2012 жылдың ең бай әншісі - Бритни Спирс

Поп-әнші Бритни Спирс Forbes журналының нұсқасы бойынша 2012 жылдың ең бай әйел әншісі атанды.

Басылымның ақпаратына жүгінсек, бір жылдың ішінде әнші 58 миллион доллар пайда тапқан екен. Бритни бұл пайдаларды альбомдарының сатылымынан, парфюмерия бұйымдарының жарнамасынан және де "The X Factor" таланттар шоуына қазылық жасап тапқан. Ол былтырғы жылы Forbes журналының тізімінде 10-сатыда орналасқан болатын.

Тізімнің екінші сатысына 57 миллон доллар пайдасымен Тейлор Свифт орналасқан. 22 жасар әнші пайдаларының басым көпшілігін "Red" атты альбомының сатылымынан және CoverGirl брендімен өткен концерттік шараларынан түсірген.


Үшінші орынға Рианна жайғасқан екен. Оның жылдық табысы 53 миллион доллар. Рианна бұл пайданы Vita Coco, Nivea және Reb’l Fleur компанияларының жарнамаларына түсу арқылы тапқан.

Былтыр бұл тізімнің көшін бастап тұрған Леди Гага биыл төртінші сатыға сырғып кетіпті. Оның биылғы пайдасы 52 миллион долларға тең келеді екен. Сонымен қатар бұл тізімге Бейонсе ($40 млн), Адель ($35 млн), Шаде ($33 млн), Мадонна ($30 млн) және Шакира ($20 млн) сынды әншілер енген.

Айта кетейік, Forbes журналы бұл тізімді шығарғанда әншілердің 2011 жылдың мамыр айы мен 2012 жылдың мамыр аралығындағы пайдаларын ғана есептеген. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: bestin.ua