Қазақстандық бес жасар қыз отыз алтыншы рет өтіп отырған ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Би Конгресінде ел намысын қорғады.
Айта кетейік, аталған іс-шара барысында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, секциялар, шеберлік сыныптары, видео-презентациялар және қатысушылар арасында гала-концерт өтеді.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Би Конгресі бастауын 1987 жылдан алады. Жыл сайын әлемнің әртүрлі елінде өткізіліп, жиырма бестен асқан елдің еңбек сіңірген хореографтарын бір ортаға жинайды. Биылғы жылы Конгресті ұйымдастыру мәртебесі Санкт-Петербург қаласының еншісіне бұйырған екен. Борис Эйфманның би академиясында өтіп жатқан шараға жиырмадан астам елдің хореграфтары бақылау жасап отыр. Олардың әрбірінің ғылыми дәрежесі, білімі, айтары мен үйретері бар.
Жоғарыда атап өтілген Алматы қаласының тұрғыны бес жастағы Софи Манасян ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Би Конгресінде жоғары көрсеткішпен бірінші орынды иемденді. Бұнда 1000-нан астам адам көшбасшылық үшін таласқан болатын.
Ұйым президенті, профессор Алкис Рафтистің айтуынша, Софи Манасян жоба тарихындағы ең жас қатысушы және CID UNESCO (International dance council of UNESCO) ұйымының ең жас толыққанды мүшесі атанып отыр. Софи Еуропаның, Американың, Азияның ең таңдаулы деген шеберлерінің 30 сағаттық шеберлік сыныптарына қатысқан. Және байқауда "Аққу" атты қазақ биін билеп, көпшілікті тамсандырды. Гала-концертте халықтық би номинациясы бойынша бірінші орынды иемденді.
Конгреске жолдама алу үшін түрлі іріктеулер өткізіледі және кеңес мүшелерінің сындарына төтеп беру керек. Осындай кезеңдерден сүрінбей өткен бес жастағы Софи Қазақстанның Мәдениет Министрлігінің сенімін ақтады. Бұл туралы Санкт-Петербург телевидениесінде үздіксіз репортаждар берілу үстінде екен.
Енді Қазақстан алдағы съездерде, конгрестерде, байқауларда ел атын таныстыратын ЮНЕСКО-ның хореография саласындағы жаңа мүшесімен және Санкт-Петербургте өткен Бүкіләлемдік Би Конгресінің жеңімпазымен қалай мақтанса да жарасады.
Жарайсың, Софи! Жеңісті күндерің көп болсын!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:vk.com