2013 жылдың таңдаулы әйелдері

Көпшілікке кеңінен танымал Forbes Woman басылымы әйелдердің жылдық рейтингін жариялады. 2014 жыл толығымен орнығып алмас бұрын, біз де аталған көрсеткішті жариялауды жөн көріп отырмыз.

Тізімдегі әйелдер әртүрлі елдің және әртүрлі саланың адамдары. Олардың 2013 жылы жасаған әрекеттері ерекше құрметті талап етеді және тарих беттерінде қалады деп сенеміз.

Ангела Меркель


Елі: Германия

Қызметі: Германия канцлері 

Жасы: 59 

Отбасылық жағдайы: тұрмыста 

Ангела Меркель – Германия канцлері лауазымын иемденген тарихтағы тұңғыш әйел, еуроның тұрақтылығына тікелей жауапты Еуроодақтың "темір ханымы" үшінші рет сайлауда жеңіске жетіп, төрт жыл қатарынан әлемнің ең таңдаулы әйелдерінің көшін бастап келеді. Ол соңғы жылдары әділдік үшін аянбай күресіп жүр.

Мэри Барра


Елі: АҚШ

Қызметі: General Motors (автокөлік өндірумен айналысатын халықаралық деңгейдегі компания) компаниясының бас директоры  

Жасы: 51

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, екі баланың анасы

Соңғы жылдары GM қабырғасында драмалық оқиғалар жиі орын алатын болды. 2009 жылы дағдарысқа тап болып, жеңіп шыққан компания біраз нәрседен айырылып, АҚШ билігінің бақылауына өтті. Осы компанияның экономикалық жағдайына тәуелді болып жүрген Детройт қалашығы да 2013 жылы банкротқа ұшырағандықтарын жариялады. Осындай аласапыран заманда өмірінің 33 жылын GM компаниясына арнаған Мэри Барра басшылыққа келді. Ол сайлауға түскен басқа 3 ер адамды артқа тастаған. Мэри Барра – алпауыт автокөлік компаниясын басқарған әлемдегі тұңғыш әйел атанды.

Анджелина Джоли


Елі: АҚШ

Қызметі: актриса, режисер

Жасы: 38

Отбасылық жағдайы: тұрмыста емес, алты баланың анасы 

Әлемге танымал кино жұлдызы және алты баланың анасы Анджелина Джоли тұқым қуалайтын қатерлі ісік ауруының алдын алу үшін қос кеудесін алып тастағандығын ашық мойындады. Себебі, актрисаның анасы Маршелин Бертран 56 жасында осы аурудан қаза болған. Дәрігерлер Джолидан қатерлі ісікті таппағанымен, оның пайда болатындығына 87% сенімді болды. Анджелина осылайша өзін, отбасын, әсіресе, балаларын қауіпсіздендіру үшін ота жасауға келісті. Оның азаматтық некедегі күйеуі Брэд Питт бұл шешімге қолдау білдіріп, онымен бірге онкологиялық ауруларға шалдығушыларға арналған қайырымдылық шараларын жүргізді.

Джанет Йеллен

Елі: АҚШ

Қызметі: АҚШ-тағы ФСЖ-нің төрағасы (Федералдық сақтық жүйесі)

Жасы: 67

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, ұлы бар 

Йеллен ФСЖ-нің басшылығына төрт жыл бұрын таңдалған еді. Бірақ Джанет ханым жасына байланысты бас тартты (ол кезде 63 жаста болатын). 2013 жылдың қазан айында Барак Обама оның кандидатурасын тағы да ұсынды. Нәтижесінде 2014 жылдың қаңтар айынан бастап Джанет Йеллен аталған қызметке кірісіп, ФСЖ тарихындағы тұңғыш басшы әйел атанады. Ол 2009-2013 жылдары үш параметр бойынша (құнсыздану, жұмыссыздық, экономикалық өсім) үздік болжамшы ретінде көзге түсті. Джанеттің академиялық деңгейінің өзі өте әсерлі: ол Джеймс Тобин және Джозеф Стиглица сынды Нобель лауреаттарынан білім алып қана қоймай, экономикалық ғылым бойынша Нобель сыйлығын алған Джордж Акерлофқа тұрмысқа шыққан.

