15 сәуір – Шөмішбай Сариевтің туған күні

1946 жылы дәл осы күні қазақ жұртына әрі сазгер, әрі зерттеуші, әрі ақын ретінде таныс Сариев Шөмішбай өмірге келді. Бүгіндері қазақ эстрадасының көгінде оның әніне жазылған туындылар қанат қағып, самғап ұшуда. Оның жүрегін тербеп, шабыт боп шалқып шыққан ән бүгін біздің әлемімізді әлдилеп тұр. Шөмішбай аға киелі Сыр елінің тумасы. Қорқыттан дарыған дарын өнер адамына тыныштық берсін бе? 

Бүгін біздің санамызда сақталып, әуен болып қалықтап жүрген әндердің көбінің авторы атанған ақын-сазгер қазақ эстрадасына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосуда. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмәмдаған ақын 1970-1974 жылдары "Қазақстан" баспасында редактор, "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.

Оны зерттеуші деп тегін айтқан жоқпыз. Шөмішбай Сариев "20 ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы" атты монография авторы.

"Ғашықтар жыры", "Боз-жорға" атты авторлық бейнетаспасы жарық көрген тұлғаның алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрді. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. Шөмішбай Сариев "Сәлем саған, туған ел", "Домбыра", "Қарағым-ай", "Сарыарқа", "Аралдан ұшқан аққулар", "Атамекен-ай", "Аққу-сенім", "Жер Ана", "Ән жүрегім туған ел", "Үкілі домбыра", "Дос керек", "Бозжорға" атты бірнеше ән-өлеңдердің авторы. Оның 1992 жылы "Сүйінші" деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ болып басылған. Шөмішбай аға 2003 жылы Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Ал 2004 жылы "Тарлан" сыйлығының иегері болды. 

Қазақ әуенінің ғұмыры үшін терін аямай жүрген ағамызды бүгінгі тойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет:izvestia.kz