Қытайда қазақ ақыны Абай туралы 3D форматындағы 104 сериялы анимациялық фильм түсіруге кірісті. Фильм иесі «туынды қазақ мәдениетін түсінуге сеп боларын» айтады.
Қытайдың Үрімжі қаласындағы қазақ кәсіпкері Ғұсман Қажытай басқаратын «Абай жолы» анимациялық компаниясы «Абайдың балалық шағы» атты көпсериялы анимациялық фильм түсіріп жатыр. 1979 жылы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Тарбағатай аймағы Толы ауданында туған, мамандығы экономист Ғұсман Қажытай Азаттық сайтына берген сұхбатында қазақтың классик ақыны туралы мультфильм түсіру себебін түсіндірді.
– Көпсериялы мультфильмнің басты кейіпкері ретінде Абайды таңдауға не себеп болды?
– Қазақстанда «Алдар көсе», «Қаңбақ шал», «Қошқар мен теке» секілді мультфильмдер шықты ғой. Бірақ Қазақстанда түсірілген мультфильмдердің Қытайда көрсетілмейтіні белгілі. Балаларға арналған мультфильмдер Қытайда да бар, алайда олар біздің ұлттық қасиетімізді нақты бейнелей алмайды. Қазір бала түгілі кейбір жас қыз-жігіттердің өзі қазаққа тән ұлттық бояудан айрылып бара жатыр. Қазақ тілінде жақсы кітаптар шыққанымен, оны оқи қоятын бала да, жастар да аз. Сол себепті Абайды телеарна арқылы көрерменге, балаларға ұсынсақ, болашақта олар да қазақтың мәдениетін, әдебиетін түсініп өсер деген оймен қолға алдық.
– Бұл анимациялық фильмнің қанша сериясын түсіріп біттіңіздер?
– Жұмысты 2014 жылдың басында қолға алғанбыз. Бұл мультфильм 104 сериядан тұрады. Әзірге 2-сериясын аяқтап қалдық. Бастапқы сериялары 13 минуттан, үгіт, таныстыру ретінде болады. Ары қарай толыққанды жұмыс етіп шығарамыз.
Үш жыл көлемінде түсіріп бітіруге тиіспіз. Алғашында жоспарлау, образдарды тұрақтандыру, тиісті мекемелерге бекіттіру секілді даярлық жұмыстары біраз қолбайлау болып қалды. Бұл жұмысымыз сәтті болып, 50-60 сериясын телеарнадан көрсете алсақ, кейін толықметражды мультфильм ету ойымыз да бар.
– Көпсериялы мультфильм түсіру жұмысына кімдер көмектесті?
– Жеке компаниялар мен жекелеген азаматтардың қаржылай қолдауымен қолға алып жатырмыз. Басында біз үшін ең басты қиындықтың бірі осы қаржы мәселесі болатын. Қазір ол да бір ізге түсіп келеді. Бұл жұмыстың ұлттық бояуы, сценарийі жағынан «Қазақфильм» киностудиясы жақсы күш шығарып жатыр. Фильмнің сценарийін де «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істейтін азаматтардың бірі жазды. Аты-жөндерін әзірге өздері де атағысы келмей отыр, сондықтан мен де құпия ұстай тұрайын.
– Сұхбатыңызға рақмет.
«Абайдың балалық шағы» көпсериялы мультфильмінен үзінді:
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.
сурет: azattyq.org