Кейт Миддлтон


Елі: Ұлыбритания

Қызметі: Уильям ханзаданың жары

Жасы: 31

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, ұлы бар 

Кейт Миддлтон 2013 жылдың маусым айында Ұлыбританияның және басқа да он бес тәуелсіз мемлекеттің тақ мұрагерін (Джордж Александр Луи) дүниеге әкелгенде ауырсынуды басатын дәріден (анестезия) бас тартқан. Сондай-ақ, жас ана сәбиге қамқорлық танытуды Уильям ханзадамен бірге мойнына алып, бала күтушісінен бас тартты. Оған қоса жас отбасының суреттері салынған тауарлар британдықтарға 380 млн $ пайда алып келеді деген болжам бар.

Елена Мизулина


Елі: Ресей

Қызметі: Мемлекеттік Думаның депутаты

Жасы: 59

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, екі баланың анасы

Мемлекеттік Думаның отбасы, әйел және бала мәселелерін қарайтын комитет басшысы Елена Мизулина биылғы жылы атышулы заң жобасымен көзге түсті. Оның гомосексуализмді насихаттауға тыйым салу туралы жобасы Ресейде ғана емес, батыс елдерінде талас тудырып, кең талқылауға алынды. Тіпті, америкалық саясаткерлер Сочидегі Олимпиадаға бойкот жасау туралы ұсыныстарын айта бастады. Сонымен, Мизулинаның арқасында Мемлекеттік Дума 2013 жылы бір жынысты отбасыларға ресейлік сәбилерді асырап алуға тыйым салу туралы заңды бекітті. Елена ханым мұнан басқа, ажырасу салығы, суррогатты аналармен күресу туралы жобалармен айналысып жүр.

Светлана Миронюк


Елі: Ресей

Қызметі: Ресейдің ақпараттық агенттігінің (РАА) соңғы бас редакторы

Жасы: 46

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, үш баланың анасы 

1941 жылы негізі қаланған Ресей ақпараттық агенттігінің тарап кетуі миллиондаған көрермендер мен қызметкерлердің, тіпті, басшысының өзіне күтпеген жағдай болды. Қоштасу кешінде Миронюк 72 жылдық тарихтың дәл өз басқаруы кезінде аяқталғандығына қатты өкінетіндігін айтып, көз жасын төккен екен. Ол ақпараттық агенттік басшылығында 10 жыл отырды (әлем тарихындағы рекордтық көрсеткіш). Осы уақытта агенттік ең үздік бұқаралық ақпарат құралы дәрежесіне жеті. Соңғы жылдары үкімет Миронюктің агенттігіне 1 млрд $ қаржы жұмсаған екен.

Людмила Путина


Елі: Ресей

Қызметі: бұрынғы бас ханым

Жасы: 56

Отбасылық жағдайы: ажырасқан, екі баланың анасы

2013 жылы Владимир және Людмила Путиндер 30 жылдық мерейтойларын атап өту керек болатын. Алайда, олар ажырасатындықтарын жариялады. Людмила ханым тілшілерге берген сұхбатында: "Біздің некеміздің бұзылуына бір-бірімізді мүлде көрмейтіндігіміз себеп болып отыр. Владимир толығымен жұмысқа берілген. Ал балаларымыз өсті. Әрбірі өз өмірін сүріп жатыр, аяққа тұрды. Қысқасы, отбасымыздың әрбір мүшесінің өзіндік өмірі қалыптасты. Және мен көпшілікті мүлде ұнатпаймын. Ары-бері ұшып жүру қиынға соғады. Оған қоса бір-бірімізді көрмейтіндігіміз бар", - деген екен. Ал ерлі-зайыптылардың мүлікті қалай бөлісетіндіктері туралы ештеңе айтылмай келеді.

Руслана Лыжичко

Елі: Украина

Қызметі: музыкант, жүргізуші, продюсер

Жасы: 40

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған

"Еуровидения – 2004" байқауының жеңімпазы, әнші Руслана 2013 жылдың ең басты оппозиционер ханымы ретінде танылды. Тайсалмас күрескерлігі және милицияның сағаттаған тергеуіне төтеп бергендігінің арқасында "Интеллектуалдық қаһармандығы үшін" орденіне ие болды. Керек десеңіз, Руслана өзін өртеп жіберуге бар екендігін мәлімдеген: "Мен сендерге ашық айтып тұрмын, өзгерістер болмаса, тура осы Майданда өзімді жағып жібере аламын". Руслана Украинаның Еуропаға ықпал етуге мүмкіндігі пайда болу үшін әрекет етіп отырған биліктің қызметтен кетуін ашық талап етумен болды.

Міне, тізім дәл осындай... Ал сіз тағы қандай нәзік жандыларды үздік деп атар едіңіз?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: forbes.ru