі мен кемеңгерлігін барша адамзат танып білген шақта, оның 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағының қазақ халқы мәдениетінің тарихындағы сарқылмас ғажайып бастау бұлағы болғандығын терең де айқын сезінеміз.
Абай жинағының жарық көруіне қалтқысыз қамқорлық жасаған үлкен экономист — ғалым, әдебиетші-тарихшы, жалынды публицист, шебер аудармашы, алаш арысы Әлихан Бөкейханов басты назарын қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арнаған. 1903 жылы Петербургта белгілі ғалым Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің редакциясымен жарық көріп келе жатқан «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көп томды еңбектің 18 томы «Киргизский край» деген атаумен қазақ тарихына арналып шығады. Міне осы кітаптың «Население» деп аталған екінші бөлімін Әлихан Бөкейханов жазуға қатысқан. Онда қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, өткен тарихы мен танымы, мәдениеті туралы, мол ауыз әдебиеті жауһарларын, жекелеген ақындарды айта келе Абайға айрықша тоқталады. Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы ретінде бағалайды. Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам — Әлихан Бөкейханов»
«Семипалатинский областные ведомости» газетінің 1904 жылғы 8 санында өткен жылғы, яғни 1903 жылғы Семей облысының статистика комитетінің атқарған істері туралы есебі жарияланған. Міне, осы есепте Комитеттің толық мүшелерінің ішінде Абай мен Әлиханның есімдері қатар аталады. Сонымен қатар 1914 жылы Михаэлис қайтыс болғандағы қазанамада «Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше «менің көзімді ашқан, маған жаны ашырлық қылған Михаэлис еді» деп айтып отыратын еді»,-деуі Абай мен Әлиханның жақын таныс болғандығының айқын дәлелі.
Бұл сабақтастықтың тамырын бұдан ерте жылдардан іздесек, 1889 жылы «Дала уалаятының газетінде» шыққан мақаласында: «…Қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар. Кім білмейді: қазақтың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды… Құнанбайды һәм хайриларын Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөн бар ма!?»,- дейді. Бұл ретте газет редакциясы Абайды жазарда әкесінің есімін келтіріп жібергені айқын.
Қайым Мұхамедханұлы Бөкейхановтың Абаймен, оның Тұрағұл, Кәкітай, Шәкәрім сияқты туыстарымен, Көкбай, Мұқа сынды шәкірттерімен таныстығын 1899 жылы оның Щербина экспедициясының бір мүшесі болып қазақ даласын зерттеуге шыққан кезінен бастайды.
Олардың таныстығы нақты қай жылдан басталғаны, неше рет кездескені анық болмаса да Әлиханның Абайды сүйіп оқығандығы айқын. Ол Абай өлеңдерін аузынан тастамай айтып, көптеген әдеби зерттеулерінде ақын сөздерін мысалға алып отыратын болған.
Ұлы ақын дүниеден озған соң «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген айдармен 1905 жылы «Семипалатинский листок», 1906 жылы «Семипалатинские областные ведомости» газеттерінде және 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела императорского русского географического Общества» атты кітапта да Абай туралы берген алғашқы құнды мәліметтері қанша уақыт өтсе де өз ғылыми мәнін еш жойған жоқ.
Ә.Бөкейхановтың басты арманы — Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасына тарату еді. «1906 жылдың 9 қаңтарында жазықсыздан-жазықсыз тұтқындап, Павлодар түрмесіне жапқан кезде, Әлиханның портфелінен Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздерінің қолжазбасы табылған. Абақтыға жабығаннан кейін, келесі күні жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құны 5000 сом болғандығын және оны сақтауға шаралар жасауын өтінген»,- дейді Сұлтанхан Аққұлыұлы.
Қорытындылай келе, Әлихан Бөкейханов — қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұңғыш абайтанушы десек еш артық айтқандық емес.
www.ult.kz