- Негізгі бет
- Тұлға
- "Van Gogh Alive"...
"Van Gogh Alive" мультимедиялық көрмесі жастарды шақырады
Алматы қаласында "Van Gogh Alive", яғни "Ван Гог қайта оралды" деп аталатын мультимедиялық көрме өтуде. Бұл көрме биылғы мәдени іс-шаралардың ең маңыздысы саналады.
Көрмеде суретшінің шығармашылығы мен өміріне арналған 3 мың динамикалық сурет қойылған.
Шараның жаңалығы да сонда, суретшінің танымал туындылары қабырғаларда емес, мультимедиялық экрандар мен едендерде, дуалдар мен төбелерде динамикалық форматта көрсетілген. Экран композициясы көрермендерге картина әлеміне енуге мүмкіндік береді. Бұл формат суретшінің қайталанбас стилін байқатып, өзге бір ерекшеліктерімен әсер етеді.
Мультимедиялық жүйе суретшінің картиналарын 40 проэктор арқылы шағылыстырады, тіпті дыбыс зорайтқыш аппараттар арқылы сурет пен музыканы үйлесіммен көрсете алады. Аустралиядан әкелінген Sensory4 технологиясы түс, жарық және дыбыстың нағыз симфониясын үйлестіреді.
Көрмеге қойылған картиналардың көп бөлігі Ван Гогтың 1880 және 1890 жылдардағы жұмыстарын қамтиды. Ал автор өнерінің шыңы дәл осы жылдары Арле, Париж қаласында салған суреттері еді. Ван Гог осы кезеңде өзіндік стиль мен ерекшеліктерді түбегейлі меңгерген болатын. Оның өміріндегі кейінгі кездер - психикалық ауруға душар болып, ауруханада жатып салған жауһарлары да топтастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрмеге жастардың көптеп келгені жөн, себебі әлем мәдениетінде ерекше орны бар Ван Гогтың суреттерін тану әлемдік мәдениеттен білім алуына, талғам қалыптастыруына сеп болады. Dostyk Plaza сауда орталығында өтіп жатқан көрмеге зейнеткерлер мен 7 жасқа дейінгі балалар тегін кіреді. Ал студенттерге жеңілдіктер қарастырылған екен. Жалпы қонақтарға көрмеге кіру құны 2 мың теңге.
Ван Гог көрмесі 2007 жылдан бастап Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Америка елдерінде өткен. Көрмеге жалпы саны 1,5 миллион адам қатысыпты. Қазақстандағы көрмеге дейін Ван Гог шығармашылығы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұсынылған. Ал Алматы қаласында көрме 1 тамызда ашылған. Бұл көрме 1 қазанға дейін жалғасады.
Көрмеде суретшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мағлұмат алуға болады.
Айта кетейік, көрме ұйымдастырушылары "Селфи-байқау" ұйымдастыруда. Оған қатысу үшін facebook.com әлеуметтік желісіндегі көрме тобына қосылып, көрменің өтіп жатқан SPACE деп аталатын залында селфи жасау керек. Бұдан кейін әлеуметтік желіге жариялап, оған қызықты атау жазған соң #VanSelfieAlmaty хэштегін қою керек. 23 тамызда ұйымдастырушылар жеңіске жеткен үш жеңімпаздың есімдерін жариялап, SPACE галереясынан бағалы сыйлықтар алады. Байқауға сіз де қатысып, бағыңызды сынап көріңіз.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz
А. Құлтай