- Негізгі бет
- Тұлға
- "Didi" жолы: шағын...
"Didi" жолы: шағын кеңседен ірі компанияға дейін
"Didi Chuxing" ( 滴滴出行 , pinyin: Dīdī Chūxíng, Didi Kuaidi, 滴滴快的) – такси, автобус, жеке автомобильдерге тапсырыс беретін Қытайдағы қызмет түрі. Компанияның негізін қалаған – 35 жастағы Чэн Вэй. "Forbes" мәліметтеріне қарағанда, Азиядағы миллиардерлер тізімінде 333-ші орында. "Forbes Asia" журналының рейтингі бойынша 2016 жылдың үздік кәсіпкері.
Бұл 56 миллиард долларға бағаланған әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі. "Disruptor 50" рейтингінде төртінші орында, өз инвесторына ең көп табыс әкелген компаниялар тізімінде үшінші орынды иеленген. Салыстыру үшін айтар болсақ, алты құрлықтың 500-ден астам қаласында жұмыс істейтін "Uber" компаниясы 68 миллиард долларға бағаланады. Бұл Қытайдың 400 қаласында 450 миллионға жуық пайдаланушысы бар "Didi"-ден шамамен 12 миллиардқа қымбат, Вэйдің айтуынша, Қытайдағы такси жүргізушілердің 80 пайызы "Didi" жүйесін пайдаланады. Бұл компанияның монополияға айналуына себеп болды.
2000-2008 жылдар: тағдырға әсер еткен қателік
Чэн Вэй Қытайдың шығыс провинциясы Цзянсиде туған. Әкесі жергілікті шенеунік, анасы математика пәнінің мұғалімі. Вэйге бала кезінен-ақ математиканы игеру оңай болған. Бірақ жоғары оқу орнына тапсыру кезінде ол соңғы үш сұраққа жауап беруді ұмытып кеткен. Соның кесірінен жалпы ұпайы төмендеп, танымал оқу орнына емес, Пекин химия-технология университетіне түседі. Ақпарат технологиялары орнына бизнес-менеджменті мамандығын таңдауға мәжбүр болады.
Ол алғашқы жұмысына студент кезінен кіріскен. Сақтандыру компаниясындағы жұмысында бірде-бір көлік сата алмаған. Кейін бос орындар жәрмеңкесінде тіркелген Вей массаж залдарының бірінде жұмыс істеді.
2008-2012 жылдар: сатушыдан кәсіпкерлікке дейін
Оқуды бітіргенде Вэй 22 жаста еді. "Alibaba" компаниясының сату бөліміне 1500 юань (75 мың теңге) жалақы төлейтін жұмысқа орналасады. Чэн Вэй "Alibaba" және "Alipay" жүйесінде 8 жыл жұмыс істеді. Аталған компаниялар оған шеберлік пен тез шешім қабылдауды үйретті. 2011 жылы достарымен жеке кәсіп жөнінде жоспар құра бастады.
Вэй мейрамхана кәсібінде, дизайнерлік студияда, жеткізу қызметінде немесе білім саласында бизнес ашу туралы ойлайды. Ізденісте жүріп, Ұлыбританияның таксиге онлайн тапсырыс беретін "Hailo" компаниясы туралы естиді. Осы компанияның тәжірибелерін басшылыққа ала отырып, ұтымды тұстарын өз бизнесінде қолдануды көздейді.
2012 жылы досы Ванмен "Alibaba" компаниясынан кетіп, жеке кәсібін ашуға шешім қабылдайды. Бұл жолда Ван негізгі инвесторға айналды. Стартапты іске қосу үшін ол 800 мың юань (121 мың доллар) қаржы бөлді. Қазіргі күнде оның үлесі 1 миллиард доллар.
2012-2015 жылдар: 100 шаршы метр шағын кеңседен Қытайдағы ең ірі компанияға дейін
"Didi"-дің алғашқы жұмыс орны 100 шаршы метр көлеміндегі бөлме болды. Алғашында компания "DidiDache" (滴滴打车) деп аталған. Сөзбе-сөз аударғанда "Би-бип такси шақыру" деп аталады.
Старт кезінде жоба өзі секілді ондаған сервиспен бәсекелесуге тура келді. Бірақ әрқайсысының өз тәсілдері бар еді. Мысалы, әуежайдағы таксилер "Yaoyao Taxi" сервисіне тиісті болды. Енді бір компания тұтынушы назарын қымбат көліктерімен тартуға әрекет етті. Кейбір бәсекелестер жүргізушілерге тұтынушы тапсырысын қабылдайтын тегін смартфондар таратты. Ал "Didi" болса басқа жолды таңдады.
1. Компания назарын жеке такси жүргізушілеріне қаратты;
2. "Didi" жүргізушілер мен жолаушыларға арнап тегін мобильдік қосымша әзірледі;
Мобильді қосымшаны түрлі жолмен жарнамалай бастады. "Сарафан радиосы" да қолайлы болды: жүргізушілер "Didi" туралы қызықты әңгімелер айтты. "Uber" де Қытай нарығына енді қадам басып жатқанда, олардың деңгейі бірдей еді. Сол кезде "Didi" "Uber"-мен бәсекелес бола бастады.
"Didi" сервисі ақырындап танымал бола бастады. 2012 жылы Пекинді қар басып қалып, жолдарда кептеліс көбейді. Соның кесірінен адамдар жаппай онлайн такси қызметін пайдаланды. "Didi" компаниясында тапсырыстар саны бір күнде мыңнан асты. Вэй сол қарды бақытты оқиға деп есептейді. Оның айтуынша, егер сол қар бораны болмаса "Didi" бүгінгідей жетістіктерге жетпеген болар еді. Бірақ ол ұзаққа созылмады. "Alibaba" "Didi"-дің бәсекелесі болған "Kuaidi Dache"-ге инвестиция салуға шешім қабылдайды. Мұндай ірі компания көмегімен кез келген сервис бүкіл Қытайды "жаулап" алатындай күшке ие болатын. "Didi" Қытай гиганты "Tencent" көмегін пайдаланды.
2017-2018 жылдар: кеңею стратегиясы
Қазіргі таңда күніне 30 миллион адам "Didi" қызметіне жүгінеді. Мобильдік қосымшаға 450 миллион жолаушы мен 4 миллион жүргізуші тіркелген. 2028 жылы компания 10 миллион дана электрокөлік сатып алуды жоспарлап отыр. Ауданы 100 шаршы метрді құрайтын кеңсенің орнына қазір "Didi"-де 5 мың жұмысшы істейтін бес қабатты бірнеше ғимарат бар.